7 мамыр күні Елордада әскери парад өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 мамыр күні Елордада әскери парад өтті

10.05.2015
7 мамыр күні Елордада әскери парад өтті

Жарау атқа мініп алып, жалаң қылышпен жауға шабатын шақ емес қазір, бүгінгі уақыт сарбаздан алдымен бес қарудың бүтіндігін сұрайды. Өйткені, әскери әлеуеті мықты ел ешкімнің алдында еңкеймейді, тізерлемейді.

7 мамыр күні Елордада әскери парад өтті. «Парад – армиямыздың қуатын, биік жауынгерлік руһын және дайындығын көрсетудің тағы бір мүмкіндігі»-, деді осы шараға арнайы қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Әскери қуатты көрсететін мықты шараға  Ішкі істер, Ұлттық Қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметкерлері сондай-ақ, әскери техника мен авиация қатысты.

Астананың орталық алаңына ағылған жұртта қисап жоқ. Өйткені, бұл парад өткен мен бүгінді бір сәтте көз алдыңнан тізіп өткізген тарихы мен тағылымға толы парад.

Еліміздің Қарулы Күштерінің тарихында ең көп әскер мен әскери техника тартылған ерекше парад. Алдымен, ресми рапорттар берілді. Президент бұл күннің мәні мен маңыздылығына тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ең басты құндылықтарымызды мәңгілік сақтауымыз керек. Тәуелсіздік, Бейбітшілік және қоғамдағы Тұрақтылық. Барлық мемлекеттік институт пен әрбір қазақстандықтың парызы осы құндылықтарды қорғауда болуы тиіс.

Оны қорғаушылардың бірінші қатарында біздің даңқты Қарулы Күштеріміз тұр. Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде мен еліміздің әрбір әскери қызметкеріне үндеу жасаймын. Сіздерге жоғары миссия жүктеледі. Ол Қазақстанның Тәуелсіздігін және біздің азаматтарымыздың тыныштығын қорғау. 

Лек алдында қос байрақты асқақтата көтерген топ келеді. Бірі – Тәуелсіз елдің Көк Туы болса, бірі – Жеңіс туы! Осыдан 70 жыл бұрын Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгер досы Григорий Булатов Рейхстагқа тіккен тудың көшірмесі.

Аға буын үшін бұл нышан Жеңістің символы, ал жаңа буын үшін аға буын ерлігінің ескерткіші. Парадқа шақырылған қонақтардың ең қадірлісі де осы соғыс және еңбек ардагерлері.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың жерлестеріміздің тең жартысы соғыста ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес одағының батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысында жұмылып, Жеңіске өз еңбегін сіңірді.

Әскери парадты генерал-лейтанант Мұрат Майкеев бастап, Сағадат  Нұрмағамбетов  атындағы «Жас Ұлан» мектебінің барабаншылар ротасы қостады. Жас әскерилердің ізін ала алаңда сұрапыл соғыс жылдарында жауынгерлер киген формамен үш топ сап түзеп өтті.

Бұл көрініс парадты тамашалап отырған  Шағила Құсановаға ұрыс даласында қалған жас кезін елестетті. Қазір 94 жастағы ардагер Қырым майданынан бастап, Курск шайқасы, Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысқан.

Қазақтың қаршадай қызы 70 жыл бұрынғы қанды қырғында радио-байланысшы болып, Жеңіске жетуге үлес қосты. Көз алдынан өткен қару-жарақ, сол кездегі киімдер қарт майдангердің көзіне жас үйірді.

Шағила Құсанова, соғыс ардагері, Астана қаласының тұрғыны:

«Катюшаны» мен шыққан күннен жақсы көремін. «Катюшаның» орны ерекше ғой. Жойып жіберетін бәрін. Бәрі жақсы болды. Ұйымдастырған балалар жақсы балалар екен. Еліне, жеріне берілген нағыз патриоттар. Мың да бір рахмет.

Одан әрі салтанатты сапты Қорғаныс офицерлері, Құрлық  әскерінің парадтық- топтары, Әуе күштері, Әскери теңіз күштерінің сарбаздары жалғастырды. Бір айдан астам дайындалған парадқа 75 ұшақ пен тікұшақ, 24 шеру тобы, жалпы жиыны бес мың әскери қызметші қатысты. Бұл ауқымды шара тікелей эфир арқылы еліміздің барлық өңіріне тарады.

Әскери шеруді Маңғыстаудағы теңізшілер теледидардан көрді. Шекара қызметі «Жағалау күзеті» өңірлік басқармасының залына лық толған Отан қорғаушылар еліміздің Қарулы Күштерінің шеберлігіне риза болды. Олардың өздері де  еліміздің теңіздегі шекарасын қырағы күзетіп, халқымыздың тыныштығын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді.

Еламан Жолтаев, әскери теңізші:

Парадта көргендей, Қазақстанның әскери күші мығым, бәрі бар. Жаяу әскері, танкі, Әуе қорғаныс күштері. Біз Әскери теңіз күштеріміз. Мықты, айбынды, руһты. Әскерге келгенде Отанға қажет екеніңді сезіну қандай ғанибет! Ел сенген, халық үміт артқан, талайлар тағдырын сеніп тапсырғанда кеудеңді жігер кернейді

Бұл кезде парадта сап түезеген сарбаздар легі аяқталып, алаңға әскери көліктер колоннасы шықты. Парадқа 200-дей қару-жарақ пен әскери техника қатыстырылды. Алдыңғы  шепте ауыр танктер, танкіге сүйеу болатын оқ өткізбейтін көліктер, шынжыр табанды жауынгерлік машиналар.

Армиялық авиация да аянып қалған жоқ. Ұшқыш-мергендер көкке МИ-17, МИ -8, Су-25, Су-27, Миг-29 ұшақтарын, тікұшақтарын кезек-кезек көтерді. Аспанда бірнеше ұшақ тізбектесе күрделі жаттығуларды орындады. Ұшқыштардың  шеруге   арнайы тартуы «Бәйтерек» деп аталатын отшашуы аралас маневр.

Әуедегі шоу әскери шерудің шарықтау шегі болды. Әрине, тыңғылықты дайындық пен жауапкершілік әр жауынгерде бар. Осыған дейінгі жаттығулар  барысында да әр қимыл, әр қозғалыс минутпен, секундпен өлшенді.

Салтанатты шеруде 75 заманауи авиациялық техника шоу көрсетіп, соңғы үлгідегі, жылдам қозғалатын  ЕС-145 маркалы тікұшақтар мен зениттік зымырандар сондай-ақ, тұңғыш рет СУ-30 жауынгерлік ұшақтары әуеде самғады. Аспанда түрлі маневр жасаған техниканың ішінде Айбек Ержанов та бар. Бірнеше күн бұрын бізге толқып сұхбат берген.

Айбек Ержанов, экипаж командирі:

Әрине, оңай емес. Транспорт қателікті кешірмейді. Сол үшін бізге қауіпсіздік шаралары маңызды. Мен парадқа қатысатыныма қуаныштымын. Барлығы ойдағыдай болса екен, деймін.

Айбек сияқты азаматтар шын мәнінде әскери шоу көрсетті. Жердегі жұрт аспаннан көз алмай қарады. Қараған сайын демдерін ішіне тартты. Ал, авиацияның ардагерлерге және қазақстандықтарға сыйы - Жеңістің мерейтойын білдіретін 70 санын   ұшқыштар әуеде бейнелеуі еді.

Қазақ армиясының қуатын бақылаған сырт көздердің ішінде - шетел елшіліктерінің әскери атташелері де бар. Олардың пікірінше, парад қазақ сарбазының бес қаруы сай, ал ұландары Отанын қорғауға қашанда  дайын екендіктерін көрсетті.

Лионель Де Ланжерон, Қазақстандағы Франция Елшілігінің әскери атташесі:

Мен үшін әскери шеру үлкен әсер қалдырды. Дайындық жоғары деңгейде. Әрине, мұндай шараның түр-түрін көргенмін. Бірақ, сіздердің ардагерлерді терең қастерлеп, айрықша құрметтеулеріңіз мақтануға тұрарлық.

Отандастарыңыз үшін мерекенің маңызы зор екені көрініп-ақ, тұр. Сондықтан, тағы бір мәрте барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын.

«Жау жоқ деме, жар астында». Тұтқиылдан тигенді тұқыртар күш бар біздің әскерде. Оны дәлелдеді сарбаздар. Жауынгерлер қазақ армиясының қауқарын халыққа көрсетті. Ұлттың руһын оятып, ертеңге деген сенімін нығайтты бұл шеру.

Бір байқағанымыз, халықтың да әскерилерге деген құрметі артқан. Күннің ыстығы мен жол қозғалысының шектелгеніне қарамастан, парадты көруге асыққандар толастамады.

Тіпті, шеру аяқталған соң да халық кетуге асыққан жоқ. Жаңа ғана жауынгерлер мен техника жүріп өткен жермен кішкентай сарбаз Аңсар келеді. Парадқа ерекше дайындалған бала бастан аяқ әскери киім киіпті.

Азамат Мұхамединов, Астана қаласының тұрғыны:

Мейрам болған соң киіндірдік. Болашақта Отан алдындағы борышын өтесін деп, ел қатарлы Отанға қызмет етсін деген үмітпен.

Елдің ертеңі, қазақтың байрағын көтерер ұлдары, ұландары осылар. Ал мұндай әскери парад тек бейбіт күнде бейбітсүйгіш халықтың сүйсініп көріп, мақтана айтып жүретін мерекелік шеруі болып қала берсін. Ел тілегі осы.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу