Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді

10.05.2015
Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді

Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Қытайлық әріптесін Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде қарсы алды.

Тиісті жөн-жоралғылардан кейін қос ел президенттері екіжақты келіссөздер өткізді. Айта кету керек, Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаев қайта Президент болып сайланғаннан кейін Қазақстанға келген бірінші мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі ел арасындағы ынтымақтастықты ары қарай дамытуға арналған алғышарттардың бар екеніне сенімдімін. Ол туралы біз айтып жүрміз. Бізде ортақ жоспарлар мен нақты көзделген жұмыстар бар.

Олар Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты жаңа кезеңге шығарады. Мұның барлығы Сіздің жеке қолдауыңыздың және Қытай басшылығының арқасында жүзеге асып отыр. Сол үшін де Сізге алғыс білдіремін.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының Төрағасы:

Біріншіден Қытай үкіметі мен халқының атынан және өз атымнан Сізді президенттікке қайта сайлануыңызбен тағы да құттықтаймын. Менің бұл сапарым Сізді құттықтауға деген зор ықыласымды білдіреді.

Сіздің басшылығыңызбен қазақ халқының бірлігі артып, мемлекеттілік пен ұлттық жаңғыруда жаңа жетістіктерге жететініне сенімдімін.

Осы аптада Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Shell» концернінің атқарушы бас директоры Бен ван Берденді қабылдады. Кездесуде компанияның Қазақстандағы жұмысы және еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға қатысуы мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы ел экономикасындағы ірі инвестордың бірі «Shell-дің» «Қашаған» кенішін игеру жобасында маңызды рөл атқаратынын айтты. Сонымен қатар, Елбасы Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозуды да қабылдады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Баррозуға алғыс айтып, мейманның кеудесіне II дәрежелі «Достық» орденін тақты.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу