Сағадат Нұрмағамбетов – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сағадат Нұрмағамбетов – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі

03.05.2015
Сағадат Нұрмағамбетов – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі

«Аptа.kz» әр шығарылымда ардагер-майдангерлердің ескірмес естеліктері мен үзік сырларын үзбей беріп келеді. Бүгін біз мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын  қорғайтын  Қазақстан Қарулы Күштерінің қалыптасуына  ерекше еңбек  сіңірген  тұлға туралы сөз тиегін ағытамыз.

Ол – соғыс көрген,  өмірінің 54 жылын әскерде өткізген қазақтың қаһарман ұлы Сағадат Нұрмағамбетов. Тегінде тұлғаға деген  құрмет  халықтың ықыласымен өлшенуі керек.

Көзбен көрген көріністі айтайық: былтыр «Қазақстан» телерадиокорпорациясы әскери әндер байқауын өткізді. «Сағадат»  әні шырқалғанда  бүкіл зал төрт мың адам тік тұрып тыңдап, құрмет көрсетті. Әдетте, елдің Әнұраны ойналғанда ғана  болатын мұндай көріністі халықтың шынайы құрметі деп ұғындық.

Сардар Сағадат Нұрмағамбетов.  Тәуелсіз Қазақ Елінің  тұңғыш Қорғаныс министрі. Азат елдің қаһарман деген айрықша атағын алғаш алған даңқты әскери қолбасшы.

Соғыс, әскер тарихын зерттеген жан Сағадат Нұрмағамбетов есімін айналып өте алмасы анық. 19 жасында Кеңес одағының батыры атағына ие болған, кейін бар ғұмырын Тәуелсіз елдің әскерін жасақтауға арнаған тұлға.

Мемлекеттің қорғанысын қамтамасыз етпей, Тәуелсіздікті баянды етемін деу қиын. Сондықтан, мемлекет қорғанысы ел дамуының стратегиялық бағдарламасында басым бағыттың басында тұрады.

Кез келген мемлекеттің арқасүйер айбары – әскері болары анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдауы Сағадат Нұрмағамбетовке түсті.  Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі етіп тағайындады.

Сағадат Нұрмағамбетов, Халық қаһарманы:

Мұның барлығы Президенттің инициативасы. Қиын кезеңде құрылған еді. Егемендік алған жылдары жағдай қиын болды. Сол жылдары осынша жерді, байлықты  ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Мен бірқатар шет мемлекетте болдым. Біздің елдің байлығы әлемнің ешбір елінде жоқ.

«Батырлы ел – бақытты ел», деген Әзілхан Нұршайықов. «Өзі алда болмағанның «Алға» деп ұран тастауға қақысы жоқ», деген әскери нақыл бар. Сағадат аға әрқашан алда болды.

Соғыста, әскери қызметте де алғы шепте, бейбіт өмірде де солай.  Атақ-даңқы жетіп артылса да, соншалықты қарапайым болыпты. Әскери адам бола тұра, қатал емес, қамқор болған. Сардар Сағадатқа тән қасиет.

Махмұт Нәлібаев, С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың төрағасы:

Сағадат ағамызбен 7-8 жыл бірге жүрдік. Өзіміздің жасап жатқан әлеуметтік, экономикалық іс-шараларымыздың, елдің түкпір-түкпірінде ашылып жатқан жобаларымыздың басы-қасында жүрді. Ол кісі - елді сүю, Отанды сүю, қарапайымдылық, патриоттылықтың нағыз эталоны еді. Ол кісінің отансүйгіштігі, елсүйгіштігі ерекше еді.

Батырдың 90 жылдығы мен Жеңістің 70 жылдығына орай Сағадат Нұрмағамбетов атындағы қор «Ұлт мақтанышы» атты көлемді кітап шығарды. Елдікті, ерлікті дәріптейтін құнды еңбек. Осы жинақта Сағадат ағаның ой-толғамдары жарияланған. Батыр көзбен көргенін сөзбен өріпті.

«Мен 54 жыл армияда болдым. 54 жыл дегеннің не екенін білесіз бе?!  Соғыста, одан кейін күні-түні  әскермен бірге далада жүрдім. Армияда достық сезімі күшті болады. Соғыс кезінде окопта, оқтың астында тұрғанда сенің қасыңда досыңнан басқа ешкім болмайды, соған арқа сүйейсің».                                         

«Әскерде әділеттілік болуы керек, бөліну дейтін сұмдық болмауы керек. Ауылдан келген жап-жас балаларға жекіріп, ұрысып сөйлеу - ең үлкен кемшілік әрі мәдениетсіздік. Армия қазір қазақ тіліне көшуде. Командирлер мемлекеттік тілді жетік біліп, әскерді қазақша сөйлетуі керек!»                                                                   

«Егемендіктің алғашқы жылдарында біздің әскери училищеге сол кездегі подполковник Абай Тасболатовты бастық етіп тағайындадым. Оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын аласың»,-деп  міндет жүктедім. Қазір онда 95 пайыз қазақ жігіттері оқиды». 

Абай Тасболатов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

1992-1993 жылдары ел үшін қиын кезең болатын. Себебі, қаражат та жоқ, жағармай да, жарық та жоқ. Бірақ, осындай қиын кезеңде де әскери оқу-жаттығу жұмыстары тоқтаған жоқ. Сағадат Нұрмағамбетов өзі басында жүрді. Ол кезде ол кісі 68 жаста еді. Қару мен техниканың, кадрдың шашырамай қалғаны осы ағамыздың арқасында.

2011 жылы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қор құрылып, батырдың батасын алған болатын. Ұлтжанды азамат Махмұт Нәлібаев бастаған қор мүшелері батырдың атын ардақтауда, ерлігін елге үлгі етуде үлкен істер атқарып келеді. Алматыда Халық қаһарманының мұражайы  ашылды. Батыр туралы  бірнеше өмірбаяндық, естелік кітап жарыққа шықты.

Махмұт Нәлібаев, С.Нұрмағамбетов атындағы халықаралық қордың төрағасы:

Қолымыздағы бар материалдарды  мұражайға әкеліп қойып жатырмыз.  Өзінің жазған кітаптары бар, көзі тірі кезінде атқарылған шаруалар, қайтыс болғаннан кейін жасалған игілікті істері жөніндегі фотоальбом кітаптары бар. «Ұлт мақтанышы Сағадат Нұрмағамбетов» деген кітап, басқа да 90 жылдығына арналған төсбелгілері, медальдарының барлығы осы мұражайда сақтаулы.

Астанада Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» мектебі бар. Батыр өмірден өткеннен кейін Алматыда ескерткішін орнату туралы да мәселе көтерілген болатын. Халқы барда, алысқа кеткен даңқы барда  қаһарманға қатысты бұл істе оң шешімін табар.

«Көргенде Сағадатты алғашқы рет, Ақ сұңқар осы нағыз батыр деп ек»,-деп Кәкімбек Салықов жырға қосқандай батырдың бейнесі жылдар жылжыған сайын асқақтай түсері анық. Ағаның аяулы есімі әнге де айналып кетті... 

Әлімжан САБЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу