Халықаралық ақпарат құралдарында сайлау туралы не жазылып, не айтылды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықаралық ақпарат құралдарында сайлау туралы не жазылып, не айтылды?

03.05.2015
Халықаралық ақпарат құралдарында сайлау туралы не жазылып, не айтылды?

Қазақстанда мерзімінен бұрын өткен Президенттік сайлау әлем баспасөзінің назарынан да тыс қалған жоқ. «Reuters», «The Associated Press», «France-Presse», ТАСС, «Al Jazeera»...

Атай берсек, еліміздегі маңызды саяси оқиға туралы жер шарының миллиардтаған тұрғынына хабар жеткізген басылымдар мен агенттіктер, телекомпаниялар мен радиостанциялар аз емес.

Өткен жексенбіден бері халықаралық ақпарат құралдарында жарық көрген материалдарға шолу жасасақ, олардың тақырыбы әдеттегідей сан алуан. Табиғи апаттар, мұнай бағасы, саяси даулар, әскери жанжалдар, демонстрациялар...

Сағат сайын, минут сайын өзгеріп, жаңарып, әрі қарай өрбіп отырған оқиғалар туралы ақпараттар легінің арасында Қазақстан туралы хабар-ошарлар, мақалалар, репортаждар да аз болған жоқ.

Әлемдегі 5 ірі ақпарат агенттігінің бірі – «France-Presse» Президенттік сайлаудың алдын-ала нәтижесін жариялай отырып, Қазақстанды посткеңестік Орталық Азияның өркендеген мемлекеті, деп атады. Қытайдың «Xinhua» агенттігі де қазақстандықтардың жексенбі күні қандай таңдау жасағанынан оқырмандарын хабардар етіп отырды.

Ал, «Reuters» сайлау туралы  мақаласында Қазақстанның экономикалық-саяси жетістіктеріне де қысқаша тоқтала кеткен.

«...Назарбаев нарықтық реформа жүргізіп,  еліне  200 миллиард доллар шетел инвестициясын тартты. Соның нәтижесінде байтақ Қазақстан бұрынғы Кеңестер одағы аумағында екінші экономикаға айналып, постсоветтік республикалар арасында мұнай өндіруден Ресейден кейінгі орында тұр. Және де Қазақстан Мәскеумен ғана емес, Қытаймен, Құрама Штаттармен және Еуропа одағымен де жақсы байланыс орната білді...»

Түріктің «Анадолы агенттігі» жексенбі күні қазақстандықтардың жоғары белсенділігін  хабарласа, сол түні «Интерфакс»  Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап, Нұрсұлтан Назарбаевты жеңімпаз деп атады. Түріктің «Sabah» газеті де шет қалған жоқ.

Ол Қазақстанда сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге әлемге төнген экономикалық дағдарыс пен халықаралық аренадағы белгісіздік себеп болды, деп жазады. Ал, Британияның «The Guardian» басылымы сайлаудан кейінгі мереке мен кейбір азаматтардың не үшін дауыс бергенін аудиториясына түсіндіруге тырысқан.

«...Н.Назарбаевтың жеңісін ел аумағындағы қалалар отшашумен, флэшмобтармен мерекеледі. Ал, жексенбі-дүйсенбі күндері дүниеге келген кейбір балаларға сайлаумен байланысты есім қойылды.  Жалпы кеше, Астана мен алып қала Алматыда ұзынсонар кезекте тұрған азаматтардан білгеніміз, олар дауыс беруге баруды – өздерінің азаматтық парызы деп санайды...»

Қазақстандағы дауыс беру туралы хабар-ошар  таратқан өзге де салмақты ақпарат құралдары бар. Американың «The New York Times», Қытайдың «South China Morning Рost», «Жэньминь Жибао» газеттерінде, «Неміс толқыны» радиосы  мен басқа да  басылымдардың беттерінде Қазақстан туралы жексенбі-дүйсенбі күндері талай ақпарат жарияланды. Қаржы-қаражат пен бизнес мәселелеріне қалам тартатын  «Financial Times» та біздегі сайлауды назардан тыс қалдырған жоқ.

Және де сол материалында британдық газет Қазақстанды дүниежүзінде уран өндіруден алып мемлекет деп атаған. Сонымен қатар,  басылым тілшісінің мәліметіне жүгінсек, біздің республика мұнай қоры жағынан жер шарында 12-ші орында тұр. 

Ал, түріктің «Заман» газеті сербиялық байқаушының сөзіне сілтеме жасай отырып, демократия тұрғысынан біздің елдің Еуропадан кем еместігін жазды:

«Қазақстандағы сайлаудың мерзімінен бұрын өту себебін түсіндіре отырып, Сербиядан келген байқаушы Драгомир Карич жергілікті халықтың сайлауға деген ықыласына соншалықты таң қалғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мұнда азаматтарға дауыс беру оңай болу үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, Карич мырза Қазақстанның демократия жағынан Еуропаның соңында қалмағанын да атап өтті».

Апта басында Қазақстан туралы хабар таратқан медиа-ұйымдар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Ресейдің әйгілі ТАСС, Американың «The Associated Press» агенттіктері, «BBC» телерадиокорпорациясы, француздың «Liberation», «Le Monde» газеттері, панарабиялық «әл-Жазира» телекомпаниясы...

Атай берсек, қазақстандықтардың Мемлекет басшысын сайлағанын оқырмандарына жеткізген ақпарат құралдарын сонау Латын Америкасынан да табуға болады. 

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу