Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы елдің Батыс өңіріндегі жұртшылықпен жүздесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы елдің Батыс өңіріндегі жұртшылықпен жүздесті

19.04.2015
Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық штабы елдің Батыс өңіріндегі жұртшылықпен жүздесті

Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабы осы аптада Орал, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай қалаларының жұртшылығымен жүздесті.

Назарбаевты қолдаушылар «Ұлт көшбасшысы біздің бірден-бір таңдауымыз», дейді. Олар ел келешегіне бей-жай қарамайтындар ойланбастан Елбасыға дауыс беретіндеріне сенімді.

Президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының  насихат шараларына кіріскеніне  үш аптаның жүзі болды.  Еліміздің орталығы мен шығысын, оңтүстігін  аралаған штаб мүшелері осы жолы Батысқа бет бұрды.

Орал қаласы. Елбасының үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасын  іске асыру бойынша  алдыңғы қатардағы  аймақтардың бірі.  Соңғы бес жылда  мұндағы өнеркәсіп өндірісі екі есеге  артып,  800 миллиардтан,   1 триллион 600 миллиард теңгені межелеген. 38 жаңа  зауыт іске қосылып, екі мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Ғадылжан Хайруллин, зауыт қызметкері:

Отанымызда әрбір адамның алаңсыз жұмыс жасап, еңбек етуіне толық мүмкіндік бар. Біз сол үшін де алдағы сайлауға ұйымшылдықпен қатысуымыз қажет. Біз Елбасымен біргеміз! 

 

Бұл – мұнайлы өлке Атыраудағы зәулім  ғимараттардың бірі. Мұнда жиналған халықтың бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдаушылар. Қойнауы қазынаға толы аймақ бүгінде әлеуметтік экономикалық даму тұрғысында көш бастап тұр. 

 

Қарқынды өндіріс, жоғары жалақы, ауқымды  инфрақұрылымды жобалар. Бұл жетістіктердің барлығы осы  өлкеге тиесілі. Алдағы күндердің жоспарында, жаңа газхимиялық кешенін іске қосып, мұнай өңдеу зауытын жаңғырту шаралары қарастырылған. Тек осы екі жобаға ғана Елбасының тапсырмасымен  бір жарым триллион теңге қаржы бөлінген.

Бақытгүл Хаменова, Каспий заманауи колледжінің директоры:

Біз бүгін ұлтымыздың киесіне, ардақтысына айналған Елбасымен мақтана алатын дәрежеге жеттік. Елбасымен мақтанғанымыз – елдігімізбен мақтанғанымыз. Мақтануға тұрарлық елдің де, ердің де бар екенін әлем біледі. Елдің аты – Қазақстан. Ердің аты – Нұрсұлтан. Елбасын қолдаймыз. Елбасымен біргеміз.

Маңғыстау өлкесінің бүгінгі жетістігі Ұлт көшбасшысының саясатының жемісі. Санаулы жылдар ішінде әлеуеті артқан аймақ жұрты, еліне еңбегі сіңген ерге қолдау танытуға қашанда дайын.  Маң даласы қара алтынға бай Маңғыстауда, көлік логистикасы да қарқын алып келеді.

Жаңа теміржол желісі, теңіз айлағы ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосуда. Елбасының жіті бақылауы нәтижесінде мұнда жүктерді өткізу  қабілеті  жылына   16 миллион тоннаға жетті. Мемлекет басшысы міндеттеген ендігі мақсат    бұл көрсеткішті  20 миллион тоннаға дейін арттыру.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, президенттікке кандидат Н.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының жетекшісі:

Елбасының дана саясатының арқасында, сара саясатының арқасында бүгінде Маңғыстау Қазақстанның ең дамыған өңіріне айналды. Ал, сол теңіз порты еліміздің мақтанышына айналды.

Маңғыстаудан дүниенің үш мұхитына жол ашылды. Осының барлығын жасаған біздің Елбасымыз. Ендеше маңғыстаулықтардың алдағы сайлауда Елбасын қолдап дауыс беретіндіктеріне кәміл сенемін.

Ақтөбеге ат басын бұрған  штаб мүшелері алдымен, өңірдегі жаңа зауыттың цехында болды. Рельс-Арқалық зауыты ТМД аумағында алғаш болып, 120 метрлік рельстер шығаратын  бірден-бір зауыт.

Бірер апта бұрын  өңірге жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та өндіріс барысымен танысып, енді шетелдік шикізатқа тәуелділік болмайтындығына жоғары баға берген болатын.

Индустриалды саясаттың тағы бір жемісі «ҚазХром»  ферроқорытпа зауыты. Алып зауытқа қазірдің өзінде қуаттылығы жағынан әлем бойынша  тең келер бірде бір кәсіпорын жоқ.  

Андрей Дронов, зауыт қызметкері:

Көрегенді Елбасымен бірге болашақтың тасын бірге қалаймыз. Менің таңдауым және металлург жастардың таңдауы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Қазақ елінің құт қамбасына айналып алтын дәнімен ерекшеленген Қостанай облысының халқы да Елбасыға дауыс береді. Аграрлы аймақ тау кен өндірісінен де кенде емес. Елдің қазына қазанын толықтырып отырған ірі кен өндіру өнеркәсіптері осы жерде шоғырланған.

Ал, соңғы кезде Қостанайда еліміз үшін жаңа сала автокөлік құрастыру ісі қолға алынды. «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар, күллі әлем мойындаған «Тоyота»  мен «Peugeot» көліктері осында шығарылады.

Қостанайлықтар мұнымен тоқмейілсімей, даму көрсеткіштерін одан әрі арттыруды көздейді. Сондықтан, барша қазақстандықтарды, кемел келешек үшін дауыс беруге шақырады.

Әлия Сапарова, Қостанай қаласының тұрғыны:

Біз егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз баянды, тірлігіміз тату, болашағымыз жарқын десек, 26 сәуір күні дауысымызды  Нұрсұлтан Назарбаевқа береміз.  

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу