Тосыннан келген көктемгі тасқын су алаңсыз жатқан жұртты әбден әбігерге салды. Оңай емес. Он шақты күннен асты, оңалары байқалмайды. Тек сәл сабыр керек. Жаңбыр араласқан көктемгі күн райы көбесі сөгілмей жатқан қарды күрт ерітті.
Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының бірқатар елді мекендерін су басты. Жағдайды өздеріңіз көріп отырсыздар. Су шайып, автокөлік жолдарын басып қалды. Тіпті, көпірлерге дейін ағын суға шыдас бермей, опырылып құлаған.
Тасқыннан көп зардап шеккен Қарағанды облысы. Осы аптада өңірге Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев пен Ішкі Істер Министрінің орынбасары В.Божко барып қайтты.
Арнайы топ үйлерін су шайған тұрғындармен кездесті. Сабырға шақырды. Қауіп сейілгенімен, қызылсудың екінші толқыны тағы болуы мүмкін. Сондықтан, халық та, тиісті мекемелер де тасқынға әзір отыр.
Мұстафин ауылындағы тасқын шайған үйлердің орнына жаңа баспана салынады. Тілсіз жаудан келген шығын алдағы уақытта есептелмек. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады.
Жалпы, Қарағанды облысында 15 мың адам апат аймағынан қауіпсіз жерге көшірілді. Өңірлердегі ахуалды Президент Нұрсұлтан Назарбаев та жіті бақылап отыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Облыс әкімдерімен үнемі байланыстамын. Қарағанды облысына 1 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі кезде су деңгейі төмендеп келеді. Бұл проблеманы шешеміз, алаңдаудың реті жоқ. Барлық тиісті шаралар қолға алынып жатыр.
Осы мәселені шешуде барлық күштер мен мүмкіндіктер бар. Наурыз айында 1,5 метр қалың қар түседі, деп ешкім күткен жоқ. Барлық өңірлерде жұмыс істеліп жатыр. Қатты алаңдап, дүрлігуге негіз жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, 23-29 наурыз аралығында Қарағанды облысының 4 ауданын тасқын су шайды. Апат екінші айналып апта басында тағы келді. Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, Қарағанды, Павлодар, Ақмола облыстары бойынша елуден астам елді мекенді су басып, 2417 үй су астында қалған.
Қар суы күрт еріп, осы облыстардағы кейбір тас жолдарды шайып кеткен. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ