Қазақстанға Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған келді

19.04.2015
Қазақстанға Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған келді

Бейсенбіде Қазақстанға Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған ат шалдырды. Былтыр тамыздан бастап, билік тізгінін ұстаған Ердоған өзі «ата-бабамның отаны» деп ағынан жарылған қазақ жеріне алғаш рет ресми сапармен келіп кетті. Әлбетте, бұған дейін саясаткердің Қазақстанға талай жолы түскен. Ол кезде Ердоған ел үкіметін басқарған еді.

Жас кезінен лимонад пен тоқаш сатып, еңбекке ерте араласқан Реджеп Тайып саяси жүйенің түрлі бұралаң-бұлтарыстарын бастан кешіп, әбден ысылған саясаткер. Түркиядағы ең беделді «Әділет және даму» партиясын құрды. 4 жыл Стамбулдың әкімі болды. 11 жыл Түркия Үкіметін биледі.

Ал, енді қазақ пен түріктің қарым-қатынасына келсек, марқұм Тұрғыт Өзалдың бір-ақ ауыз сөзі жетіп жатыр. Азаттықтың алғашқы жылдары Қазақстанға сапары кезінде біздің әріптестеріміз «Түркияда қанша қазақ бар?»,-деп сауал тастағанда, Тұрғыт Өзал тосылмастан, «мені қосқанда, Түркияда 60 миллионнан астам қазақ бар»,-деген екен.

Демек, Анадолы жұрты мен Алаш баласы бір атадан тараған туысқан, қарындас. Түбіміз – бір, тіл – ұқсас, дін – ортақ. Саяси тұрғыда да стратегиялық серіктеспіз, экономикалық жағынан алыс-берісі көп әріптеспіз.

24 жыл болды, Кіші Азия түбегіндегі Түркия мен Қазақстан арасында алыс-беріс тоқтаған емес. Қазір елімізде мың жарымнан аса түрік компаниясы тіркелген. Көбі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Екі ел арасындағы былтырғы тауар айналымы 3 миллиард долларға жеткен.

Бірақ, бұл көңіл марқайтатын көрсеткіш емес. Болашақта кемінде 10 миллиард долларға көтеру жоспарланған. Бір шоғыр министрлерін ерткен Ердоған не мақсатпен келіп кетті бізге?

Бауырлас Түркия мемлекетінің Президентін елге шақырған Елбасының өзі.   Реджеп Тайып Ердоған Президент лауазымында Қазақстанға тұңғыш мемлекеттік сапармен келіп отыр. Бұл  сапар қазақ-түрік қарым-қатынасының  жаңа парағын ашты десе болады.   

Алдымен, екі Президент оңаша отырып кеңесті.  Ауқымды тақырыптарды талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету жолдарын бірлесіп  қарады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздің басшылығыңызбен Түркия соңғы 12 жылда зор табыстарға жетті. Ол экономикалық көрсеткіштері жағынан әлемде 16-шы орында. Бұл – бүкіл халықтың еңбегі және сіздің күш-жігеріңіздің нәтижесі.

Сізбен бірге үлкен делегация келді, олар бүгін екіжақты бизнес форумға қатысады. Сіздің сапарыңыз біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенімдімін.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

Әлемдегі күрделі экономикалық ахуал жағдайында Қазақстан қарқынды дамып, елеулі табыстарға жетуде. Бұл бізді қуантады. 

Ақордада Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші  отырысы да өтті.  Бұл басқосу екіжақты ықпалдастықты  арттыруға бағытталған. 

Бауырлас екі ел бүгінде «Жаңа Синергия»  бірлескен экономикалық бағдарламасын  жүзеге асыруға ниетті.  Бағдарлама құрылыс, өндіріс, машина жасау, инфрақұрылым, химия екі елдің  барлық салалардағы  әріптестігін  мығымдауға жол ашады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Түркия ежелден Ұлы Жібек жолының бойында тіршілігі тоғысқан елдер. Түркия - инфрақұрылымы дамыған аса маңызды транзиттік  ел. Мен түрік бауырларымызды «Нұрлы жол» бағдарламасына және Қазақстанның инвестициялық бағдарламасына қатынасуға шақырамын.

Өткен жылы екі ел арасындағы алыс беріс ауқымы үш жарым миллирад долларды құрады.Елімізде  жұмыс  істейтін 1600-ден астам кәсіпорында түрік капиталының үлесі бар. Түркия кәсіпкерлері  жаңа Елорданың құрылысына белсене қатысты.

Қазірдің өзінде құны  1,5 миллиард долларды құрайтын 14 инвестициялық  жоба  жүзеге асып жатыр.  Президенттер жыл сайынғы тауар айналымының ауқымы 10 миллиард  доллардан  кем болмауы керек,  деген меже қойып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ-түрік саяси диалогының ауқымы ұдайы кеңейіп келеді. Біз саяси ынтымақтастық пен барыс-келіс бағытындағы жұмыстарды жүйелей түсуге кірістік. Мұндағы басты мақсат – халықтардың достығы мен байланыстарын одан ары тереңдету.

Сауда-экономикалық, инвестиция мәселелері жан-жақты талқыланып, бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы сапар аясында Түркия Президентімен бірге келген көптеген бизнес қауымдастығы мен Қазақстанның іскер адамдары 26 нысан бойынша қол қоятын болды.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

Түрлі халықаралық платформаларда кандидаттығымыз тұрғысында екі ел өзара қолдауын жалғастыруда. Қазақстанның 2017-2018 жылдары болатын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын ілгерілетуде Түркия міндетті түрде қазақ халқына  барынша қолдау жасайтын болады. Осы орайда  біздің қажетті құрылымдар тиісті көмегін жасайтындығын атап өткім келеді.

Келіссөздер қорытындысында  Президенттер бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қазақстан тарапы инвестиция көлемін жыл сайын 500 миллион долларға дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Екі ел сондай-ақ, инфрақұрылымдық инвестициялық қор құру мәселесін қарастыратын болады. Бұл жобаларды жүзеге асыру Түркияның Қазақстан арқылы Қытайға, Шығыс және Оңтүстік Шығыс Азияға шығуына мүмкіндік береді. Ал, біздің ел үшін  Түркия арқылы Еуропа мен Таяу Шығысқа жол ашылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтейік деп отырмыз. Сондықтан, Түркия басшысының бұл сапарының символдық мәні бар. Түркия – Қазақстанның ең жақын, сенімді саяси және экономикалық әріптесінің бірі. Ортақ тарихи тамырдан нәр алатын байырғы байланыстарымыз қазір стратегиялық сипат алып отыр.

Екі   ел  ынтымақтастығының маңызды бағыты  бірлесіп көліктік-транзиттік әлеуетті дамыту. Нақтылай түссек, келешекте Жезқазған-Бейнеу теміржол магистралін жаңадан салынып жатқан Грузияның Ахалкалаки және Түркияның Карс теміржол желісімен интеграциялау  мүмкіндігі  қаралып жатыр. 

Екі ел іскерлері бас қосқан бизнес форум кезінде бірлескен  жобалардың тізбесі жасалды. Ол тізімге  жалпы құны 2,8 миллиард  доллардан асатын  23 бизнес бастама енді. 

Келешекте «Оңтүстік» экономикалық аймағы  түріктердің басқаруына берілуі мүмкін.  Бұдан бөлек, қазақ-түрік индустриялық аймақтарын құру мәселесі қарастырылуда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда жаңа «Нұрлы жол» саясатын жүзеге асыру басталды. Біздің жеріміздің көлемі әлемде 9-орында. 2 миллион 700 мың шаршы метр жеріміз бар. Оның барлығында жол, қарым-қатынас болмаса, экономика дамымайды. Сондай-ақ, Қытай мен Еуропа арасындағы көпір - Қазақстан. Сондықтан алдағы үш жылда Астанадан Оңтүстікке, Батысқа шығатын басты көлік магистральдары, сондай-ақ, іргелес логистикалық инфрақұрылымдарға инвестиция бөлініп жатыр.

Еліміздің барлық өңірінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Батыс Қытай - Батыс Еуропа 2700 шақырым автокөлік жолы биыл бітетін болады. Қытайдың шекарасынан Каспийге дейін 1700 шақырым теміржол салынып бітті. Ол жолды Иран арқылы Парсы шығанағына шығардық. Енді Ресей арқылы Еуропаға шығатын автокөлік жолдары салынады.

Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті:

Бұл форум қазақ-түрік бизнес  өкілдерінің тығыз қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын арттырады. Жақсылығы да көп болады. Өз атымнан Қазақстан Президенті мен халқына алғысымды жеткіземін. Біз өз ата жұртымызда екенімізге нық сенімдіміз. Бұл - түбі бір түркі жұртының достастығын одан әрі арттыра бермек.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу