Майданда хабарсыз кеткен қос ағасын күткен Биға әже - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Майданда хабарсыз кеткен қос ағасын күткен Биға әже

12.04.2015
Майданда хабарсыз кеткен қос ағасын күткен Биға әже

Мұқағали ақынның:

«Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар.

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген», деген өлеңі бар.

«Apta.kz» тілшісі Айнұр Омар қан майданнан қайтпай қалған қос ағасын өмір бойы күтумен келе жатқан ананың жүрек зарын тыңдап қайтты. Қос ағасы хабарсыз кеткендер қатарында...

Тіпті, олардан «қара қағаз», қаралы хабар да алмаған. Сондықтан шығар, жүрек шіркін, сенбейді. Әлі де сарғайған хаттарды серік етеді, сырласады, үмітін үзбейді. Ауылдастары «Ана үміті» деген өлең де арнапты. Тылда қалған Биға әженің тағы бір ерлігі - өз баласын майданнан қайтпай қалған қос ағасының атына жаздырыпты.

Майданнан жеткен хат. Жыл жылжып, ғасырға жуық уақыт жетсе де Биға әже үшін мына сарғайған қағаздан қадірлі дүние жоқ. Ауық-ауық иіскеп, мауқын басады.

1941-дің күзі. Бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы. Ауыл-ауылдан жиналған жігіттер соғысқа лек-легімен ағылып жатты. Арасында Биға Жақыпқызының  екі ағасы Әлімғазы мен Сіләмғазы Жақыповтар да бар. Үлкені 19-да, кішісі 17 жаста болатын деп еске алады, Биға әже.

Биға Жақыпқызы, тыл ардагері, Батыр ана:

Ол кісілер кеткенде мен 12 жастамын. Соғыс басталғаннан кейін біз кәдімгідей бидай орып, бау байладық.

Ел тұрмысы ауыр, бір түйір дән болса да, майдан даласына жетсін деген тілекпен бұғанасы қатпаған балалар да, бота тірсек арулар да, ақ жаулықты әжелер де еңбекке етене араласады. Ауыл үшін бір ғана қуаныш бар, ол майдан даласынан жеткен бір жапырақ  хат.

Биға Жақыпқызы, тыл ардагері, Батыр ана:

Өзім хат жаздым, барғанын, бармағанын білмейміз. Хатта айтады, «хат алған жоқпын», деп. Содан қайта-қайта жазамыз. Сонда мынандай үшбұрышпен келеді. Сол үшбұрыштың мына жеріне де жазу жазады.

Хаттан үзінді. 

Амандық хат.

«Аса бағалы көруші үй-ішім Апа, Тәте, Биға,  Нұржамал! Қалай, дендерің сау, күйлі жүрсіңдер ме? Мен де денсаулықтың арқасында тиісті армиялық борышымды атқарып жатырмын. Жағдай орташа. Бұрынғы қалпында.

Сләм және Ақсуаттың біраз адамдары бірміз. Ақметжанов та осы маңда. Ал мен сендерден әлі хабар ала алмай қойдым. Таяуда 5 августен кешікпей фронтқа жүреміз. Бүгін телеграмма бердім. Соны алсаңдар телеграмма беріңдер.

Жүрерімде хат жазармын. Сіләмғали біздің  маңайымызда. Анда-сонда жолығып тұрады. Ал, сау болыңыздар. Қағаз бітті. Құдай сендерді көрсетіп алса да ризамын.  Жаздым. Әлімғазы».

Биға Жақыпқызы, тыл ардагері, Батыр ана:

Хат келгенде қуанып, қуанғанда қандай қуанамыз! Бүгін кірген екен, аман екен, деп Алладан амандығын тілейміз. Ал, соғыс басылды дегенде шешем қандай қуанды. Шіркін-ау біреуі өліп, біреуі келсе, біреуінен ұрпақ қалса арман не? Шешем жылаумен кетті.

Әйгілі «Қара кемпірдің» зары бұл. Қара кемпірдің ғана емес, бауыр еті баласын соғыс жалмаған талай қазақ анасының мұң-зары.  Биға Жақыпқызының анасы Секер Болысқызы өле-өлгенше екі ұлынан хабар күтумен көзі талған.

Биға Жақыпқызы, тыл ардагері, Батыр ана:

«Апыр-ай, бүгін келер ме екен біздікі, ертең келер ме екен, соны көздеп келдім, ешкім жоқ», дейді. Содан анамды алжыды деп ойладық. Ол кісі балаларын осылай  іздеді ғой енді. Қашан келеді деп. Соғыс басылды, ел тыныш болды. Енді қай уақытта келеді, менің балаларым, шіркін-ау, біреуі келмеді-ау деп зар еңірейді.

Майдан даласында оқ пен от арасында жүрсе де, ағайынды жігіттер ауыл-үйдің амандығына қатты алаңдағаны байқалады.

Хаттан үзінді. 

Сәлем хат.   

«Қымбатты көруші Тәтекеш, Кеңес, Никен, Қадірлі анам Бикамал және шешей, бауырларым Қамит, Ләззат, Әскербек, Нұржамал. Қалай, сау жүрсіңдер ме? Жағдайларың қалай?

Сіләмғазы, Қуанышбай, Дікайдан хат бар ма? Менің қалым орташа. Сендерден хат алғаным жоқ. Жақында фронтқа жібереміз деді. 5-августен қалмас. Қамит арт жаққа ие болатын сен.

Сенің қолыңнан аламын. Жақсы жұмыс істеп асырайтын бол. Хош болыңдар. Лаззат, Бисары екеуің хат жаз. Жаным Кеңес, Никен сендерді қатты сағындым. Қайтейін. Хош бол. Аман көруге жазсын.

ж-Әлімғазы».

Аман көруге де, хат жазуға да сұм соғыс мұрсат бермеді. Осыдан кейін хат тоқтайды. Қай жерде, қай майданда соғысқандарынан да хабар болмайды. Тек атқыштар полкіндеміз деген бір ғана дерегі бар.

Соғыс аяқталған соң Биға әже тұрмысқа шығады. Жолдасы да соғыстан жаралы қайтқан жауынгер болатын. 10 құрсақ көтеріп, бәрін аман-есен өсіріп жеткізеді. Бірақ, 10 баланың үшеуін соғыстан оралмаған ағаларының атына жазады.

Баян  Әлімғазина,  зейнеткер:

Біздің әкеміз үлкен қызын өзінің Нұртаза деген соғыста қара қағаз келген ағасының атына жаздырған. Одан кейінгі қызы мені Әлімғажы деген мына кісінің соғыста хабарсыз кеткен үлкен ұлының атына жаздырған. Менен кейінгі бір қызды Сіламғазы деген кіші ұлының атына жазған. Сонымен, екеумізді бұл кісі бауырына басты.

Нағашы әжеміз ұлдарының киімдеріне дейін сандықта сақтады, дейді Баян Әлімғазина. Келгенде киеді деп өмірінің соңына дейін қос ұлын күткен екен. Тіпті ұлдарын тіріге балап, жиендеріне олар туралы түрлі әңгіме айтатын.

Баян  Әлімғазина,  зейнеткер:

Оның біреуі Мәскеуде, біреуі Ленинградта тұрады дейміз. Өйткені, ол өлді дегенге балаларын қимай өтті. Біреу кірсе есіктен, маған біреу жақсы хабар алып келді ме деп күтті.

Ауылдастары әжейдің үзілмеген үмітіне құрметпен қараған. Тіпті, «Ана үміті» деген өлең жолдарын да арнапты. Оны осы әулеттің балалары жатқа айтады. Естіген сайын Биға әжей кемсеңдеп жылайды. Зарығып өткен анасы мен соғыста жастай шейіт болған ағаларын есіне алып толқиды.

Бүгінде бала-шаға мен немере-шөбереге кенде емес. Бірақ, орны толмас өкініші қос ағасының кіндігінен ұрпақ қалмауы. Адам баласының басына бермес қасірет енді қайталанбаса дейді. Аналар балаларын жоқтамасын, балалар анасын зарықтырмасын, қамықтырмасын, дейді.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу