Бүгін – ғарышкерлер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – ғарышкерлер күні

12.04.2015
Бүгін – ғарышкерлер күні

Осыдан 54 жыл бұрын, дәл 12 сәуірде, сағат 09-дан 07 минут өткенде біздің «Байқоңырдан» әуе кеңістігіне «Восток» кемесі аттанып еді. Юрий Гагарин жаһан тарихында тұңғыш рет орбитаны бойлай 1 сағат 48 минут ұшқан болатын.  

Ал, азаттық алған тұста Алаш баласы алғаш ғарышқа ұшқан сәт тіптен ерекше. 1991 жылы Тоқтар Әубәкіров, кейін араға үш жыл салып, тағы бір ұлың Талғат Мұсабаев та ғарышқа сапар шекті. Ол тіпті ғарышқа бір емес, үш мәрте ұшып, зеңгір көкте Абайдың әнін асқақтатқаны елдің есінде.

Қазақ қос батырын құрмет-қошеметтен кенде қалдырмады. Қаһарман қылды, қолдады, қолпаштады, қызмет берді. «Байқоңырдай» айлағы бар елдің батырлары да бар.

Оның үстіне елімізде Ұлттық ғарыш агенттігі құрылып, жұмыс істегеніне біраз жыл болды. Агенттік спутниктік телекоммуникация құру, жаһандық зонттау жүйесі мен табиғатқа зияны жоқ зымырандарды пайдалану секілді жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Сонымен қатар, аэроғарыш мамандарын даярлайтын арнайы оқу орнын ашу ойда бар. Француздың озық технологиясы бойынша қайта жасалған «KazSat-2» қазір қалыпты жұмыс істеп тұр.

Әрі шетелдіктермен бірлесе жасалатын «Бәйтеректің» де маңызы зор.  Дәл осы жоба арқылы еліміз экологияға зияны жоқ зымырандар ұшырады. Яғни, оларда  гептил отыны қолданылмайды.

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу