2017 жылы өтетін EXPO көрмесіне салынған нысандар кейін бос қалмауы тиіс. Кешеннің көрмеден кейін де халықтың қажетіне жарар мүмкіндігін осы бастан шешіп алған жөн. Мемлекет басшысы Батыс Қазақстаннан оралған соң, «Астана EXPO-2017» көрме кешенін аралап көріп, осылай деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Енді EXPO-дан кейін бұл нысандары пайдалану мәселесі өте маңызды. Мұны мен басынан бастап айтып келемін. Кейбір елдердегі секілді нысандар бос тұрып қалмауы керек.
Қонақтарға арналған баспана, қонақүй және Конгресс-орталық мақсатты пайдаланылады. Бұл ретте, көрмеден кейін шет мемлекеттердің павильондары мен өзге де көптеген орын-жайлар бос қалады. Олай болмауы керек.
Жоспар бойынша 2016 жылдың қыркүйегіне дейін кешеннің негізгі құрылысы аяқталуы тиіс. Әрі қарай әрлеу, сәндеу жұмыстарына мән берілмек. Қазір жобалау мен құрылыс қатар жүріп жатыр, ал кедергі кездессе сол мезетте реттеуге ұмтылып отырмыз деді, көрмеге жауапты Талғат Ермегияев.
Көрме кешенінің жалпы аумағы - 174 гектар. 38 нысан салынбақ, 8 құрылыс ұйымы және 3500-нан аса жұмысшы қазір еңбек етіп жатыр. Көрме аймағында диаметрі 80 метр ұлттық павильон болады. Шар тәрізді. Ал, ғимараттар Күн мен желден және жерден қуат алады. Яғни, 100 пайыз энергия балама көзден алынбақ.
Алпысбек Тілекметов, «Компания «АДС» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы:
Үстіне күн батареясы қойылады, ол қолданылатын энергияның 40 пайызын береді. Содан кейін жерден алатын жылу энергиясы бар геотормалды орнату деген. Ол 60 пайыз жылу энергиясын береді.
Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ