Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

29.03.2015
Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барды

«Сайлау» деп, «саяси аламан» деп алашапқын жүріп, көктемнің көкегіне де қалай жеткенімізді аңғармай қалдық. Бүгін наурыздың соңғы аптасы. Елде сайлауалды саяси температура қыза бастағанмен, төбедегі күннің бой жылытып, дене балбыратар түрі байқалмайды. Әлі де өңменнен өтер өткір ызғар бар.

Дегенмен, бұл ызғарды аса сезіне қоймайтын бір берекелі өңір болса, ол - қысы-жазы тал-терегі жайқалып тұратын Оңтүстік Қазақстан облысы. Жұрты да шаруақор, кез-келген істің икемін келтіріп, игілігін көруде шебер. Топырағы да жомарт. Бір алақан дән сепсең, қоңыр күзде қапшықтап өнім береді.

Айтпақшы, біздің елдегі бар жылыжайдың 87-і пайызы - дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысында екен. 910 гектар жерді алып жатыр. Соның ең ірісі - «Аделя» деп аталатын шаруашылыққа қарайды. Қияр өсіреді.

Осы өңірге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев озық технологиялармен жабдықталған жылыжай кешенін аралап көрді.  Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен де жүздесті.

Ал оған дейін Президент Шымкентте өткен «Мерейлі мақсатымыз – Мәңгілік ел!»  атты ауқымды салтанатқа қатысты. «Қазына» деп аталатын этно-тарихи кешенінде ұйымдастырылған шара - бірлік пен ынтымақты, татулық пен достықты, тыныштықты насихаттады. Соңы мағыналы концертке ұласты.

Аумағы 11 гектар жылыжай Ордабасы ауданында орналасқан. Бұрын 5 гектар екен, былтыр «ҚазАгроҚаржы» 2 миллиард, 200 миллион теңге бөліп ұлғайтқан. Францияның «Richel» компаниясы шығарған қондырғылар тұр. Жылына 8,5 мың тонна қияр өсіреді. Тамшылатып суарады.

Шаруашылық қиярдың екі түрін өсіреді. Милен және седрик. Мезгіл-мезгіл көрші нарыққа де шығамыз, дейді шаруашылық жетекшілері. Тасу-сату жұмыстары жүйеленген.

Арман Жетпісбаев, «Аделя» шаруа қожалығының атқарушы директоры:

70 пайыз өнім осы Қазақстанға тарайды, 30 пайыздайын Ресейге жібереміз. Омбы, Новосибирск бағыттарында. Ол жақта да біздің өкілдеріміз, серіктестеріміз бар. Солармен екі-үш жыл болды тығыз жұмыс істеп келеміз. 

Қиярдың 90 пайызы су. «Бірнеше сүзгіден өткен сумен ғана суарамыз», дейді бағбандар. Яғни, экологиялық тұрғыдан өте таза өнім. Анаржан Налибаева – бригадир. Қиярдың өскін кезінен бастап жапырақтары жайқалғанша күтіп баптайды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Негізі Оңтүстік облыстың бау-бақшасы, жеміс-жидегі мол, ауыл шаруасы өте дамыған, өркендеген өңір.

Бұл салада  2014 жылы 324 миллиард, 600 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Тиімді де жаңа кез-келген тәсілді меңгеруге бейім, ұқсатуға шебер Шымкенттің диқандары өнім көлемінен ел бойынша екінші орынға шыққан.

Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығына ортақ қазынадан 23 миллиард теңге субсидия бөлінген. Алмақтың салмағы барын өңірдегі диқандар мен бағбандар, бақташылар да жақсы біледі. Тынбай қимылдайды, нәтиже десеңіз бұл облыстағы ауыл шаруасындағы нақты көлем индексі 101, 6 пайызды құраған.

«Қазына» аталатын этно-тарихи кешенде қазақтың бар қазынасы шоғырланған десе болады. Аумағы - 75 гектар. «Бәйдібек би кешені», Наурыз алаңы, Қазақ хандығының 550 жылдығын ұлықтайтын монумент, диаметрі 21 метр субұрқақ, «Қазақ ауылы» аталатын киіз үйлер шоғыры, қысқасы бәрі осында. Салтанатты шараға 11 мың адам қатысты. Шымкент Наурызды 9 күн тойлайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

9 күнге тоғыз атау беріп, әр күнді Әз Наурызға тән ізгі істермен жалғау құптарлық бастама. Бұл барлық жерлерге таратуға жарайтын мәселе. Ұлыс күні осынау игі шаралардың барлығы жалпыхалықтық мерекеге ұласады. Осының барлығы Әз Наурызды нағыз ізгіліктің мейрамына айналдырады. Бір адамға жасаған ізгілік күллі адамзатқа жасаған ізгілік деп санаған жөн. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ырыстың алды ынтымақ екенін айтты. Қазақстанның бүгінгі жетістігі, жақсылығы мен игілігінің сыры бірлікте екенін меңзеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз мінекей, Ассамблея жылын атап өткелі отырмыз. Ол мына көпэтносты болып қалыптасқан халқымыздың басын біріктіріп, бір жеңнен қол шығарып, бір жағадан бас шығарып, жұмыс істегеніміздің арқасы. Осыны біз қолдай беруіміз керек.

Оңтүстік Қазақстан - еліміздегі ең ірі өңірлердің бірі. Жер көлемін емес, халқының санын меңзеп отырмыз,  3 миллионға жуық. Ал, Шымкент – Алматы мен Астанадан соң ірілігі жөнінен үшінші шаһар. Заманның озық тәртібін  ұлттың көне дәстүрімен сәтті жымдастыра білген құтты мекен.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ел-жұрт деген еш уақытта жеткеніне жеттім деп тоқтап қалмауы керек. Әр уақытта халықты алға жетелеп, бір белестен кейін екінші белесті алу мақсаты тұр алдымызда.

Біздің ең тұғырлы мақсатымыз – Мәңгілік ел болу. Шығатын белесіміз ең өркендеп өскен 30 елдің қатарына кіру. Бұл мақсатқа жету біздің де, келер ұрпақтың да мақсаты. Бірақ, ол оңай емес.

Басқа жұрт та қарап қалмайды. Сондықтан, үлкен бәсекелестіктің заманы. Бұл бәсекелестікте еңбекке машықтанған, жұмыс істей білетін, жаңалыққа бейім халық қана озады. Біз озуымыз керек. Озу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін барлық жағдайымыз бар.

«Мерейлі мақсатым – Мәңгілік ел». Осы ұғымды  ұран қылған Шымкенттегі жиын үлкен концертпен әрленді. «Ата-бабалар арманы» атты театрландырылған көрініс, «Бірлігіміз жарасқан» атауымен сазды композиция, «Нұрын шашқан – Оңтүстік», «Мәңгілік ел» секілді соны шығармалар,  Шәмшінің әндері салтанаттың шырайын ашты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қазіргі мақсаты дамыған 30 елдің санатына ену екенін баса айтты. Ол мақсатқа жетудің жоспары да түзілген. «Индустриялық-инновациялық  даму, «Нұрлы жол» секілді  кешенді бағдарламалардың түпкі мәні сонда. 

Керімжан Сырлыбаев, Кентау қаласының мәслихат хатшысы:

20 жылдан бері біздің Оңтүстік Қазақстанның еңбекқорлығы көрініп тұр. Жастар жағы қолдап, Оңтүстік Қазақстан бұрынғыға қарағанда көп есе өзгерді. Бұл да болса біздің халқымыздың, еліміздің, жастарымыздың еңбекқорлығы, деп білемін. 

Күланда Әбішева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Қазақ еліне еңбек ету үшін, өсіп-өркендеуі үшін барлық жағдай жасалған. Шағын кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағынан Қазақ елінің азаматтарының жағдайын жасап отырған Елбасына айтар алғысымыз шексіз.   

Болатбек Тілеубердиев, филология ғылымдарының докторы, профессор:

Қазақта «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді», деген сөз бар.  Бүгінгі біздің Елбасымыздың негізгі тірек етіп айтқан әңгімесі - көп ұлыстан құралғаннан кейін Қазақ елінде татулық бірлік болмай, тірлік болмайтыны. Келешекте елдің дамып, өркендеуі үшін тек қана татулық қажет.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкенттегі ұлттық теннис орталығына да барды. Аумағы 6 гектар орталық Президент тапсырмасының жемісі, Теннис федерациясы салған. 12 ашық, 4 жабық корты бар.

Қазақ спортының қауқары да, беделі де артып келеді. Ұлттық теннис орталығы салынғалы бері 14 мәрте халықаралық, 4 мәрте республикалық деңгейде турнир өткен.

Біржан Жақыпов, бокстан Әлем чемпионы:

Қазіргі таңда барлық спортшыларға жағдай жасалған. Көптеген спорт ғимараттары салынып жатыр. Біздің ары қарай жақсылап дайындалуымызға көптеген мүмкіншіліктер бар.

Оңтүстік Қазақстан қай істе де белсенді облыс. Өңірде атқарылған игіліктер де халқының саны секілді, берекелі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Оңтүстік Қазақстан облысы – халықтың қалың тұратын өлкесі. Елдің 17-18 пайызы осында тұрады. Қазақтың да көпшілігі тұратын жер, сондықтан ылғи көңіл бөлініп отырады.

1 миллион халқы бар қалаға жеткіземіз деп, жұмыс істеп жатырмыз.  Жаңадан орталық салып жатыр, облыс-қала арқылы темір жол, автокөлік жолы дәліздері, газ құбыры барлығы өтіп жатыр.

Жол бойында бизнесті өркендетуге, халыққа жұмыс беруге септігін тигізетін болады. Облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің, әсіресе, көкөніс өнімдерін бес жылдың ішінде екі жарым есе өсіп, экспортқа шығаратын облысқа айналып отыр.

2,3 миллион тонна көкөніс шығару деген Оңтүстік Қазақстанда болмаған. Осының барлығы елдің еңбегі, оның ішінде мақта-мата өңдеу жұмыстарын қолға алып жатырмыз. Жаңадан бизнес өркендеп өсіп жатыр.

Сондай-ақ, спорт кешендері салынып жатыр жаңадан. Бұл көрініс бүкіл Қазақстандағы көрініс. Елімізде қазір үлкен жұмыс жасалып  жатыр. «Нұр Отан» партиясының 16-шы съезінде айтқан бағдарламаларды іске асыру оңай жұмыс емес.

Соны қолға алумыз керек. Соны жасау үшін бізге уақыт керек. Дүние дүрлігіп тұрған кезде біздің Қазақстанымызда жаңадан өндірістер салынып, жаңа жұмыс орындары ашылып, үй құрылысы көбейді.

Коммуналдық құрылыстар көбейіп, «Нұрлы жол» бағдарламасымен жаңа жолдар салынып, жаңа аэропорттар түзеліп, осының барлығы елдің еңбегі. Жұмыспен қамту мәселесі.  

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Шымкенттегі жаңа монументтің төрт тірегі төбесіне жеткенде бір-біріне кірігіп, ұйысып тұр. Елдің бірлігін, ынтымағын меңзейтіндей.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу