Мемлекет басшысы Қазақ елін ұлық мерекемен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қазақ елін ұлық мерекемен құттықтады

22.03.2015
Мемлекет басшысы Қазақ елін ұлық мерекемен құттықтады

Ағаштан – бал, шөптен – сүт тамсын! Әз Наурыз келсе, осындай тілек тілескен біздің жұрт. Молшылық, тоқшылық болсын дегені ғой. Кеше күн мен түн теңелді. Күллі күншығыс жұрты жаңа жылды қарсы алды.

Алты ай қыстан аман шыққан ағайынның аузы аққа, төрт түліктің аузы көкке тиді. Тал-терек бүршiк жарып, бел-белесте көк қылаулады. Ақ көбік қарды жарып шығатын бәйшешектің өзі жалғанға Жаңа жыл келді деп жар салды.

Ұлыстың ұлы күні, жаңа күн -  жаңару күнін бірлігі бекем Қазақ мемлекеті тағы да толағай табыспен, ерекше леппен қарсы алды. Бес күн демалыс. Дүйім жұрт ағарған ішіп, арқа-жарқа болды. Ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Көкпар тартып, ат шаптырып, палуан күрестіріп, қыз-бозбала қызық қуды. Ұлттық құндылықтар ұлықталды, дәстүр дәріптелді.

Мейірім мен молшылықтың, жаңару мен жасампаздықтың мерекесін ел халқы - Ертістен Жайыққа, Іледен Тобылға дейінгі аралықта тұтас тойлады. Ал, ең  үлкен  той Есіл жағасындағы  Елордада өтті. Мемлекет басшысы бас шаһардағы басты салтанатқа қатысып, барша отандасты ұлық мерекемен құттықтады.

Көктемнің алғашқы айында  күллі күншығыс жұрты  Жаңа жылды қарсы алып жатыр. Мұқым Қазақ елі әз Наурызды тойлады. Көктеммен бірге жететін көне  мейрамды  халқымыз  ежелден  айрықша бағалайды.

Дәл осы күні  сапарға шықпайды, әбес сөйлемейді, бірін-бірі ренжітпейді, жоқ- жітіктерге жәрдем қылады. Өйткені, даланы Қызыр  аралайды, жақсылықты көп көрсеткен шаңыраққа ырыс кіреді деген  сенім бар. Мерекенің халық үшін  алдымен танымдық, тәрбиелік мәні зор.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің тарихымызда бірнеше жүз жылдан бұрын атап, көктемнің алғашқы күнінде ағайындар бір-бірімен қауышып, туысқандар бірін-бірі қыстан шығып көріп, барлық жаманшылықтарды кешіріп, бірі-біріне көмектесіп, наурыз көже үлестіріп жататын.

Мерекеде елдің алды болып қазақстандықтарды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев   құттықтады. «Сарыарқа» велотрегінде «Наурыз – нұрлы жол» деген атпен мерекелік  шара өтті.

«Көктем» деп аталатын хореографиялық композицияның мәні көрерменнің  алдында Жер-Ананың түлеуін, жылдың жаңаруын, адам жанының жадырауын   сипаттау.

Өйткені, Наурыз  адамзаттың ғана  емес, табиғаттың да төл мерекесі. Төрт түлік төлдеп, төл әкеліп, тал-теректер бүршiк жарып, қырда  көк қылаулайтын   шақты бабаларымыз жаңару  күнге балайды.

«Наурыз елге береке әкелсін», деді Елбасы. Сондықтан, мереке күні де  Елбасы татулық, бірлік пен ынтымақ жайын  баса айтты.   Мұны қысқа  күнде қырық құбылатын жаһанның саясатын бағып отырған  саналы жан  түсінеді.

Ең бастысы, елде жаңа жұмыс орындары, еңбекақы, жәрдемақы, әлеуметтік нысандар қатары көбейіп келеді.   Айқын бағыт, түзілген бағдарламалар да  бар. Мұның бәрі  жаңа  жеңістерге деген  үміт.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қандай қиын-қыстау заман болса да, бірге болып, бірлігімізден ажырамай, алға басып келе жатырмыз. Еліміз көркейді, ел ордасы - халықтың, мемлекеттің жүрегі - бүкіл дүниежүзіне белгілі болды.

Мерекелік салтанат өткен маңда үлкен этноауыл бой көтерген.  Мұнда қаз-қатар  ақшаңқаң -  киіз  үйлер   тігілген, маңайда алтыбақан орнатылған.  Түрлі ұлыс  өкілдері  той тойлап, би билеп, ән салып көже ішіп жатты. 

Ерекше мерекенің қызығын көруге келген жұрттың қарасы қалың болды.  Елбасы да ерекше  көңілді.  Этноауылды асықпай аралап көрді.  Жиналған жұртпен  бірге би де биледі,  наурыз   көжеден дәм татты.   Халықты мерекемен тағы бір мәрте құттықтады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгін тамаша мереке. Көктемнің жарқырап тұрған күні - табиғатқа жан бітіп, барлығы қуанатын кез. Осы кезбен Ұлыстың ұлы күні - Наурыз тура келеді. Ата-баба дәстүрі бойынша, бұл күні барлық адам бір-біріне амандық тілейді. Қазақстанның әр түкпірінде Наурызды тойлап жатқан қазақстандықтарға сәлем жолдап, жақсылық тілеймін.

Мереке  күншығыс елдеріне ғана емес барша адамзатқа ортақ. Содан болар,  әз Наурызды   шартарап тойлайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы ресми мерекелер тізіміне қосты. 

Бірақ, әр халық үшін бұл күннің  өзіндік игі сипаты бар.  Қазақ үшін – Наурыз  дәстүр   мен  татулық  тойына  айналды.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу