Дүниежүзінің экономикасы ең төмен 15 елінің тізімі жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүниежүзінің экономикасы ең төмен 15 елінің тізімі жарияланды

15.03.2015
Дүниежүзінің экономикасы ең төмен 15 елінің тізімі жарияланды

Дүниежүзілік дағдарыстың толқыны енді келе жатыр дегенмен, оның суық лебі қазірдей әлем экономикасын есеңгіретіп барады. Қабылданған шешімдер, жаңа бағдарламалар, ұтымды ұсыныстар, батыл бастамалар – дағдарысты еңсеруге қауқарсыз. Тіпті, өздерін әлемнің құтқарушысы сезінетін АҚШ пен Еуроодақтың сөзі мен ісінің алшақтығы – жаһанды екіұдай күйге түсірді.

Кезінде түкіріктері жерге түспей, бәсекелестеріне мұрнын шүйіре қарайтын алпауыт компаниялары да тұсаулы аттай тұралады да қалды. Кейінгі күндері АҚШ-тың бірнеше ірі кәсіпорындары шығынға батып, амалсыз жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр.

Еуроаймақтың кейбір мемлекеттеріндегі жағдайлар, тіпті, бақылаудан шығып бара жатыр. Біз жағдайлары керемет екен деп жүрген Италия мен Германияда да қордаланған мәселелердің шеті көріне бастады.

Бұған дейінгі апталарда біз жалпы әлем экономикасындағы ахуалға  тоқталсақ, осы жолы постсоветтік республикалардың кейбіріне шолу жасамақпыз. Ресей мен Батыс арасындағы геосаяси тайталас пен  санкциялар - бұрынғы кеңестік мемлекеттердің валютасын жыл басынан бері ондаған пайызға құлдыратты.

Айтпақшы,  жақында әлемнің ең төмен және ең қарқынды экономикаларының тізімі жарияланды. Мұнай бағасы болса қайта арзандап, доллар қымбаттап отыр.

Инфляция – тұтас бір қоғамды күйрете алатын дерт. Мұны бір кездері Нобель сыйлығының лауреаты Мильтон Фридманның  ескерткені бар. Сол дертке жұмыссыздық қосылса, экономика үшін одан асқан қайғы  жоқ.

Жақында «Блумберг» агенттігі зерттеу жүргізіп, дүниежүзінің ең төмен 15 экономикасының тізімін жариялады.  Алғашқы үштікке  Венесуэла, Аргентина, Оңтүстік Африка Республикасы кірген.  Ал, постсоветтік мемлекеттерден Украина – төртінші, Ресей – жетінші орынды иеленді.

Жыл бойғы саяси тайталас пен соғыс салдарынан Украина экономикасы қазір банкроттыққа бір табан жақын тұр. Бұл елдің орталық банкінің резервінде небәрі 5 апталық импортты жабатын қаржы қалған.

Ендігі үміт – осы аптада Халықаралық валюта қоры  бөлген 17, 5 миллиард доллар көмекте. Оған қол жеткізу үшін ресми Киев бюджеттік шығындарды қысқарту бойынша 4 жылдық реформа жүргізуге келісті.

Арсений Яценюк, Украина премьер-министрі:

Украинаға 17 жарым миллиард доллар көмек беру туралы шешім қабылданды. Төрт жылдық бағдарлама аясында салықтық, әлеуметтік, экономикалық реформалар жалғасын табатын болады. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджетке салмақты азайтуымыз керек. Ал, коррупциямен күрес тоқтамақ емес.

«Блумберг» жер шарының 57 мемлекетінде сауалнама  жүргізіп, ең шапшаң дамып келе жатқан 20 елді де анықтады. Солардың түгелге жуығы - Азия  мен Африкадан. Көш басында Қытай тұр.

Ал, Филиппин мен Кения екінші-үшінші орындарда. Тізімге ТМД-дан  біздің  ел ғана енді. Қазақстан  экономикасы даму жылдамдығы жағынан Оңтүстік Корея, Түркия, Польшаны  басып озып, бірінші ондыққа сәл ілікпей, 11-ші орынды иеленген.

Соңғы 7-8 жылда дағдарыс дендеген Ұлыбритания мен АҚШ-тың өндірісі биыл 2,5 – 3 пайызға өседі деген үміт бар. Бірақ, қой жылында Қытайдың қарқыны былтырғыдай болмайын деп тұр. Оған әлемде сұраныстың біршама төмендігі түрткі.

Тай Ху, «JPMorgan» компаниясының нарықтық стратегі:

Ғаламдық сауда біз үміт еткендей күшейіп отырған жоқ. Иә, АҚШ-тың жағдайы жақсарып келеді. Бірақ, Жапония мен Еуропада  импорт әлі де осалдау деңгейде. Сондықтан, Қытай мен әлемнің өзге экспортерлары үшін 2015 жылдың бірінші жартысы сондай табысты болады деп айта алмаймын.

Ал, Ресей бюджетіндегі тапшылық 4 пайызға жуықтап  қалды. Сондықтан, елдің қаржы министрлігінің жоспарына қарағанда, биыл мемлекеттік шығындар 1 триллион рубльге дейін қысқарады.

Ресейде мұндай жағдайдың қалыптасуына  халықаралық санкциялар мен мұнай нарқының түсуі себеп. Бірақ, импорттың азаюы  жеке кәсіппен айналысамын дегендерге үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Өйткені, отандық  тауарларға сұраныс жоғары.

Ал, Крондштаттағы  ет зауыты жақында «Санкция» деген атаумен өнім шығара бастады. Оған қажетті шикізат бұрынғыдай Еуропадан емес, Ресейдің өз аймақтарынан жеткізіледі.

Бірақ, доллар мен  евроның қымбаттығы антисанкциялық тауардың кейбір компоненттерін әкелуде айтарлықтай қиындық тудырып отыр.

Дмитрий Йеримов, «Крондштат» ет өңдеу зауытының бас директоры:

Яғни, Еуропадан шошқа етін тасуды тоқтаттық. Оны қазір біз Воронеж, Псков, Ленинград облыстарынан алып отырмыз. Дағдарыстың екінші толқынында, яғни, валюта бағамы өскелі, сырттан дәмдеуіштерді, қоспаларды әкелу оңай болмай отыр.  Өкініштісі сол – Ресейде бұрыш өспейді.

Қырғыз елінің  5 жарым миллиондай тұрғыны бар. Соның бір миллиондайы жұмыс іздеп шетел асқан. Мұнда жан басына шаққандағы табыс қазақстандықтардың табысының оннан бір бөлігіне де жетпейді. Оның үстіне,  Ресейде дағдарыс күшейген сайын республикаға мигрант жұмысшылардан келетін ақша азайып барады.

Бішкектен жүздеген шақырым жердегі Таш-Башад ауылының тұрғыны бүгінде мектепте денешынықтырудан сабақ берумен шектелмей, күн батқанша алтын іздеуге мәжбүр. Дәрісі аяқталғасын, ол  екі серігін ертіп, өзен жағасына барып, су астынан көсіп алынған тастарды сүзгіден өткізеді.

Бірақ, құнды металлды қымбатқа өткізу оңай емес. Сондықтан, бұл азамат алтын сатып, күніне 1 жарым доллар тапса да риза.  Ал, ұлттық бұйымдар шығаратын мына тігін цехындағы әйелдердің күндік табысы 50 сомнан немесе 90 центтен де аспайды. 

Гүлбара Исраилова, Алыш ауылының тұрғыны:

Ауылда негізі жұмыс жоқ. Сондықтан, осы істі кәсіп қылып жүрмін. Үкіметтен көмек аламын-ау.  Бірақ, ол ештеңеге жетпейді. Тапқанымды  азық-түлікке жұмсаймын. Дегенмен, бізде бәрі қымбат.

Посткеңестік республикалардың  көбі инвестиция, сауда-саттық, мигранттық ақша аударымдары бойынша Ресейге тәуелді. Рубльдің құнсыздануы мен екіжақ арасындағы алыс-берістің төмендеуі салдарынан бұрынғы кеңестік мемлекеттердің валюталары девальвацияға ұшырап отыр.

Мысалы, Молдованың лейі – 2015 жылы 25,  Әзірбайжанның манаты 33 жарым пайызға құлдыраған екен. Украинаның гривнасы болса, ақпанның өзінде доллардың қасында кемінде 40 пайыз құн жоғалтты. 

Беларусьтің рубльі мен түркіменнің манаты былтыр 18-19 пайызға арзандады. Бұл процесс биыл да жалғасып жатыр. Армянның драмы 2014 жылы 15 пайызға түссе, грузиннің лариі биылдың өзінде 10 пайызға құнсызданыпты.

Еуроға келсек, ол осыдан үш күн бұрын доллардың қасында соңғы 12 жылдағы ең төменгі деңгейге дейін құлдырады. Бұл валютаның әлсіреуінің  басты себебі  – Еуропа орталық банкінің еурозона экономикасын ынталандыру мақсатында  2016 жылдың соңына дейін 1 триллионнан астам еуро басып шығаруға кірісуі. 

Осы аптада мұнай да біршама арзандады. Мәселен, бейсенбі күні Brent-тің бір баррелінің бағасы биржаларда  0,7 пайызға түсіп,  57 долларға сатылды.  «Қара алтын» нарқының төмендеуіне Құрама Штаттарда энергетикалық шикізат қорының көбеюі мен доллардың қымбаттауы себеп болып отыр.   

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу