Сарапшылар: Сайлау өткізбей, қиындықтарды еңсере алмаймыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарапшылар: Сайлау өткізбей, қиындықтарды еңсере алмаймыз

08.03.2015
Сарапшылар: Сайлау өткізбей, қиындықтарды еңсере алмаймыз

«Сайлау өткізбей, қиындықтарды еңсере алмаймыз» дейді сарапшылар. Қазір жаһандағы жағдайды көріп отырсыз, жақсармай тұр. Мысалы, экономикасының екпіні қатты Қытай былтырғыдай емес. Тауарларына әлемдік сұраныстың төмендеуінен әлсіреп барады.

Испания да кезінде халықаралық кредиторлардан миллиардтаған еуро қарыз алып еді, енді сол шетелдік несиенің бюджетті қатаң үнемдеу туралы талаптары қарапайым халықтың тұрмысын әбден төмендетіп жіберді. Халықаралық көмектің  арқасында  бұл ел рецессиядан шықса да, оның еңбекке жарамды азаматтарының төрттен бірі әлі жұмыссыз.

Испанияны былай қойғанда, бір Грекияның Еуродақтан шығуы еуровалюта жобасын күйретуі мүмкін. Бұған жол бермеу үшін Афины  мен Брюссельді алда әлі талай келіссөздер күтіп тұр.

Ал, Ресей бюджетіндегі тапшылық 4 пайызға жуықтап  қалды. Биыл онда мемлекеттік шығындар 1 триллион рубльге дейін қысқарады. Бұған әрине,  санкциялар мен мұнай бағасы себеп. Рубльдің құнсыздануы мен екі жақ арасындағы алыс-берістің төмендеуі салдарынан бұрынғы Кеңестік мемлекеттердің валюталары девальвацияға ұшырап жатыр.

Мысалы, Молдованың лейі – биыл 25,  ал Әзірбайжанның манаты 33 жарым пайызға құлдыраған.  Украинаның гривнасы ақпанның өзінде доллардың қасында кемінде 40 пайыз құн жоғалтты.  Беларусьтің рублі мен түркіменнің манаты былтыр 18-19 пайызға арзандады.

«Сондықтан, жаһандағы осындай қиындықтардан шығар бір жол – сайлау өткізу» дейді елдегі сарапшылар.

«Ассамблеяның ұсынысы – ұтымды. Президент сайлауы – еліміздің әрі қарай тұрақты дамуына кепіл болады». Белгілі қоғам қайраткерлерінің ортақ пікірі осыған саяды. Себебі, халықаралық жағдай мен қаржы дағдарысы қыспаққа алған, ертеңге деген сенім таразыға түскен тұста, қамданбасақ бізге де сын, дейді олар.

Асылы Осман, қоғам қайраткері:

Жан-жағымызға қарағанда да, қоғамда да, геосаяси жағдайда да, экономикалық жағынан да сайлаудың болғанын бүкіл халық тілеп отыр. Сайлау - бірлігімізді бекемдеп, тыныштығымызды арттырады.

Бүгінгі бейбіт өмір – қазақтың басына біткен бағы. Осы бағытымыздан таймау керек. Сайлау туралы бастама заманның ауыспалы тұсында жасалған көреген шешім. Әлемдегі саяси-экономикалық тепе-теңдік бұзылып, мызғымас мемлекеттердің де шаңырағы шайқалған шақта Қазақстан үшін тұрақтылықты сақтап қалу маңызды.

Президент сайлауы қазір қазақ қоғамымен қатар, шетелдік сарапшылардың тарапынан да қызу талқыланып жатыр. Президент сайлауын өткізу туралы Ассамблея бастамасы – Қазақстандағы бірліктің көрінісі. Ең бастысы,  халықтың ұсыныс-ықыласы, дейді түркиялық белді саясаткерлер.

Халил Акынджы, саясаткер:

Қазақстан – Түркі дүниесіне үлгі көрсетіп келе жатқан мемлекет. Көпке маңызды Түркі кеңесі, түркітектес елдердің парламентаралық ассамблеясын құру туралы ұсыныс жасаған ел. Сондықтан, мен Қазақ елінің кез келген бастамасына оң баға беремін.

Бұл жол Президенттеріңіз сайлау өткізу туралы шешім қабылдап отыр. Қазір әлемде болып жатқан жағдайлар ешқандай елді айналып өтпейді. Осындай ауыр кезеңде халық пен билік бірігіп жұмыс істесе Қазақстан жаһандық сынақтан аса үлкен шығынсыз өтеді.

Ұлттық арнаға сұхбат берген Ресей Федерациясы кеңесінің депутаты Виталий Игнатенконың айтуынша, Қазақстанда сәуір айында өтетін президент сайлауы елдің қарқынды дамуына, әлемдік экономикаға бірігу үдерісін одан әрі жалғастыруына серпін береді.

Виталий Игнатенко, РФ Федералды жиналысы федерация кеңесінің депутаты:

Қазір Қазақстанда «Нұрлы жол» атты жаңа экономикалық саясат қабылданып, іске аса бастады. Енді осы бағдарламаны соңына дейін жеткізу керек. Қазіргідей әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде сайлау өткізу ерекше маңызға ие.

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанның президенттік сайлау өткізу туралы шешіміне қолдау білдіре отырып, екі ел арасындағы ынтымақты одан әрі нығайта түсуге мүдделі.

Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі Ниша Бисвал мәлімдеді.

Ниша Бисвал, АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі:

АҚШ-тың сайлауға көзқарасы түзу. Ең бастысы, біздің елдеріміздің арасында өте тығыз әріптестік қалыптасқан. Біз Қазақ елімен арадағы мұндай жоғары қарым-қатынастың сайлауға дейін де, одан кейін де берік нығая түсуін қалаймыз.

Халықтың қалауына қашан да құлақ асу керек,- дейді қытайлық мамандар. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясына қарасты Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия институтының ғылыми қызметкері Ван Сяочуан, бұл - Ата Заң қағидаларына қайшы келмейтін, елдің дамуына жаңа серпіліс беретін бастама,- дейді.

Ван Сяо Чуан Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азияны зерттеу институтының ғылыми қызметкері:

Жібек жолы экономикалық белдеуі идеясын жүзеге асырушы Қытай еліне іргелес жатқан мемлекеттердегі тұрақтылық ерекше маңызды. Көршілес Қазақстанда да ұзақ жылдарға жоспарланған стратегиялық, экономикалық даму бағдарламалар бар. Сондықтан, дәл осы жылы президент сайлауын өткізу ұтымды шешім.

«Еуропалық одақ Қазақстандағы президенттік сайлау халықаралық талаптарға сай ұйымдастырылады деген сенімде». Латвияның Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичс осылай дейді. Диломаттың пайымдауынша, маңызды саяси науқаннан кейін Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі.

Эдгарс Ринкевичс, Латвияның Сыртқы істер министрі:

Біз президенттік сайлау халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен халықаралық талаптарға сай өтеді деген сенімдеміз. Өйткені, Қазақ еліндегі адам құқығының сақталуы, саяси еркіндік мәселелері оң шешімін тапқан. Еуропалық одаққа мүше 28 мемлекет Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға белді бекем буып отыр.   

Шын мәнінде, төрткүл дүние көзін тіккен, қарыштап дамып келе жатқан біздің ел үшін биылғы науқанның алар орны ерекше, маңызы зор. Бүгінгінің берекесі, ертеңгі күннің кепілі. Халық пен шетелдік сарапшылар тұжырымдарының тоғысы осыны көрсетті.

Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу