Орталық сайлау комиссиясы лингвистикалық комиссия мүшелерін бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орталық сайлау комиссиясы лингвистикалық комиссия мүшелерін бекітті

08.03.2015
Орталық сайлау комиссиясы лингвистикалық комиссия мүшелерін бекітті

Үміткердің мұндай талаптарға сай келуін анықтайтын лингвистикалық комиссия осы аптада жұмысын бастады.

Емтихан үш кезең бойынша өткізілді. Бірінші, үміткер комиссия ұсынған тақырып бойынша жазбаша шығарма жазуы қажет. Екінші кезеңде 3 баспа беттен аспайтын мәтінді мәнерлеп оқиды. Ал, ең соңында 15 минут сөз сөйлеуі тиіс. Әр кезең бойынша дайындалуға бір сағат уақыт берілді.

Мырзатай Жолдасбеков, лингвистикалық комиссия төрағасы:

Талдап, табысы қайсы, кемшілігі қайсы, қай жерінде айта алмады, бұл адам президент болуға лайық па, жоқ па? Мемлекеттік тілді меңгерген адам ба, жоқ па? Мемлекеттік тілді бағалай алатын адам ба, жоқ па? Соған байланысты біз қорытындымызды шығарамыз.

Жалпы, сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің мерзімдері, оны ақпараттық сүйемелдеу және сайлау процесіне қатысушыларды оқыту мәселелері. Бұл тақырыптар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов пен Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі кеңесшілері: Радивое Груич және Ричард Лапинмен кездесу барысында талқыланды. Комиссия төрағасы халықаралық сарапшылар жұмысы үшін қажет мәліметтерді ұсынуға әзір екенін жеткізді.

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысында саяси науқанды өткізудің жай-жапсарын түсіндіру мақсатында  Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов арнайы семинар-кеңес өткізді.

Алдын ала жасалған тізім бойынша, бұл жолғы сайлауда өңір жұртшылығының 1 миллион 203 мыңы дауыс беруге құқылы. Соған сәйкес ауыл аймақтарда 1 мың 29 сайлау учаскесі жасақталған. Қазір комиссия мүшелері сайлау учаскелерінің шекараларын белгілеу және сайлаушылар тізімін нақтылаумен айналысуда.

Бақыт Мелдешов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы:

Сайлаушылардың дауысын жинау үшін Президенттікке үміткерлердің сенімді адамдары болуы керек. Олар аумақтық, облыстық комиссияларға тізімдерін беруі қажет. Сол себепті, бүгіннен бастап аумақтық комиссиялар күнде, тіпті мереке күндері жұмыс істеуі керек.

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу