Қазақ даласында батыр қыздар көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ даласында батыр қыздар көп

08.03.2015
Қазақ даласында батыр қыздар көп

Жылдар жылжыған сайын елдегі әйелдер қауымының қоғамдағы белсенділігі де артып келе жатыр. Осы күні мемлекеттік қызметтегі қызметкерлердің басым бөлігін қыз-келіншектер құрайды.

Көп мысалдың бірі. Денсаулық сақтау саласында олардың үлесі - 75 пайызға, білім беру саласында - 65 пайызға дейін жетеді. Бизнестегі басшылардың да 40 пайызы арулар екен.

Біздің қоғамда осы аруларға артылар жүк те ауыр. Олар отбасының берекесін кіргізіп, жылылығын сақтайтын  үйдің ұйытқысы болса, қызметте де ерлермен қатар табысты еңбек  етіп жүрген қайсар жандар.

Қазақ әйелінің тағы бір қыры – батырлығы. Батырлық десе, қазақтың қос шынары Әлия мен Мәншүкті айтып мақтанамыз. Қар жастанып, мұз төсеніп жүргенінің өзі бір ерлік, ал өзінен әлдеқайда ауыр зеңбіректі көтеріп, от кешкендер ұрпақ жадынан ұмытылмақ емес.

Қазақ даласында батыр қыздар көп болған. II Дүниежүзілік соғысқа барып, зенитшілер қатарында болған батыр әжемен тілшіміз жолығып қайтты.

«Мақтасақ әйелді мақтайық, құрметтейік те әйелді. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе». Құрметтесек, әйелді құрметтейік-ол тіршіліктің – нәрі, өмірдің – әні емес пе. Қадыр тұтсақ қазақ әйелін қастерлеп, сыйласақ қайыспас қара нар қазақ әйелін құрметтейік.

Өлшеусіз мадаққа да лайық қазақ анасы, батыр қыздың бірі – Зинаида Берниязова. Күлдей күңгірт шашы бар, 91-де жасы бар, жүзіне өмірдің өзі жүріп өткен жолдарындай өрнек салған майдангер Ана.

Өткеніне көз салса, шым-шытырық түс көргендей болады. 17-дегі қызғалдақ ғұмырын майдан даласына көміп кеткені еміс-еміс есінде. Бой түзеп, сәнді киім киіп, қыз болып, тотыдай тарана алмады. Атыраудың Доссор кентінен шыққан қарапайым қазақ қызы өз еркімен соғысқа аттанады.

Зинаида Берниязова, соғыс ардагері:

Өз еркіммен бардым. Кім бізге жалынсын. Жалғыз мен емес, мен сияқтылар көп болды. Соғыста қайтыс болғандардың орнына кісі керек қой. Амалсыздан бізді алды.

Бұл уақытта қаланы 416-зениттік артиллериялық дивизион қорғап тұрған. Облыстық әскери комиссариат қосымша әскерді оқуға жібереді. Бір ай өткен соң, 1942 жылдың қаңтарында Зинаида Дүйсенқұлқызы Қызыл әскер қатарына қабылданып, зенитші болып майданға аттанады.

Зинаида Берниязова,  соғыс ардагері:

Соғыс кезінде мен Украина жерін жаудан азат етуге қатыстым. Бір қаланы алсаң, аналар тағы қаптап кетеді. Оны тағы босату керек. Күні-түні соның жанында жүру керек. Оңай жағдай емес. Үй-күй жоқ, тамақ жоқ.

Қыстың іші. Орманның ішінде жүреді. Балаларын жетектеп. Аспаннан бомба келіп түсіп жатыр, дүңкілдеп жарылып, біреудің бала-шағасын өлтіріп жатыр.

Ауылдан ұзап көрмеген қаршадай қыз оқ пен оттың астында жүру дегеннің әсіре сөз еместігіне көзі жетеді. Әр жерде гүрс-гүрс жарылған снарядтар, қою түтінге қамалып қалып жатқан елді мекендер. Аяқ-қолынан айрылған майдандастар...

Зинаида Берниязова, соғыс ардагері:

Сонда керз етік киеміз. Аспаннан бомба атқылап жатады. Жерде балшық пен қар. Сондай жағдай болды ғой. Құдайға шүкір, жаралы болдым. Жеңіл. Жеңіл жара дейтін бармағыңды жұлып кетеді, мойныңды тіліп кетеді. Сол жеңіл деп есептеледі.

Майдангер қыз 416-дивизия құрамында болады. Бұл топ Косторная қаласынан өтіп, Курск иініне бет түзеді. Сол жерде дивизия тағы да ұрыс үстінен түсті. Зинаида Берниязованың айтуынша, адам шығыны болса да, олар Курск қаласын басып алған.

Содан кейін Қызыл әскер Орел қаласына, одан соң Речица қаласы арқылы Тулаға жол тартқан. Ол кезде дивизияда бомбылаушылар, автоматшылар, пулеметшілер және танкистер болған. Олар Сумы қаласын азат етіп, батысқа қарай жылжи берді. Әскерлер немістерді Польшаға дейін қуды.

Люблино қаласына жеткенде соғыстың аяқталуға жақын екенін естиді. Ал, 7 мамыр күні соғыстың біткені жария етілді. Зинаида Дүйсенқұлқызы Батыс және Шығыс майдандарда болады.

Есептеуінше, 3 жыл 8 ай соғысып, 1945 жылдың қазан айында елге оралды. Елге келген соң сырттай оқып жүріп, медбике мамандығын игереді. Денсаулық саласында  жемісті еңбек етті.

Үш бала өсіріп, тәрбиеледі. Қазір Астанада кенже қызының қолында тұрады. Бала-шаға, немере-шөберелері де батыр әжесін мақтан тұтады.

Гүлнар Әлімбаева, Астана қаласының тұрғыны:

Ұшақтарды ататын зениттік бөлім  деген болған. Анам  сонда болыпты. Мен өте қуаныштымын. Анам қазір 91-ге келіп жатыр. Жаңа жылда Беларусь президенті Лукашенко бізге медаль жіберген. Оларға да рахмет.

Зинаида Берниязованың кеудесінде Ұлы Отан соғысының II дәрежелі ордені, «Жеңіске қосқан үлесі үшін», «Маршал Жуков», денсаулық саласының үздігі сияқты медальдары жарқырап тұр.

Ғасыр жасаған қария аштықты да, жоқтықты да, қиындық пен бейнетті көп көрген. Бақыттың кілті еңбекте болса, әйел бақытының құпиясы сабыры мен тәубәсінде дейді. 

Құрметтейік те, қадірлейік те ғазиз ананы, ол өмір сыйлады, ол өз басын тәуекелге тігіп, өзгенің өмірін құтқарды. Мадаққа да, марапатқа да лайық осы жандар.  

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу