«Көктем шуағы» - Ақордада үрдісі үзілмейтін жайма-шуақ кездесу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Көктем шуағы» - Ақордада үрдісі үзілмейтін жайма-шуақ кездесу

08.03.2015
«Көктем шуағы» - Ақордада үрдісі үзілмейтін жайма-шуақ кездесу

БҰҰ көңілді құлазытар мынадай мәліметтер жариялапты. Қазір жер-жаһандағы 800 миллион адамның аштықтан бұратылып, жандары үзілуге жақын. Ішер ас пен киер киімнің жоқтығынан жыл сайын 6 миллион бала ажал құшады.  400 миллион адам аңқалары кеуіп, бір тамшы суға зар.

Төгілген қан кеуіп үлгермейтін біздің ғаламшарда жылда 30 әскери қақтығыс болып, салдарынан сағат сайын 40 адам жер жастанады. Шырқыраған шындық осы. Сондықтан, елдің ішкі тұрақтылығын көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз! Осы жұмада Ақордада өткен қыз-келіншектермен кездесуде Мемлекет басшысы осылай деді.

Бұл – аннық. Тұрақтылық бар жерде – береке бар. Береке бар жерде – қазақтың саны да көбейеді. Президент сол кездесуде қаламыз бен даламызда туу деңгейі өсіп келе жатқанын қуанышпен айтты. Мәселен, былтырдың өзінде жарық дүниеге 400 мың сәби келген.

«Көктем шуағы». Наурыздың 8-і қарсаңында Ақордада үрдісі үзілмейтін жайма-шуақ кездесу. Әр сала бойынша елдің дамуына еселі еңбек сіңіріп жүрген қыз-келіншектер бұл күні Елбасымен дидарласып, Ақордада қонақ болады.

Мемлекеттік хатшы, министр мен депутаттардан бөлек, биылғы жайдары жүздесуде көпбалалы аналар, ұстаз, дәрігер, кәсіпкер, журналист, әскери, әнші, әртіс, спортшыға дейін болды. Шуақты төл мерекелерінде аяулы ана, асыл қыздарымыз Ақордадан марқайып, масаттанып шықты.

Тайпейде  волейболдан өткен Әлем чемпионатында  бұл талдырмаш қыз  «Турнир  ханшайымы»  атанды. Жапон  мультфильмдеріндегі  кейіпкерге  ұқсайтын  сүйкімді бойжеткен  турнирдегі  барлық  жанкүйерді  бір демде баурап алды. 

Қазақтың қаракөзінің   тал бойында мін  жоқ, бойы - 182 сантиметр.  Спортшы қыздың  әлемнің әр қиырында  жүздеген  мың жанкүйері бар. Бірақ,   бұл бикеш  сәнбике  болмаймын деп ақшалы келісімшарттан  бас тартты.    Бұрымды  қазір волейболдан Қазақстан  құрамасының  сапында  ойнайды.      

Сабина Алтынбекова, волейболшы:

Көктем мерекесі қарсаңындағы бұл кездесу мен үшін үлкен сый болды.  Елбасының айтқан  сөздері  мені шабыттандырды,  алға қарай  жеңістерге жетелейді.   

Ал, мына  сұлу кәсіби тенисші – Зарина Диас.  Атағы алты қырдан асқан ракеткашысы «алтын» қыз. Алтын болатыны ITF  турнирінің   жекелей бес дүркін жеңімпазы.  Өткен жылы жер жаһандағы мықты тенисші  қыздардың рейтингінде  30-қа ілікті. Заринаның небәрі 22 жаста екенін ескерсек,  қаракөз әлі әлемнің бірінші ракеткасы, Серена  Уляьмсқа  да лайықты  қарымта береді.  

Зарина Диас, теннисші:

Теннисші ретінде сіздің бэкхендіңіз Рафаэль Надальдің бэкхендіне ұқсас екендігін атап өткім келеді. Мен әлемнің үздік он теннисшісі қатарына кіріп, Уимблдонды жеңіп алу үшін тынымсыз жаттығатыныма уәде беремін.

Оңтүстік Кореяда бокстан өткен Әлем чемпионатында  48 келі салмаққа дейін Назым  Қызайбайға  тең келер  былғары  қолғап шеребі  болмады.  Шымыр бойжеткен   талай  қарсыласты  жұдырықпен   сұлатты. 21 жастағы спортшы Әлем чемпионы  атанған тұңғыш қазақ қызы.  

Әйел - талантты, табанды,  еңбекқор.  Кейде өжеттігін көріп  таңырқайсың.  Қайсарлығы тағы бар.  Әйел игермеген кәсіп  те жоқ.   Ақордада қонақта болған қыз-келіншектердің арасында ғалым да, әртіс те, инженер  де  бар, тіпті  құралайды көзге атқан мерген де болды. Ізетпен сәлем салған   келін де болды

Еңбегі еленгендердің арасында біздің әріптесіміз де бар.    Көрерменге «Балапан» телеарнасы  ұсынатын өнімдерді   електен өткізіп  отыратын  осы арнаның басшысы  әрі тележүргізуші – Ләйлә  Сұлтанқызы.

Аналар күні  қарсаңында Мемлекет басшысы елге  еңбегі сіңген бір    топ   әйелге құрмет көрсетті.   «Көктем шуағы»  деп аталатын дәстүрлі  шараға  әр   салада табысты еңбек етіп  жүрген   қыз-келіншектер жиналды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сіздер арқылы бүкіл Қазақстан әйелдерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Адамзат боласының табиғат  түлер шақта әйелдер мерекесін  ұлықтауы  тегін емес. Әйел – өмір,  жаңару, жасару секілді   түсініктермен  түрленетін жаратылыс. Әйелдің   тілегі – бесіктің амандығы,  отбасының берекесі, бүтіндей елдің   ертеңі. Сондықтан,  бұл топтың   Елбасына  өтініші де бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір сайлау науқаны басталып та кетті. Кезектен тыс президенттік сайлау туралы бастаманы да негізінен әйелдер қауымы қолдады. Мен күн сайын мыңдаған хат алып жатырмын.

Бүгін ертеңгісін үстелімде бір құшақ хат келді. Олардың барлығы сайлауды қолдап, менен өз кандидатурамды ұсынуды сұрап жатыр.

Әйелдің  бар байлығы құрсағында.  Қай   ұлыс та  алтын құрсақты аналарын төбесіне  көтерген. Елбасы   көпбалалы  аналарға «Алтын алқа»   тапсырды. 

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу