«Нұр Отан» партиясының кезекті съезі наурызда өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясының кезекті съезі наурызда өтеді

01.03.2015
«Нұр Отан» партиясының кезекті  съезі наурызда өтеді

«Нұр Отан» партиясының кезекті 16-шы съезі 11-ші наурызда өтеді. Елбасы бұл Қаулыға қол қойды. Осыған орай партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек съезге  қатысушы делегаттарды шұғыл іріктеуді қолға алды.

Сондай-ақ, аймақтармен өткен бейнеконференциялық байланыс үстінде Бауыржан Байбек биылғы жылдың «Бастауыш партия ұжымы жылы» болып тағайындалғанын жариялады. 

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Бұл – тарихи съезд. Сондықтан, еліміздің барлық өңірлерінен бұған 1200-ден астам делегат қатысатын болады. Оның ішінде облыстық мәслихаттардағы партия фракцияларының басшылары, шалғайдағы ауылдарды қоса есептегенде 200-дей бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және 100-ден астам партия белсенділері мен ардагерлері қатысады.

Бауыржан Байбек партияның негізі саналатын бастауыш ұйымдардың маңыздылығына тоқталды. Сосын кезекті құрылтайға тыңғылықты дайындалу керектігін ескертті.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

«Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылдың 11 наурызында  «Нұр Отан» партиясының кезекті 16-шы съезін өткізу жөнінде Қаулыға қол қойды. Осыған байланысты біз бір аптаның ішінде партия жарғысына сәйкес съезд делегаттарын сайлауымыз керек.

Яғни, осы уақыт аралығында біз бастауыш партия ұйымдарының жиындарын одан кейін партияның аймақтық және өңірлік филиалдарының конференцияларын тыңғылықты түрде жоғары ұйымдасқан дәрежеде өткізуге тиіспіз.

Партия құрамында тіркелген 849,7 мың адамды 5 мың 598 бастауыш партия ұйымы біріктіріп отыр. Бүгінде ірі кәсіпорындар негізіндегі 4 филиал мен бастауыш партия ұйымының 13 бөлімшесі жұмыс істеуде.

Екі бастауыш партия ұйымының төрағасы ішінде отызға дейінгі жетекшілер 7 пайыз болса, 30 бен 41 жас аралығындағы басшылар 23,40 пайызды құрады. 41-50 жас аралығындағы төрағалар саны 33,60 пайызға жетсе, жасы елуден асқан басшылар үлесі- 35,70 пайыз болған. Солардың 59,2 пайызы ер адам болса, қалған 40,8 пайызы әйелдер.

Өңірлерде партия съезіне делегаттар сайлау үшін ұсыным басталып кетті. Алматы облысының 100 мыңнан астам тұрғыны «Нұр Отан» партиясына мүше. Аймақта 330 бастауыш партия ұйымы бар. Солардың бірі Талдықорғандағы «Ақ жол» бастауыш партия ұйымы «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің негізінде құрылған.

Кәсіпорын облыс аумағындағы суармалы алқаптардың сумен қамтылуына жауапты. Шаруашылық қызметкерлері Президент сайлауының биыл өткізілуін бір ауыздан қолдап отыр.

Олар бұл шешімді партия мүшесі ретінде де дер кезінде жасалған саяси қадам  деп бағалауда. Көксу каналының арнасын тазартып жатқан кәсіпорын қызметкерлері 26-шы сәуірде өтетін сайлауға ұжым болып қатысып, өз дауыстарын беруге дайын.

Саят Құдайбергенов, «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалы жанындағы «Ақ жол» бастауыш партия ұйымының төрағасы:

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша президенттік сайлауды биылғы жылы өткізуді біз өзіміздің бастауыш партиясы ұйымының мүшелері ішінде мұның қажеттілігін талқыладық.

Бұл өте қажет. Мемлекетіміздің басқару ісіне бастауыш партия ұйымдары  өте белсенді түрде қатысып, қолдайтынымыз жөніндегі Қаулыны қабылдадық.

Ақмола теміржол бөлімшесінің бастауыш партиялық ұйымы «Нұр Отан» партиясының 16 кезектен тыс съезіне дайындықты бастады. Жиынға баратын делегаттар сайлау арқылы анықталады.

Бастауыш партиялық ұйымдардың отырысынан кейін, қалалық және облыстық конференциялар өткізіліп қатысушылардың толық құрамы жасақталмақ. Ақмола теміржол бөлімшесінің бастауыш ұйымы алғашқылардың бірі болып, конференцияға қатысушыларды таңдады.

Роза Арыстанқызы, бастауыш партия ұйымының төрайымы:

Біздің барлық республика бойынша бастапқы партия ұйымдарында осындай жиналыстар өткізіліп жатыр. Өйткені, осы біздің жиналыстарда делегат сайлауы болып өтті.

Біздің бастапқы партия ұйымынан 19-шы кезектен тыс қалалық конференциясына 3 делегат сайланды. Конференцияда әрі қарай съезге делегаттар сайланатын болады.

Оңтүстік өңірде де «Нұр Отан» партиясының алдағы съезіне дайындық басталып кетті. Шымкенттегі теміржолшылар да қалалық конференцияға делегаттар сайлады. Қазіргі кезде бөлімшеде бір жарым мың адам жұмыс істейді. Оның  мыңнан астамы «Нұр Отан» партиясына мүше.

Сондай-ақ, мекемедегі «Жас Отан» жастар қанаты да игілікті істердің ұйытқысы болып жүр. Олар ұжым ішінде іскерлігімен көзге түскен, қоғам жұмысына белсене араласатын 13 азаматты жақтап дауыс берді.

Ұжым мүшелері сәуір айында өтетін Президент сайлауына партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үміткер ретінде тіркелуін бірауыздан қолдап отыр.

Ержан Әбілхан, Шымкент жол бөлімшесі «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары:

Әлемдік саясатқа байланысты және өзіміздің мемлекетіміздің экономикалық тұрақтылығына байланысты, Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы бар. Осыған байланысты «Нұр Отан» мүшелерінің мекемедегі бір ғана үміткеріміз бар. Ол - біздің Елбасы. Рұқсатын берсе біз бір ауыздан ұсынамыз деген үміттеміз.

«Нұр Отан» партиясының 16-съезіне дайындық  қызу жүріп жатыр. Бірқатар облыстарда  бастауыш партия ұйымдарының жиындары өтіп, партияның қалалық конференциясына қатысатын делегаттар іріктелді.

11 наурыз күні Астанада өтетін съезге облыс атынан қатысатын партиялықтардың есімдері дәл осы қалалық деңгейдегі басқосуларда анықталады. 

Айбар ТӨЛЖАНҰЛЫ

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу