Армения Еуразиялық экономикалық одаққа көп үміт артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армения Еуразиялық экономикалық одаққа көп үміт артады

22.02.2015
Армения Еуразиялық экономикалық одаққа көп үміт артады

Жиырма бірінші ғасырдың жасампаз жобасы саналатын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болуға қазір әр елдің-ақ бар таласы. Біздің ел бар, Ресей, Беларусь мемлекетімен қоса, Армения – жаңа жылдан одақтың жаңа мүшесі атанды.

Небәрі 2 ай мерзім болды. Көп уақыт өтпесе де, кәсіпкерлердің көрген жеңілдіктері көп дейді сол елдің үкіметі. Халқының саны 3 миллионға жетер-жетпес елдің жартысынан астамы бүгінде нәпақасын шетелден тауып жүр. Тапқанын туған жерге жібереді де, айлап жалданып жұмыс істейді.

Жалпы, армян халқы өте еңбекқор. Қолөнерге жақын. Түрлі бұйымдар жасаудың қас шебері. Тамақты да дәмді пісіреді, кілемді де керемет тоқиды. Бірақ, сол қолдан жасаған әдемі дүниелері керексіз.

Өйткені, сатып алушы жоқ, нарық кішкентай, әрі кедей. Сол үшін Армения Еуразиялық экономикалық одақтан үмітті.

Әсем Изатқызы, тілші:

Армения Республикасы. 3 миллионға жуық халқы бар. 98 пайызы өз ұлты. Грузия, Әзірбайжан, Иран, Түркиямен шектеседі. Қазақстанмен қоңсылас жатпаса да екі елдің байланысы берік.

Экономикалық, саяси, мәдени ынтымақтастыққа деген ықыласы зор. Әзірге біздің елмен алыс-беріс аз болғанмен, болашақта бұл мәселе ЕЭО аясында оңтайлы шешілмек.

Армения тікелей теңізге шыға алмайды. Ал, көрші мемлекеттермен шекаралары Кіші Кавказдың асу бермес қиын тау жоталары арқылы өтеді. Түркия және Әзірбайжанмен шекарасы жабық. Тек Грузия арқылы ғана Ресейге, сосын Қара теңізге шығады. Иран арқылы да қатынауға болады, бірақ алыстау.

Соңғы онжылдықта Арменияның экономикалық әлеуетінің әлсіреуі осы географиялық орнына да байланысты.  Қазір ЖІӨ жан басына шаққанда 560 долларға тең. Бұл ТМД бойынша төмен көрсеткіш.

Татул Манасерян, экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Арменияның экономикасы қазір көңіл қуантарлық жағдайда емес екенін айту керек. Қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. Әрине, тәуелсіздік алған тұста, басқа да Кеңес шекпенінен шыққан елдер секілді дамудың даңғыл жолын таңдадық. Алайда, бізден кеткен бір қателік – ұлттық ерекшеліктерімізге мән бермеуімізде. 

Қазақстан көпэтносты, ал Армения бір ұлтты ел. Жұмыс бар, қарын тоқтың керісі мұнда. Қайсысымен де сөйлессеңіз, елдегі екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ерлерді айтады.

Отбасын асыраймын деп, талай армян азаматы алыс-жақын шетелге кеткен. Көбі Ресейде, бізде де бар. Өндіріс тұралап, шаруа шатқаяқтап тұр. Бір сөзбен,  Армения әлемде «донор ел» емес, «қансорғыш» мемлекет қазір.

Еңсесі түскен экономиканы ескеріп, ел Үкіметі Еуразиялық экономикалық одаққа кірді. Жаңа жылдан бері Армения одақтың жаңа мүшесі.

Ваче Габриелян, Армения Республикасының вице-премьер-министрі:

Қазір біздің көп азамат Ресейге, сіздің елге кетті. Күнкөріс қамы ғой. Еуразиялық экономикалық одақ шарты бойынша, қарапайым халық үшін одақ елдерінде ары-бері қатынауға ыңғайлы жүйе қалыптасты.

Бір айдың ішінде, бұдан бөлек, біз Еуразиялық экономикалық одақтың тиімді тұстарын байқадық. Қағазбастылықтан қажыған көп кәсіпкерлерімізге ұтымды болды. Кедендік салықтар да жоқ.

Бизнестің дамуы - ол әлеуметтік жағдайдың жақсаруы. Біздің елдер бірін-бірі бұрыннан біледі. Тарихы ортақ мемлекеттердің экономикалық байланысуы жеңіл болады.

Өйткені, Армения Қазақстан нарығына қандай тауар керектігін, ал Қазақстан мен Ресей бізге не қажеттігін біледі. Одақ бәрімізге пайда әкеледі. 

«Алмақтың – салмағы бар». Одақ Арменияның аяғынан тік тұрып кетуіне көмектесер. Ал, Армениядан қандай пайда? Одақтас ел ақпараттық технологиялар бойынша шекаралас мемлекеттерден оқ бойы озық.

Тамақ өнеркәсібі жақсы дамып келеді. Армян шарабы шартарапқа сатылады қазір. Бұл Армения экспорттайтын тауарлар, Арменияның шекарасы импортқа да ашық.

Карен Чшмаритян, Армения Республикасының экономика министрі:

2017 жылы Қазақстанда өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесі, менің ойымша әлем елдерінің өзара байланысын нығайтуға тың серпін береді. Оның үстіне, көрменің шарттары түгелдей Арменияның стратегиялық даму бағдарламасына сәйкес. Ол - инновация.

Қазақстан жаңа технологияларға аса мән береді. Сіздің елдің осы бағытын өзімізге сіңіруіміз керек. Сол үшін де EXPO-ға қазірден дайындық үстіндеміз және дәл осы салада біз одақтас елдермен еркін сауда айналымын жасағымыз келеді. 

Қазақстан мен Армения. Екі елдің тауарайналымы өте аз. Айтуға ұят. Көрсеткіштің көңіл көншітпеуіне әуелі тікелей жолдың жоқтығы кінәлі.

Бізде бар тауар Ресейде сатылады. Ал, Ресей Арменияға бізге қарағанда жақындау орналасқан. Сондықтан, сол жерден сатып алған Арменияға тиімдірек. Енді одақ аясында ол Қазақстанмен екі жақты қарым-қатынасын нығайтқысы келеді.

Қазір бізден Арменияға негізінен астық және металл өнімдері, атап айтқанда, ақ қаңылтыр, қара металл импортталады. Қазақстанға Армениядан  тасты өңдейтін станоктар көп әкелінеді. Жылына орта есеппен 500-600 мың доллар көлемінде.

Сергей Мартиросян, «Карат» машина зауытының директоры:

Зауытымыз 60-шы жылдары салынған. Көне тарихы бар. Негізі әріптесіміз – Қазақстан. Станоктарымызды Ресейге, Түрікменстанға да экспорттаймыз. Жылдан-жылға Қазақстанмен ынтмақтастығымыз артып келеді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығының өзіне жалпы сомасы 500 мың АҚШ доллардың тауарына тапсырыс берілді. 

Еуразиялық экономикалық одақ тек экономикалық мүддені ойлайды. Мұнда саясат жоқ деді Арменияның вице-премьері. Ал, экономика министрі одақ – мүше елдердің ұсақ –түйегі сатылатын ұсақ одақ емес, бұл ірі экономикалық ұйым деді. Ал, Еуразиялық одақ туралы 12 кітаптың авторы Гегамян Арташес, Еуразиялық одақты әлемдік сахнада салмағы бар ұйымға балайды.

Гегамян Арташес, саясаттанушы:

ЕЭО экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Бұл бастысы. Армения үшін 3 миллион емес, 175 миллион нарық әлдеқайда тиімді ғой. Біз экономикалық серіктестікті ертеден бастауымыз керек еді.

Қазақстан Президенті осыдан 21 жыл бұрын айтқан кезде-ақ. Уақыт өткізіп алдық. Бірақ, ештен кеш жақсы. Енді Қазақстанмен қатынасымызды берік етпекпіз.

Армения одаққа көп үміт артады. Тіпті, Түркияның одаққа кіруіне қарсы емес. Сондықтан, жылдар бойы шешімін таппаған екі елдің мәселесін шешуде одақ достық көпір болуы бек мүмкін.

Гегамян Арташес, саясаттанушы:

Мәңгі жау болмайды, мәңгі достар да болмайды, тек мәңгі мүдде болады.

Егер, одақ расында экономикасының тынысы тарылған көп елге көмек берсе, кей елдің басқа мемлекетпен араздығына арағайындық жасаса, онда одақтың оң, ұйымның ұтымды болғаны. Ал, Еуразиялық идея – Қазақстандікі.   

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу