Бақытжан Сағынтаев пен Бердібек Сапарбаев өңірлерді аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бақытжан Сағынтаев пен Бердібек Сапарбаев өңірлерді аралады

08.02.2015
Бақытжан Сағынтаев пен Бердібек Сапарбаев өңірлерді аралады

Дағдарыс жаһанды желкеден алды, жер жүзі қаржылық тығырықтан шығар экономикалық жол іздеп жанталасып жатыр. Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатында «...Қазір біз Ұлттық қордағы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады.

Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады» деген еді.

Демек, жоспарымыз бар. Бағыт айқын. Басты қаруымыз - индустриалды бағдарлама. Сондықтан, нарықта сұранысқа ие болар өз өнімімізді шығарып, жұмыссыздыққа жол бермеуге тиіспіз.

Осы шаруаның қамымен Үкімет басшысының екі бірдей орынбасары бұл аптада ел аралап, бірнеше облыстың қал-ахуалына қанығып келді. Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарына барды. Кенді өңірлердегі өндіріс ошақтарының инвестициялық жобаларымен, аймақтарды дамытудың арнайы стратегиялық бағдарламасымен танысты.

Бердібек Сапарбаев Қарағанды мен Алматы Талдықорған, астықты аймақтар Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарына барды. Өндірістердің дамуын тежемеу, өзін-өзі қажетті тауармен қамтамасыз ету, жұмыс орындарын сақтап қалу, көршілес облыстардың ішкі кооперациясын дамыту, аймақтар арасында алыс-беріс мәселесін жандандыру мәселелерін талқылады.

Апта басында Бақытжан Сағынтаев екі аймаққа барды. Алдымен, ат басын Шығысқа бұрған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары кенді өңірдегі өндіріс ошақтарының инвестициялық жобаларымен танысты. 

«Отандық өндірістің өрісін кеңейтейік. Қазақстанда жасалған тауарды қолдайық. Жалаң ұранмен емес, кәсіпкерлерге көмекті іспен көрсеткеніміз жөн. Ол үшін еліміздегі ұлттық компаниялар сатып алатын тауар, жұмыс пен қызмет түрлерінде қазақстандық үлес артуы тиіс»,-деді бірінші вице-премьер.

Бақытжан Сағынтаев 8 меморандумға қол қойды. Құны 74 миллиард теңге. Мақсат – Шығыс Қазақстанда шығарылатын түрлі тауарды ұлттық компанияларға сату. Тағы 6 меморандум жұмыс орындарын сақтау жөнінде жасалды.

Өскеменнен кейін Б.Сағынтаев кезінде өзі әкім болған Павлодар облысына аялдады. Аймақты дамытудың арнайы стратегиялық бағдарламасымен танысты. Құжат өндіріске инвестиция тартып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуды көздейді.

Жиын барысында ұлттық компания басшылары жергілікті кәсіпорындармен 9 меморандумға қол қойды. Бұл Павлодарда шығатын жалпы құны 128 миллиард теңгенің түрлі өніміне сұраныс бар, деген сөз.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Ұлттық компания басшылары кәсіпорындармен бірге ақылдаса отырып мәселелер қаралған. Біраз сұрақтар бар қазіргі кезде шешімін тауып жатыр. Көптеген мәселе бар. Ол Ресейдегі жағдайға байланысты. Бұл бағытта  қазір жұмыс жүргізілуде. 

Бердібек Сапарбаев сапарын Қарағанды облысынан бастады. Өңірдің өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылы 1,5 триллион теңгеге жеткен. Негізгі капиталға 412 миллиард теңге инвестиция құйылыпты.

Былтыр Жезқазған мыс қорыту зауыты мен кремний шығаратын кәсіпорынның жұмысы қайта жанданды. Ал, «Арселор Миттал Теміртау» егер өз жұмысшыларына жалақысын толық көлемде төлемесе, Үкімет компания басшылығына жеңілдіктер жасамайды. Компания алдымен, Қазақстан заңдарына мойынсұнуы тиіс.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Мына экономикамыздың даму қарқынын сақтап, халықтың тұрмысын, әл-ауқатын төмендетпеуіміз керек. Сол үшін Үкімет өзінің тиісті іс-жоспарларын қабылдады. Ең негізгісі өндірушілерге көмектесу. Әсіресе, тариф жағынан. Жарыққа, көлікке, одан кейін кәсіпорындарды өзіміздің өнімдермен қамтамасыз ету.

Жамбыл фосфор зауыты – әлемнің 33 мемлекетіне 20 түрлі өнімін саудалап отырған өңірдегі ең ірі өндіріс. Өткен жылмен салыстырғанда зауыт өнімділігі биыл айтарлықтай артқан. Кәсіпорын келер жылы экстракциялы фосфор қышқылын шығаратын жаңа өндірістің алғашқы кезеңін аяқтамақ.

Мұқаш Ескендіров, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры:

Алғашқы кезеңді аяқтағаннан кейін 2016 жылы бүгінгіге қарағанда, фосфор тыңайтқыштары үш есеге көп шығарылады. Ал, екінші кезеңді 2020 жылға қарай қорытындылап, компания 1 миллион тоннаға жуық тыңайтқыш шығарады деген жоспар бар.

Сапарбаевтың Жамбыл облысындағы сапары бірнеше меморандумға қол қоюмен қорытындыланды. Құжатқа сәйкес, өндіріс орындары еңбек заңдылықтарын қатаң сақтауға міндетті.

Бақытжан Сағынтаев Қызылорда мен ОҚО облыстарын да аралады. Сыр өңірінде  былтыр өңдеу өнеркәсібі бойынша 73 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға артық. 

Ал, мұнай-газ   бағытында  отандық тауар мен қызмет түрлерін пайдалану көлемі 77,2 пайызға жеткен. Шетелден инвестиция көптеп тартылады. Қазірдің өзінде Еуропа Қайта құру және Даму банкімен жалпы құны 63 миллиард теңге болатын 8 жобаға қол қойған.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Қызылордада 39 миллиард теңгенің көлеміндегі құжаттарға қол қойылу жоспарланып отыр. Екінші мәселе, ол тек қана қол қойылып қоймауы керек, іске асырылуы қажет. Біздің ұлттық компаниялардың тарапынан оның бәрі орындалады. 

Ұлттық компаниялар отандық өндірісті қолдап, жергілікті тауарларды тұтынғаны жөн. Осыған орай Қызылорда облысы әкімдігі мен ұлттық компаниялар  арасында жалпы құны 39 миллиард теңге болатын 9 меморандум қабылданды.

Асқар Махамбетов, кәсіпкер:

Үкіметтің қолдауын кәсіпкерлер жақсы сезініп отыр. Біз бұл орайда үлкен рахмет айтамыз және Сыр бойының бизнес өкілдері   әлеуметтік жауапкершілікті жақсы түсінеді.

Ал, әлеуметтік ахуалды ұстап отыру  үшін жұмысшылар  қысқартылмауы керек, жалақы  уақытында берілуі қажет. Біз осыны қамтамасыз етеміз. 

Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы - еліміздегі қуатты индустриалды аймақтың  бірі.  Индустрияландыру картасы аясында құны 1,2 триллион  теңгені құрайтын 223 жоба іске асырылуда, олардың 65 пайызы ауылдық жерде орналасқан. 

Өндіріс өркендейді, жұмыссыздыққа жол жоқ. Вице-премьер Сапарбаев Талдықорған және Қостанай өңірлеріне жұмыс сапары барысында осы мәселелерді талқылады.

Талдықорған қаласында вице-премьер 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысымен және «Инфоэнерго» серіктестігінің тірлік-тынысымен танысты. Ал, Қостанайда машина жасау зауытына арнайы барып, өндірісті өркендетудің жолдарын сөз етті.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ең негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту. Үкімет тиісті шараларды қолға алып жатыр. Біз қазір кешенді жоспар жасадық Өзіміздің тауар өндірушілердің жағдайына қарай, мәселен, электр энергиясының, көліктің  тарифін төмендету.

Ақтөбе облысында мыңнан аса ірі кәсіпорын бар. Индустриалды-инновациялық бағдарлама басталғалы 11 мыңға жуық жұмыс орнын құруды көздейтін 83 жоба енгізілді. 

Ендігі міндет - отандық өнім өндірушілерді жан-жақты қолдау. Жиында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары бұл үдеден толық шықпай отырған кәсіпорындарға ескерту жасады.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

Біздің индустриалды-инновациялық бағдарламалар сәтті жүзеге асу ішін ірі компаниялар алдымен отандық өнім түрлерін сатып алуы керек. Бағдарламалар аясында көптеген зауыттар, кәсіпорындар ашылып жатыр, олардың тауарын сіздер бастап алуларыңыз керек. Отандық үлесті арттыру деген  міне ,осы.

Ақтөбедегі алқалы жиынның түйіні ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар арасында жалпы сомасы 44 миллиард теңге болатын 7 меморандумға қол қойылды.

Бердібек Сапарбаев Теріскейге де барды. Көкшетауға кірді, Петропавлда болды. Өңірлердегі ірі өндірістердің тыныс-тіршілігіне қанықты. Солтүстік Қазақстан аграрлық аймақ болғандықтан, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру ісі қарқын алуы қажет, деді Үкімет басшысының орынбасары. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ұлттық компаниялардың жұмысын, әсіресе, өзімізден шығатын өнімдерді, тауарларды басқа жерден алмай, өзімізден алып, жұмыс орындарын қысқартпау.

Үкімет арнайы іс-шара қабылдады. Ондағы мақсат – өзіміздің тауар өндірушілерді қолдау, көмектесу.

Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс пен Батыс деп бөлуден аулақпыз. Қазақстан – ортақ. Әр өңір өмірдің ағымына сай даму керек, тежелмеуі тиіс. Үкіметтің мақсаты – осы.

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу