«Атың барда жер таны, желіп жүріп...». Біз бірақ, өз жеріміздің тау-тасы мен сай-саласын, өзен-көлі мен ойпаң-шоқысын, бір сөзбен түйгенде тұмса табиғатымыздың қадіріне жетпей жүрміз. Өз жерімізді танымай тұрып, Түркия десе, «Ооо, Анталья, Бодрум, Кемер» деп, Тайланд десе, «Паттайя, Пхукет, Самуи» деп жатқа соғамыз.
Мәселен, қазіргідей дағдарыс тұсында экономикаға табыс түсіретін жалғыз сала – туризм. Дағдарыстың дауылы туризмі мықты елдің кекілінен де желпи алмайды. Таиландты алайық. Елдегі саяси тұрақсыздыққа қарамастан, туризмін тұралатқан жоқ. Әрине, Таиландтағыдай мұхит пен әсем жағалаулар бізде жоқ.
Есесіне, туристерді қысқы туризм арқылы тартуға болар. Асқар таулы, айдын көлді табиғатымыз бар. Дегенмен, саланың дамуы шабан аттай шоқырақтап тұр. Өңірлердегі демалыс базаларын жарналамау жағы әлсіз. Қанша «ақпараттық заман» дегенізбен, ел тұрғындары елде қандай тынығу орындары бар екенінен әлі күнге беймағлұм.
Тағы да мысал. Франция, Швейцария, Австрия мен Италия. Барғандар білер, бұл елдерде біздегідей қыс, біздегідей қалың қар жоқ. Есесіне, олардың әрқайсысында жүздеген тау шаңғы базалары мен курорттар бар. Осы демалыс орындарының арқасында ел бюджетіне қаражат құйылып жатыр.
Бір айта кетерлігі, сол мемлекеттер тау шаңғы кешендерін салуға ниет білдірген кәсіпкерлерді қолдауға ақша аяған жоқ. Енді туризмнің жемісін теріп отыр.
Бұл кісі – Ботагөз Жүсіпова. Қыс екен деп қысылмай, жылы тонын жамылып, немересін қол шанаға отырғызып, қыдырып жүр.
Ботагөз Жүсіпова, демалушы:
Астанадан «Сосновый борға», немереммен бірге келіп, демалып жатырмыз. Емдері өте жақсы, ұнап жатыр бізге.
Еркін Таңатқанұлы, тілші:
Қостанайдың жазы – қоңыржай, қысы – қыс енді. Аязы да күшті, бораны да мықты, қары да қалың түседі. Сол Қостанайдың іргесіндегі «Сосновый бор» шипажайы қысы-жазы адам аяғынан босамайды. Демалатындар да, ем алатындар да осында.
Ем алатындар деп ескертіп отырғанымыз бұл мекен негізінен шипажай. Яғни, деннің саулығына баса мән береді. Қазір 300-350 адам демалып жатыр.
Дина Жаманшалова, «Сосновый бор» шипажайы бас дәрігерінің орынбасары:
Ауасы өте жақсы, таза ауа, сосын «Қарағайлы орманның» ауасы өкпеге, жүрекке жақсы.
Бардық, көрдік. Қыстың көзі қырау ғой десек те шипажайда жұрт көп. Шаңғы тебеді, мұзда сырғанайды, ат шанамен қыдырады. Бала да, басқа да осында.
Александра 4-сынып оқушысы:
Маған мұнда емге бару ұнады. Бассейн жып-жылы.
Рамилия Хабибрахманова, демалушы:
Мен үнемі салауатты өмір салтын ұстанамын. Барлығына да айтарым сол. Қыс – ғажап мезгіл. Көтеріңкі көңіл күй – денсаулық кепілі.
Біздің жұрт шетке әуес. Біреуі ел көрмекке, бірі ермекке, тағы бірі дүрмекке еріп шетел асып жатады. Көрген жөн. Дегенмен, өз еліңде, өз жеріңде демалғанның пайдасы жан-жақты. Әсіресе, экономикаң дағдарыспен арпалысып жатқанда.
Дина Жаманшалова, «Сосновый бор» шипажайы бас дәрігерінің орынбасары:
Шетелдегі демалыс жақсы, бірақ онда құр ғана демалыс, жер көреді, ел көреді. Ал бізде ем. Ең мықтысы ем ғой. Бұл жерде ауа жұтады, әрі ем алады.
Оның арасында физиопроцедура, балшықпен емдейміз. Озекрийт деген балшық сияқты болады, сонымен емдейміз. Сосын аяғы, белі ауыратын адамдарға өте күшті ем бар.
Әркім өзінікін айтады. Дәрігер Дина Жаманшалова экономика, патриотизм, ұран деп бас қатырмайды. «Емдейміз, келіңдер», деп бір-ақ кеседі.
Ал, мынау атақты Шымбұлақ. Сіз «Шіркін, Швейцария!» дейсіз. Ал, Джони мен Джорж «Шіркін, Шымбұлақ!», деседі.
Джони және Джордж, туристер /Швейцария/:
Бұл біздің Қазақстанға алғаш келуіміз. Өте қатты ұнады. Біз байқағанымыз мұнда Италиядан, Норвегиядан келген қыз-жігіттер көп екен. Дос болып алдық. Расында, Қазақ жеріне келмес бұрын, ғаламтордан Шымбұлақтың суреттерін көріп, ақпараттарды ақтарып шықтық.
Дәл мынадай сұлу әрі үлкен деп ойламаппыз. Қазақстан – табиғаты ерекше ел. Ал, Шымбұлағының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Міне, біз шетел деп тамсанып жүрсек, олар бізге таңғалып жүр. Тағы бір дәлел.
Норди Крафт, турист /Жаңа Зеландия/:
Мен Қазақстанға ең бірінші рет 2003 жылы келгенмін. Содан бері үзбей қыс мезгілі сайын Шымбұлаққа тартамын да тұрамын. Табиғатының тамашалығы өз алдына, қазақтың менталитеті ұнайды. Атырауда, Астанада, Ақтауда да болдым. Бір елде әр текті табиғат.
Қазақтың жері жылдың төрт мезгілі түгел үйлескен санаулы мемлекеттердің бірі. Қысы мен жазы, күзі мен көктемі бір-бірімен қарама-қайшы, бірақ әдемі, толықтырып тұрады.
Рас инфрақұрылым, қызмет сапасы, үйлестіру ісінде өзгеден үйренер көп. Дегенмен, өзіміз өз елімізде демалып, ем алып, ақшаны да өзімізге жұмсамасақ, «көрікті мекенді» әлі де көп жыл кинодан көріп жүре береріміз анық.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ