Еуро арзандап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуро арзандап барады

25.01.2015
Еуро арзандап барады

Осы аптаның басты халықаралық жаңалығы - Сауд Арабиясынан жетті. Жұма күні бұл мемлекеттің королі Абдулла - 90 жастан асқан шағында дүние салды. Нұрсұлтан Назарбаев та корольдің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Абдулла жерленген соң іле-шала монархия тағына марқұмның інісі Салман бин Әбдулазиз әс-Сауди отырды. Отырған бойда Салман патша Абдулланың энергетикалық саясатын әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді. Демек, дүниежүзінің мұнай нарығында таяу уақытта бәлендей өзгеріс болмайтын тәрізді.

Оған бір дәлел –  апта соңында «қара алтын» құны көтерілген жоқ.  Қазір еуро да арзандап барады. Оның долларға қатысты бағамы соңғы 11 жылдағы ең төменгі деңгейге түсіп отыр. Ал, швейцар франкі керісінше, қымбаттап,  Шығыс Еуропа жұрты ипотека төлеуде үлкен қиындыққа килікті. Жалпы, биыл әлем экономикасының даму деңгейі бұрынғы болжамнан төмен болатын түрі бар.

Әсіресе, түкірігі жерге түспей тұрған АҚШ, Канада және Еуропа елдерінің жондарынан жоқшылық таспа тіле бастағандай. Мысалы, Британияда халықтың тұрмысы төмендеп, ұрлық-қарлық көбейген. Соңғы деректер бойынша мұндағы бөлшек сауда саласы кейінгі екі жылда 603 миллион фунт, шамамен 909 миллион долларға жуық шығынға ұшыраған.

Ал, әлемдік әуе қатынасында аты мәшһүр Кипрдің «Кипрус Эйруейс» әуе компаниясы қаржылық ауыртпалыққа төтеп бере алмай, ақыры банкрот болды. Грекияда да әлеуметтік қиындықтар. Қазір ол елде жұмыссыздық саны 25 пайыздан асып кеткен.

Еуропа есеңгіреп жатқанда Швейцарияның Давос қаласында 45-ші Дүниежүзілік экономикалық форум өтті. Жаһандық дағдарыс жайын талқылаған жиынға Қазақстан тарапынан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты.

2011 жылы Швейцария өз валютасы франкті еуроға батыл «байлағанды». Бірақ, қазір сол еурода бұрынғыдай бедел болмай тұр. Оның әлсіреуіне ең алдымен аймақтағы созылмалы экономикалық дағдарыс, Грекияның бұлыңғыр болашағы себеп.

Сондықтан, таяуда Швейцария ұлттық банкі  ел экономикасын сақтау үшін франкті еуродан бейнелеп айтсақ, «айырып» алды деуге болады.  Әрине, еуро конфедерация аумағында айналымнан  мүлде шығып қалды деуге келмейді. Бірақ, франктің қасында Еуропаның ортақ ақшасы  шамамен 20 пайызға арзандап кеткен.

Томас Йордан, Швейцария Ұлттық банкінің төрағасы:

Еуро доллардың қасында құнын жоғалтып отыр. Бұл анық жайт. Соның салдарынан франк те Америка валютасына шаққанда әлсіреді.

Қадірі артқан франкке еуроны молырақ сатып алуға болады. Ал, еуро көп болса, көрші елден арзан дүние әкелу қиын емес. Әсіресе, іргелес жатқан мемлекеттерден.

Оған дәлел – мына көлік кептелісі. Қазір  Швейцарияның Базелінен Германияның  Рейндегі Вайль қаласына ағылып жатқан халық көп. Бұл клиенттер  немістердің саудасын соңғы 1-2 күннің өзінде 50 пайызға өсірген екен.

Бирджит, сатушы:

Жаңа тұтынушылар көп. Таңертең байқадым, Швейцариядан біздің елге көліктер толассыз кіріп жатыр.

Матмиль Раган, швейцариялық тұтынушы:

Еуро өте арзан. Оны бұрынғыдан көбірек  алуға мүмкіндік бар. Ал, мұнда тауардың бағасы жоғары емес. Сондықтан, киім сатып алайын деп осында келдім.

Франктің қымбаттауы швейцариялықтар мен немістерді олжаға кенелтсе, Шығыс Еуропаның кейбір елдері үшін нағыз бас қайғыға айналды. Мысалы, Загреб тұрғыны Илья Маджич 2007 жылы ипотекалық несиені Швейцария валютасымен алған. 

Әрине, 59 жастағы азамат ол кезде франк құнының мұнша өсетінін білген жоқ. Банктер де ештеңе ескертпеген. Қазір борышкер төбе жабудан тапқан табысының басым бөлігін ай сайын банкке апарып беріп жүр.

Несие алғалы, Маджичтің денсаулығы да сыр бере бастаған. Сондықтан, ол күнделікті наны үшін ғана емес, дәрі-дәрмек үшін де артық сағат жұмыс істеуге мәжбүр.

Илья Маджич, ипотекалық несие төлеуші:

Осы үйді алғанға дейін ешқашан дәрі ішкен емеспін. Қазір таблетканы тонналап қабылдайтын сияқтымын. Холестерол, қан қысымы, тағы басқа ауруларым бар.  Ипотекаға дейін шашымда ақ болмайтын. Қазір ол да ағарып, түсе бастады. Теледидардан «франк қымбаттады» деп күніне бес рет қайталай берсе, есім ауысып кететін шығар.

Хорватияда франкпен несие алып, Маджич тәрізді жағдайда жүрген адамдар саны 60 мыңға жетіп отыр. Олардың ішінде ипотекасын төлей алмай, стресстен ауру тауып, өз-өздеріне қол жұмсап жатқандары қаншама. Сондықтан, жергілікті үкімет банктерді валюталық несие құнын өсірмеуге міндеттеу жолдарын қарастырып жатыр.

Осындай ахуалға Венгрия да тап болды. Румынияда одан 150 мыңдай адам зардап шекті. Ал,  Польшада Швейцария ақшасымен жарты миллионнан астам адам ипотека алған екен. Өткен бейсенбіде мұнда  франктің бағамы злотыйдың қасында бірден 15 пайызға қымбаттап, кредит төлеу мұңға айналды.

Поляк үкіметі қазір несие шарттарын жеңілдет деп банктерге қысым жасап отыр. Және де министрлер кабинеті сол банктердің займ беру тәжірибесін тергеуге бұйрық берген. Бірақ, елдің қаржы министрінің бұл дауға  араласқысы жоқ.

Матеуш Шчурек, Польша қаржы министрі:

Біздің қаржы жүйеміздегі билік әлемнің валюта нарығындағы істерге килігуге сондай пәрменді деп айта алмаймын. Ал, франктің бағамына қатысты оқиғалардың Польшаға еш қатысы жоқ.

Әр экономикалық қиындықтың өз себебі бар. Мұнай бағасы түскелі, Ресей рубльі 40 пайыз құн жоғалтты. Қазір мұнда – қымбатшылық. Елдің статистикалық қызметінің алдын ала мәліметінше, былтыр инфляция деңгейі 11 пайызға жетіп, азық-түлік бағасы 15 пайызға өскен.

Нанның нарқын көтермеу үшін Ресей Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай экспортын қысқартуы мүмкін. Уақыт өткен сайын өршіп бара жатқан дағдарысты ең алдымен қарапайым жұрт сезіне бастады.

Людмила, Мәскеу тұрғыны:

Біз мұны күнде байқап жүрміз. Бірақ, ештеңе етпейді, әзірге төзуге болады.

Константин, Мәскеу тұрғыны:

Иә, өте сезіліп тұр.  Жаңа ғана кассирден сұрадым, қант екі есеге қымбаттап кеткен екен.

Халықаралық валюта қорының өкілі Масуд Ахмедтің мәлімдеуінше, биыл Таяу Шығыс елдері мұнай бағасының төмендеуінен 300 миллиардтай доллар жоғалтады. Және де осы қордың өзге бір болжамына қарағанда, 2015 жылы әлем экономикасы бұрынғы болжамдағыдай 3,8 пайызға емес, 3 жарым пайызға ғана өсуі мүмкін.

Ал, Еуропа орталық банкі Еуропаның тұралаған экономикасын ынталандыру үшін осы аптада 1 триллион 100 миллиард еуролық бағдарламаны іске қосты. Бұл қаражат наурыздан бастап, ай сайын 60 миллиардтан өндірістің әр салаларына жұмсалып, 2016 жылдың соңында Еуропа дағдарыстан шығады, деген үміт бар.  

Арыстан РЫСБЕК

Хабарламаларға жазылу