Моноқала бағдарламасы аясында Кентаудың тіршілігі түзелуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Моноқала бағдарламасы аясында Кентаудың тіршілігі түзелуде

18.01.2015
Моноқала бағдарламасы аясында Кентаудың тіршілігі түзелуде

Оңтүстікте Қаратаудың етегінде Кентау деген өндірістік кент бар.

Шағын шаһар бір шақтары Мырғалымсай, Ащысай деген кен орындарымен аты алысқа жетіп еді. Өндіруге ыңғайлы, өндірісшілерге жайлы еді, дейді жергілікті жұрт.

80-90 жылдарда жайлы өмірден мән кетіп, кен орындары жабылып, жұрт жұмыс іздеп сабылып, қаланың жылу жүйесі тозып, көшелерінің көркі қашты.

Бұрынғы жайқалған гүлзарлары да қурап қалды. Бірақ қиындықтың соңы бір жеңілдік.

Мемлекет демеген 27 моно қаланың тізіміне Кентау да кіріп, тіршілігіне қан жүгірді. Қазынадан қыруар қаржы бөлінді.

Осы күні 90 мыңнан астам халқы бар Кентауда шағын және орта бизнестің дамуы көңіл семіртеді. Моноқала бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге 3 миллион теңгенің гранты бөлініпті.

Шаруа дөңгеленген соң, кәсіпкерлер де өзгелерді кәсіппен қамти бастады.

Айнұр Омар, тілші:

Кентаудың қала болып қалыптасқанына биыл - 60 жыл. Кезінде Кеңестер одағына кен орындарымен танылған кеншілердің, еңбекшілердің қаласы. Алайда 90 жылдардың тоқырау кезеңінде барлық кен орны жабылып қалды. Халық үдере көше бастады. «Орнында бар оңалар» демекші, Кентау қаласы моноқалалар тізіміне енгеннен бастап, тіршілігі біртіндеп түзеліп келеді.

Қалаға кірген бетте түп-түзу, кең көшелері, қаз-қатар тәртіппен салынған қабатты үйлері, үлкен аллея көрінеді. Бір кездері орталықтан үлкен қаражат бөлініп, мұқият салынғаны көрініп-ақ тұр.

Бұл - кен орындарының Кеңеске аты тарап, дүркіреп тұрған кездегі көрінісі. Тарихтан белгілі, 1936 жылы Ащысай руднигі құрылады. Ал, одан шыққан металл Шымкентте қорғасын зауытын ашуға негіз болады.

 Ащысай кен орны Қазақстаннан майданға кеткен әр тоғыз оқтың жетеуін өндіріп берген. Бірақ қазір кен орны да, одан шыққан заттар да мына мұражайдың экспонатына айналған.

Серік Құлымбетов, кенші-зейнеткер:

Қаншама отбасы қиыншылықтан өтті. Кентаулықтардың көбісі тау-кеншілер болғандықтан, барлығы  сырттан жұмыс іздей бастады. Сыртқа кетіп қалды. Енді қазір үміттері көп әлі де. Қайтып келуде.  Біздің тау-кеншілеріміз Кентауға қайтадан келетін болса, Кентау қайтадан гүлдеп кетеді.

Қаратаудың қойнауы - құт-береке. Олай дейтініміз Кентауға жақын жерде әлі де табылып жатқан кен орындары жетерлік. Соның бірі - алдағы уақытта қайта жанданып, жұмысын бастамақ.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі:

Жалпы, өзі моноқалаларды дамыту  бағдарламасының бір бөлігі - осы қаланың бұрынғы экономикалық салалық мамандануын қалпына келтіру. Яғни, біздің қаламыз тау-кен өндіру саласын дамытушы қала болған.

Тағы бір қуанышты жағдай - Жаңатастан Түркістанға дейін теміржол салынып, өлкенің өміріне жаңа леп әкелмек. Кентау моноқала тізіміне енгеннен бері бюджеттен қомақты қаржы бөлінді.

2012 жылы 231 миллион теңге, 2013 жылы 441 миллион теңге, 2014 жылы 1 миллиард 625 миллион теңге бөлінген.

Оның 370 миллионы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Қалада тұрақты жұмыс істеп тұрған әлеуметтік нысандардан бөлек, трансформатор зауыты бар.

Серғазы Күнтуаров, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ атқарушы директоры:

Моноқалалар арқасында біз өткен жылы 1 жоба өткіздік. Біз көп комплектацияны Түркиядан, Ресейден, шетелден аламыз. Соның бәрін осы жерде істесек деп жатырмыз. Мына зауытпен іргелес индустриалды аймақ ашылуда. Индустриалды  аймаққа екі жобамызды біз де қойып жатырмыз.

Зауыт алдағы уақытта трансформаторға қажет бөлшек жасайтын қосымша цех ашпақ. Оған индустриалдық аймақтан 25 гектар жер бөлінген.

Қала сыртынан бұл аймақта ірілі-ұсақты өндіріс орындары бой көтермек. Кентаудағы кәсіпкерлер қазір өнімдерін көбейтіп, осы аймақтан жер алуға мүдделі.

Соның бірі - сүт зауытын салған Ахмет Өтепбаев. Бұл жерде айына 2,5 тонна пастерленген сүт, 2,5 тонна айран, 500 келі қаймақ, сүзбе өнімдері шығарылуда.

Ахмет Өтепбаев, жеке кәсіпкер:

Қазір кәсіпкерлерді қолдау бөлімі бар. Оны қорғау палатасы бар. Тек жұмыс істеу керек. Оны аяққа қойып, ешкімге міндетсінбей,  өз басыңа өзің қаржыңды жинап, өзіңнің есебің өзіңде. Үкіметке де салық төлейсің, қаншама халықты жұмыспен қамтамасыз етесің.

Кәсіпкердің мақсаты - қаланы толық өз өнімімен қамтамасыз ету.  Көрген-түйгенін балаларына үйрете жүріп, отбалысық бизнесті қалыптастыру.

Ал, қыс ортасында өсіп тұрған қып-қызыл қызанақ пен сабағынан енді үзілген қияр жегіңіз келе ме? Кентауда ол да бар.

Валихан Асаев 20 сотық жерге жылыжай салған. Қазір өзі өсірген өнімін күнара қала базарына шығарып сатады.

Валихан Асаев,  жеке кәсіпкер:

Құдайға шүкір, жақсы. Өзінің шығынын да ақтауда. Маған да ұнады бұл жұмыс. Бірде ондай, бірде мұндай болады. Адам шын көңіл қойып жұмыс істесе, жағдай болады.

Моноқала болғандықтан, кәсіпкерлікпен айналысуға мол мүмкіндік берілген. Тіпті мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 3 миллион теңгенің гранты да бар.

Кентаулық қыз-келіншектер осындай гранттың арқасында қолөнер бұйымдарын жасайтын шағын цехтар ашып алған.

Мереке Айдарша жүн түтетін, бояйтын құрылғы алып, этнодизайндық бұйымдар жасап, саудалап жүр. Ал, Шолпан Құдайбергенова «Қыз жасауы» деген бағдарлама жасап, түйежүн көрпелер тігуді қолға алған.

Шолпан Құдайбергенова,  жеке кәсіпкер:

 Өкіметтен қайтарымсыз 3 миллион грантын алдым. Міне, соған тігін машинасы, мақтаны, синтефонды тігетін арнайы станоктар алдым. Қазір тапсырысқа байланысты жұмыстар істейміз.

Зырылдаған машина көрпені әп-сәтте тігіп тастады. Ұлттық бұйымға деген сұраныс та жоғары, дейді кәсіпкер. Осы қарқыннан таймасақ, Астанада өтетін EXPO-ға да қатысамыз деп жоспарлап отыр.

Кентауда мемлекеттен грант алған спорт залы да, целлофан шығаратын шағын цех, мал бордақылайтын орын да жұмыс істеп тұр.

«Бәрі дамып кетті, қала гүлденіп кетті», деп айтуға - әлі ерте. Шешімін таппаған мәселелер де бар.  Соның бірі - жылыту қазандықтарының «жыры».

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі:

Биылғы 2014- 2015 жылу маусымына біз біршама дайындық жұмыстарын жүргіздік. 171 миллион теңгеге станцияның әртүрлі құрал-жабдығын күрделі жөндеуден, ағымдағы жөндеуден өткіздік. 4 айлық қатты отын облыстық бюджет есебінен алып берілді. Оған жалпы 460 миллион теңге жұмсалды.

Әкімнің айтуынша, қаладағы 6 қазандық жұмыс істеп тұр. 30 мың тонна көмір, 400 тонна мазут қоры бар. Халық наразылығын жиі тудыратын тағы бір түйткіл - шұрық-тесік көшелер.

Кентауда 133 көше болса, оның 35 пайызына асфальт төселген. Былтыр 9 көше жөнделді. Оған 256 миллион теңге бөлінген.

Ал, 2015 жылы көше жөндеу жұмыстарына 207 миллион теңге бөлінді. Жалпы, қаланың инфрақұрылымын дамытуға 1 миллиард 255 миллион теңге жұмсалмақ.

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі:

Қалаға алдағы уақытта газ тартылады. Қала көшелерін қазамыз. Ол қала тұрғындарына қолайсыздық тудыруы мүмкін.  Дегенмен де, биылғы жылы газ таратушы станцияның және қалаға тартылатын магистральді газ құбырының құрылысына қаржы бөлінді. 2015, 2016 және 2017 жылдың соңына қарай қала және оған қарасты елді мекендер газбен қамтылады. 

Жұмыс табылып, кен орындары ашылса, халық та қайта көшіп келуге ниетті. Бірақ қандай қиын жағдайда қаласын қиып кетпей, тұрақтап отырғандар көп.

Кентаулықтар өздерін еңбекшілер мен батырлардың ұрпағымыз дейді. Шағын қаладан 6 - Еңбек ері, 1 - Социалистік еңбек ері, 12 - Ленин сыйлығының лауреаты шыққан.

Қала көптің еселі еңбегімен, маңдай терімен тұрғызылды. Ендігі тілек жалғыз - қаланы қайтадан кеншілер мен еңбекшілер шаһарына айналдыру.

Айнұр ОМАР

 

 

Хабарламаларға жазылу