Жылқы жылы жаһан үшін осындай оқиғалармен есте қалды. Қазір әлем елдері үшін бас ауыртар мәселе – халықтарының әлеуметтік жағдайы. Зауыт-фабрикалар жабылып, жұрт жұмыссыз қалды, экономика тұралаған соң, ереуілдер көбейді, әсіресе Еуропа есеңгіреп кетті.
Ал, бізде жағдай шүкір, озып та тұрған жоқпыз, тозып та тұрған жоқпыз. Үкімет биыл елдегі макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты шайқалтпады. Әсіресе, әлемдік нарықта шикізат бағасының құлдырауына қарамастан, әлеуметтік төлемдер қысқарған жоқ.
Керісінше, биыл зейнетақы жыл басында 5 пайызға, сосын сәуірдің бірінен бастап, тағы 9 пайызға өсті. Сөйтіп, елімізде 1,9 миллион адам алатын базалық зейнетақы 12 пайызға өсіп, 10 450 теңгеге жетсе, еңбек зейнетақысының орташа мөлшері 14 пайызға ұлғайып, 46 661 теңгеге жетті.
Мүгедектерге берілетін ақша мен басқа да әлеуметтік төлемдердің көлемі 12 пайызға артты. Әрі студент жастардың шәкіртақысы 10 пайызға көбейді. Сонымен қатар, Ұлттық қордан бөлінген 1 триллион теңгенің 100 миллиард теңгесі шағын және орта бизнесті қолдауға, 250 миллиард теңгесі банк секторын сауықтыруға және 150 миллиард теңге индустриялық жобаларды іске асыруға жұмсалды.
Одан бөлек, бюджеттік саясат әлемдік шикізат нарығындағы жағдайға байланысты дер кезінде қайта қаралып, Парламентте бекітілді. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы қайта қаралып, оның шарттары жеңілдетілді.
Айбек ҚОБДАБАЙ