Тәуелсіздік күніне орай дәстүрлі жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күніне орай дәстүрлі жиын өтті

21.12.2014
Тәуелсіздік күніне орай дәстүрлі жиын өтті

Азаттық алғанымызға аттай 23 жыл болыпты. 23 жыл - аз уақыт емес, екі жылы кем ширек ғасыр. Осы мезгіл межесінде шыңдалдық, шымырлана келдік. Сонау қылыш қынабынан, қанжар қынынан суырылған, найза белдеуден шешілген, бес қаруын асынған, ат үстінде күн көрген қиын кезеңде Ақтамберді жыраудың күңіренгені бар.

«Кеуде бір жерді жол  қылсам, Шөлең бір жерді көл қылсам, Құрап жанды көп жиып, Өз алдына ел қылсам!» дейді. Сол бабалар аңсаған азаттықтың бүгінгі куәгері – біз. Өз алдына ел болдық!

Елордада дүйсенбі күні Тәуелсіздік күніне орай, дәстүрлі жиын өтті. «Бұл күн өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн»,- деді Мемлекеттің басшысы.

«Тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан ұмытылмас күн», деп және қосақтады. Әлбетте, тәуменді болмау, тәуелсіз болу - жиһандағы кез-келген ұлттың ұлы мұраты. Бұл бірақ, сол кез-келгеннің басына қонбайтын бақ. Қанша халық азаттық үшін алысты, арпалысты, әлі де жанталасып жатыр.

Қалың елді қасиетті мерекемен құттықтаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық мәселелерден де аттап өтпеді. Аумалы-төкпелі кезең туғанын, бізге де оңай болмасын меңзеді.

Дағдарысқа байланысты елдің бюджеті қайта қаралып, шығындар қысқаратынын айтты. Алайда, әлеуметтік төлемдер мен жалақы төмендемейді деп сөз берді. Айтпақшы, алдағы қаңтардан бастап, зейнетақы 9 пайызға көбейетін болды. 

Жаһанда мыңдаған ұлт пен ұлыс бар. 193-інде мемлекет бар. Сол санатта азат – Қазақ елі. Сөзсіз – бақыт. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Тәуелсіз елдердің барлығы тұрақтылық пен татулығы ұйып, дамудың даңғылына түсе қойған жоқ.

Тәуелсіздік тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес ол өткен бабалардың алдындағы қасиетті борыш және келер ұрпақтың алындағы зор жауапкершілігіміз. Біз Тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәубе етіп тәуекелмен болашаққа бет түзеп келе жатқан халықпыз.    

Тәуекелсіз тірлік жоқ қазір. Геосаяси жағдай ушығып тұр. Тағы да дағдарыс пен арпалыс басталды. Қазақстан қамсыз емес. «Нұрлы жол» - экономикалық саясатын түзді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біріншіден, әлем құбылып тұрғанда инфроқұрылымдық даму жөніндегі жобаларға күш салу – бұл заманауи әлемдегі жетілген ұлттарға ортақ тренд. Біз айтып отырған «Нұрлы жол» сол. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникацияларды сала отырып, біз өз аймағымыздың экономикасына нығыз орнығып, өзге аймақтардың экономикасымен тығыз кірігеміз.

Үшіншіден, алып инфроқұрылымдық жобалар – бұл шетелдік инвестициясының тұрақтылығы, бұл біздің тауарлардың шет нарықтарға үнемі шығып тұруы. Олар ұзақмерзімдік экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, жүздеген жылдар бойы қазақстандықтардың келесі буынына қызмет ететін болады.

Төртіншіден, бұл жұмыспен қамтудың, еңбек өнімділігінің, халықтың әл-ауқаты түзелуінің  сенімді кепілі. Бесіншіден, «Нұрлы жол» бұл, бүкіл өңірлерге жаңа мүмкіндік.

«Нұрлы жол»  - мәңгіліктің жолы», - деді Мемлекеттің басшысы. Әрине, жаңа экономикалық саясат – Ұлттық қор қаржысынсыз жүзеге аспас еді. 13 жыл бұрын құрылған бұл қордың да айналасында әңгіме аз болған жоқ, деді Президент.

2007-2009 жылдары болған қаржы дағдарысымен арпалыста да осы қор маңызды іс атқарды. Бірақ, одан Ұлттық қордың ақшасы ортаймаған, 5 жылда 3,8 есе көбейді, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал, енді шикізаттан түскен қаржы экономиканың өзге тармақтарына инвестиция  ретінде бағытталып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Құрметті қазақстандықтар, қазір аумалы-төкпелі кезең туды. Оны өздеріңіз көріп те, естіп те отырсыздар. Әлемдік саясаттағы дағдарыс пен санкциялар ғаламдық экономикада тәуекелді күшейтті. Ал, біз де жаһандық экономиканың бір бөлігіміз, біз әлеммен өте тығыз байланыстамыз.

Қазір барлық мемлекеттер мен халықтарға қиын болып тұр. Әлемдік нарықтар көмірсутегі мен металл және де басқа  экспорт үшін маңызды өнімдердің бағасы арзандағанын аңдатып отыр. Бізге де оңай болмайды, өйткені, біз әлемдік экономиканың бір бөлігіміз. Мұны біздің барлығымыз да, әрбір қазақстандық назарда ұстауы тиіс.

«Бюджет шығысының кей бөліктерін қысқартуға тура келеді»,-деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Бірақ, әлеуметтік салаға әсері болмайды. Үкімет барлық мемлекеттік міндеттемелерін орындайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шынында да аумалы-төкпелі заман келе жатыр. Тұтас дүниені шарлаған дағдарыс бүгінгі күннің басты сипатына айналғанын көріп отырсыздар. Жаһандық экономика кезекті рет соқтықпалы соқпақсыз жолға аяқ басқан секілді.

Бізге де оңай болмайды. Сондықтан, біз алдағы сын-қатерлерге дайын болуға тиіспіз. Біз жағдай ширыққан сайын шынығуға, кедергіге кездескен сайын келелі серпінменен қуат жинауға дайындалдық.

Алысты көздеген даму жолында кездесетін уақытша кедергілерге мойымаймыз. Еңсені түсірмей, ертеңге сенімменен қараймыз.

«Қазақтың сыртқы саясаты – өзгермейді. Кім-кіммен де дос пиғылда һәм тең дәрежедегі экономикалық қатынастан таймайды. Біз өткенімізге үнемі салауат айтып, кешіріммен қараған халықпыз» деді, Нұрсұлтан Назарбаев.

Тарихты – біз ірітуші емес, біріктіруші шежіре ретінде қарауымыз керек.  Айтпақшы,  келер жылы Қазақ хандығының бастауына - 550 жыл толады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік туралы толғанысын жария  етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымыздың қастерлі Тәуелсіздігі мен Мәңгілік еліміздің болашағы мені үнемі толғандырады. Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы қандай болуы қажет деген сауалды мен өзіме сәт сайын қойып отырамын. Осы туралы ой орамдарын қағазға түсіріп, «Тәуелсіздік толғауы» деп атағым келді.

Ол – азат еліміздің күллі азаматтарына, жалынды жастарына бүгінгі буынның ерен істерін лайықты жалғастырып, ертеңгі ұрпаққа арналады. Ол – «Тәуелсіздік толғауы» мынау.

Заман ағымы бізді ҚР тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгіленген тарихи дата - 1991 жылдың 19 желтоқсанынан күн сайын, жыл сайын алыстатып барады. Біз жыл өткен сайын сол бір тарихи таңдаудың сарқылмас құдіретін жан-жүрегімізбен түсінеміз.

Ол – егемен мемлекетте бейбітшілік пен келісімде, өзара сенімде азат өмір сүру таңдауы. Ол – туған жеріміздің қазынасы мен қазба байлығына дербес иелік ету, барша қоғамның игілігі үшін өз қауіпсіздігімізбен жұмсау таңдауы. Ол – өз тағдырымызды өзіміз айқындау, болашағымызды өз қолымызбен жасау таңдауы.

Біздің жаңа Қазақстанымыз жарық жұлдыз болып, дүниеге келді. Баршамызды Тәуелсіздіктің ұлы рухы жебейді, біріктіреді. Бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол – алтын күн жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды.

Ол – әрбір азаматтың жүрегіне, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрады. Ол – біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орнымен, ұлан-ғайыр Отанымызға төселген әрбір сүре жолмен, дала төсіне енген әрбір тонна алтын дәнмен нығаяды.

Тәуелсіздік – сан буын бабалардың, қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі. Тәуелсіздік – кешегі батыр бабалар өсиет еткендей, Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі. Біз жүргізіп отырған сыртқы және ішкі саясат – халқымыздың даналығы, Қазақстанды өркендету жолындағы күллі жауапты шешімдердің даналығы.

Халқымыздың асқақ абыройының, қонақжайлылығы мен кеңпейілдігінің даналығы. Тәуелсіздік дегеніміз – жалпыға ортақ еңбек. Ғылым қуып, білім іздеген оқушылар мен студенттердің еңбегі. Еліміздің ұлттық байлығын еселей түсетін барша мамандық иелерінің еңбегі. Әрбір жас буынның жүрегіне Отанға деген шексіз сүйіспеншілік дарытатын қазақстандықтардың еңбегі.

Оның көкжиегін жаһандық деңгейге жайған сан қырлы мәдениеті бар. Оның ғылымға, инновациялар мен прогресске әрдайым айқара ашық есігі бар. Оның көздеген межелеріне қалайда жететін мақсаткерлігі бар.

Мәңгілік ел – Тәуелсіздіктің өмірлік философиясы. Бұл қағидаларды мүлтіксіз сақтай отырып, біз Отанымыздың көк байрағын нық ұстаймыз. Оны Қазақстан дамуының жаңа белестеріне асқақтата беретін боламыз.

Бұл біздің мәңгілік ұстанымымыз. Құрметті халқым, Тәуелсіздікті өз қолымен жасаған буынның болашаққа жолдаған сәлемі. Мыңжылдықтар бойы еліміздің өмірлік философиясы болып қала береріне сенемін. Біздің халқымыз ешқашан мызғымайтын, жыл өткен сайын нығайып, беки түсетін мәңгілік Тәуелсіздіктің иесі.

«Тәуелсіздік толғауы» ұрпақтың жадында жаңғырып, тәуелсіз рухы әрбір азаматтың жүрегінде тербелсін. Мәңгілік еліміздің мәртебесі биік болсын! Азаттық рухы асқақ болсын! Көк байрағымыз көгімізде желбірей берсін! Қазақстанның жұлдызы жоғары, жолы нұрлы болсын! Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Президент бірлікті айтты, еңбекті айтты, білімді айтты, ішкі-сыртқы саясатты айтты.  Бұл өзі Қазақстан мемлекеттілігінің бұрынын бағамдап, бүгінін салмақтап, қалауын меңзеген толғау болды.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу