Қазақстан жаһанның 130 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан жаһанның 130 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты

14.12.2014
Қазақстан жаһанның 130 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты

Тәуелсіздік алған 1991-ші жылдан бастап, Қазақстан жаһанның 130 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатты. Бұл бағытта біздің ел сыртқы саясатта белсенділігімен, тепе-теңдікке ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен, көпжақты ынтымақ орнатуға деген ықыласымен биік беделге ие болды.

Әрі елі мен жері тыныш мемлекетке инвесторлардың да ағылатыны заңдылық. Қаржысы мол елдер мен ірі трансұлттық корпорациялардың Қазақстанға бүйрегін бұрын тұратыны содан.

Есігін тарс жауып, томаға-тұйық жатпай, көпвекторлы саясат ұстану нәтижесінде әлемдік ірі мемлекеттер АҚШ, Қытай, Ресей, Еуроодақтың, Орталық Азия мемлекеттерінің, Ислам әлемінің сенімді стратегиялық серігіне айналды.

Жозе Мануэль Баррозу, Еуропалық Комиссия төрағасы:

Қазақстан – бүгінде Еуропалық одақтың маңызды стратегиялық әріптесі. Бұл ретте біз тек экономикалық қатынастарды ғана емес, әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесіне қосып отырған үлесін де ескеріп отырмыз. Біздің әріптестігіміз үнемі дамып келеді.

Дэниел Розенблюм, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Орталық Азия бойынша көмекшісінің орынбасары:

Қазақстанның аймақтағы, күллі халықаралық қауымдастықтағы стратегиялық рөлі артып келеді. Мен ел дамуының әр түрлі кезеңдеріне тап болдым. 1990 жылдардың басында, одан кейінгі жылдары да бірнеше рет келіп отырдым.

Шынын айтсам, алғаш Астанаға келгенімде өте аз ғимарат болатын, халық та көп болмайтын. Ал, осы жолы көргенімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дамудың осы бағытынан таймаңыздар.

Фэн Юйцзюн, Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар институтының директоры:

Қытай мен Қазақстан 20 жылдан астам уақыт бойы тату көрші. Қос ел арасында жан-жақты қамтылған стратегиялық әріптестік орнады. Бұл көптеген аспектілерде білініп отыр.

Тек саяси, экономикалық, гуманитарлық салаларда ғана емес, техникалық, жаңашылдық, халықаралық қатынастар тұрғысында да қалыптасып үлгерді. Көптеген сұрақтарға байланысты екі ел бірдей ұстанымдар танытып келеді.

Сондықтан, менің ойымша одан әрі ынтымақтастықты нығайтуда қос елдің әлеуеті зор. Екі елдің көшбасшылары 2015 жылда тауар айналымын 40 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырғаны соған дәлел. Бұл ынтымақтастықты нығайтуға үлкен серпін, көп мүмкіндік бергелі тұр.  

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу