Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Түркіменстанға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Түркіменстанға барды

07.12.2014
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Түркіменстанға барды

Томаға-тұйық өмір сүру тығырыққа тірейтінін түсінді бұл мемлекет. Түркіменстанды айтамын. Кейінгі 4-5 жылдың кемінде саяси-экономикалық көзқарастарын өзгерткені болмаса, оған дейін шетелдік бизнесмендерді шекарасынан сығалатпай келді, қазір жаһанмен жақсы болмаққа ұмтылып жүр.

Шілдесі 70 градусқа дейін шыжитын, жерінің 80 пайызын аптап шөл мен тасты тау, құм көшкіндері басып жатыр десек те, сол жердің 80 пайызы мұнай мен газға бай, әлгі Менделеев айтқан элементтің бәрі түркімен топырағында.

Бүгінге дейін 144 кен орны табылса, шүкіршіл түркімен жұрты соның тек 40-қа жуығын қанағатпен игеріп жатқанға ұқсайды. Газының болжамды қоры 23 триллион текше метр, мұнайы 12 миллиард тоннаға жуық делінеді. Жаһанның дамыған 30-дан астам елі осы түркімен мақтасын тұтынатынын тағы ескеріңіз.

Айтпақшы, 5 рет Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген шаһар да осы Түркіменстанда. Ең биік 133 метрлік ту тұғыры бар, ең алып субұрқақ кешені бар, кілең «еңдерден» құралған бұл шаһар былтыр жиһандағы «ең ақ мәрмәрлі қала» деп танылды. 543 ғимараты мәрмәрмен қапталыпты. Бұл әрине ел астанасы- Ашхабад.

Ашхабад пен Астананың ресми достығына биыл – 22 жыл. Олар қай салада да біріне-бірі жәрдемдесіп, жақсылық тілесуге бар. Осы сейсенбіде Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Түркіменстанға барды. Екі ел ынтымағына қатысты Гурбангулы Бердімұхамедовпен сүбелі келіссөздер жүргізді.

Арқада қыс қаһарына мінгенде, аспаны шайдай ашық, жасыл желегі жайқалған, бұрқақтары су шашқан Ашхабадқа аялдағанға не жетсін. Күн бұрын жауған қардың ізі қалмаған, қала тап-таза. Бір жағынан, мұндай тазалық «Ақ мәрмәрлі қала» беделін сақтап қалу үшін қажет болса, екінші жағынан түркімен астанасы қазақ көшбасшысын қарсы алуға қызу дайындық үстінде.

Ашхабад – сапары индустриялық-аграрлы Түркіменстанның «Hasyl toyi»-на тұспа-тұс келді. Бұл - астық жинау науқанының аяқталуына арналған мереке. Жергілікті дәстүр бойынша ел аумағында концерттік шаралар өткізіліп, түркіменнің әйгілі ақалтекелері аламанға түседі.

Бәсекеге мемлекеттердің де түсетін кезі қазір. Әлемдік нарыққа шығуды көздейтін ел жарыса жүріп, көршілерімен татулықты нығайтуға ұмтылады. Түркіменстан Қазақстанның маңызды сауда серіктесі, Парсы шығанағына, одан әрі Тынық мұхит елдеріне жол ашатын транзит. Нұрсұлтан Назарбаев түркімен әріптесі Гурбангулы Бердімұхамедовпен Қазақстан-Түркіменстан-Иран теміржолының ашылу салтанаты қарсаңында кездесті.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркіменстан Республикасының Президенті:

Біз сіздің сапарыңызға зор мән береміз және ол Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық диалогқа жақсы серпін беретініне сенімдіміз.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Парсы шығанағына қарай теміржол төселуіне байланысты осы жылы тауар айналымы 38 пайызға өсті. Бұрын мұндай болған емес. Ынтымақтастыққа қажетті қорлар көп, оларды халықтарымыздың игілігіне пайдаланған жөн.

Түркімен-қазақ ынтымақтастығының басты тетігі экономикалық байланыста. Жаһандық экономикадағы жағымсыз тенденцияларға қарамастан, соңғы жылдары екі елдің арасындағы тауар айналымы едәуір өскен.

Алдыңғы жылы сауда-саттық 311 миллион АҚШ доллар болса, былтыр 393 миллион долларға жеткен. Ал, биылғы жылдың 9 айында 407,9 миллион долларға сауда жасалған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда, 23 пайызға жоғары. Ендігі мақсат – «тауар айналымын миллиардтық көрсеткішке жеткізу», деді Елбасы. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Стратегиялық жобалардың жүзеге асырылуы біздің елдердің Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі географиялық жағдайын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Хоргос-Шығыс қақпасы» мемлекетаралық сауда орталығы іске қосылды. Батыста Каспийдегі Ақтау портын ұлғайту жобасы жүзеге асырылуда. Сіздерде Түркіменбашы порты жобасы да қолға алынды. 2015 жылы Батыс Қытай-Батыс Еуропа транспорттық дәлізін аяқтау көзделген.

Қытай жағымен келісілгендей, «Қазақстан теміржолы» тынық мұхитының  Ляньюньган портында терминал салады. Біздің есебіміз бойынша 2020 жылға дейін Қазақстаннан порт арқылы өтетін тасымалдар көлемі 7 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Түркімен жағы да бұл мүмкіндіктерді пайдалана алады.

Қазақстан іскерлік транзиттік-логистикалық хабқа айналуды көздейді. Осы орайда, Президент Өзбекстан-Түркіменстан-Иран-Оман, Түркіменстан-Ауғанстан-Тәжікстан транзиттік-транспорттық дәліздеріне қызығушылық танытып отырғанымызды жеткізді. Теңіз көлігі саласын дамыту, энергетика секторын жетілдіру, ауыл шаруашылығының әлеуетін толыққанды пайдалануды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі ел үшін де Каспий теңізінің статусын айқындау мәселесі аса маңызды. Астрахань қаласындағы келісімдер Каспий көлінің құқықтық статусының конвенциясын жасап шығаруға негіз болуы тиіс.

Қазақстан мен Түркіменстанның бұл мәселедегі ұстанымдары ортақ. Біз бүгін шекараларды анықтау туралы келіссөзге қол қойдық, одан әрі де осы бағытта жұмыс істеуді көздейміз.

Соңғы жылдары екі елдің іскер топ өкілдері де жиі бас қосатын болған. Елбасының ресми сапары аясында Ашхабадта бизнес форумы өтіп, іскерлік кеңес құру жөнінде келісімге қол қойылды. Алдағы уақытта тауар айналымын жақсартудың амалдарын іздестіретін Бірлескен жұмыс тобының басқосуы жоспарланып отыр.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер нәтижесінде 6 құжат қабылданды. Екі ел үкіметі, іскерлік топтар мен әкімдіктер арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдар қабылдады. Қос көшбасшының бірлескен мәлімдемесі де жария етілді.

Гурбангулы Бердімұхамедов, Түркіменстан Республикасының Президенті:

Қазақстан біз үшін аймақтағы сенімді және маңызды серіктесіміз. Біз белсенді түрде Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылық орнату мақсатында ықпалдасып келеміз.

Орталық Азияны қақтығыстар мен шиеленістерден ада аймаққа айналдыру үшін күш біріктіріп, континентте  ұзақмерзімді тұрақтылық орнатуды көздейміз.

Халықаралық терроризм, экстермизм, есірткі тасымалдауға қарсы тұру сияқты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге қатысты екі елдің ұстанымдары бір.

Тамыры бір, тарихы ортақ, тілі, діні мен ділі ұқсас тату көршілер Қазақстан мен Түркіменстан стратегиялық серіктестік деңгейіне жетіп отыр. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі екенін айта келе, Гурбангулы Бердімұхамедов қазақ көшбасшысына «Түркімен халқының құрметті Ел ағасы» атағын беріп, арнайы алтын жалатылған күміс төсбелгі табыс етті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз өте жақын халықпыз. Біздің зерттеушілер ТҮРКСОЙ мен Түркі академиясы аясында тарихымызды тереңірек зерттесе екен деймін.  Кезінде біз бір халық болдық, қазір де солай жалғасып келеді. Біздің тіліміз ұқсас, мәдениетіміз, дініміз бірдей, тарихымыз да бір.

Ата-бабаларымыздың жолын жалғап, достықты, бауырластықты келер ұрпаққа жеткізу – біздің басты міндетіміз. Жаман туыстан жақсы көрші артық. Қазақстан мен Түркіменстан аймақтағы, Орталық Азиядағы берік ынтымақтастықтың негізі бола алады.  

Диана Ахметжан, тілші:

Иә, «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды». Жаһандық сын-қатерлерге бауырлас, мүдделес елдер бірігіп төтеп бермесе болмасы анық. Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы жылдар бойы қалыптасқан сенімділікті өзара ынтымақтастықты арттыруға, болашаққа жетелейтін жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға жұмсайтын кез келді.

Диана АХМЕТЖАН

Хабарламаларға жазылу