EXPO-2017 қарсаңында 9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

EXPO-2017 қарсаңында 9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады

30.11.2014
EXPO-2017 қарсаңында 9 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады

Мемлекеттің басшысы биылғы Жолдауда Үкіметке «EXPO-2017 қарсаңында Астананың көліктік инфрақұрылымын дамытуды ойластыру қажет», деп тапсырма берді.

Одан бөлек, миллиондар сапарлайтын ірі шара кезінде шаһарымыз сән-сәулеті келіскен ғимараттарымен де көзді баурай, көңілді жаулай білгені керек.

 Мысалы, жаһандағы кез келген елдің астанасында ерекше әсер беретін еңселі ғимарат, ерен ескерткіштер болады.

Нью-Йорк барған адамнан  «Бостандық мүсінін» көрдің бе?» деп, Парижге жолы түскен танысымыздан «Эйфель мұнарасына» шықтың ба?» деп сұраймыз. Біздің «Бәйтерек» те сол секілді. Елордаға қыдырып келген екі адамның бірі алдымен осы алып «ағашқа» бір соғады.

97 метрлік монументтің төбесінде тұрып, Есіл бойындағы екпінді құрылыс пен жаңарған қаланың келбетіне көз тастайды. Одан қалды, демалыс күндері біріміз қалмай, «Хан-Шатырға» ағыламыз. Бір жексенбінің өзінде бұл ойын-сауық орталығына 25 мың адам барады екен.

Аумағы 64 163 шаршы метрді алып жатқан «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры да Астананың көркіне көрік беріп тұр. Сыйымдылығы жөнінен әлемде төртінші, ТМД-да бірінші орында тұр.

Ал, үлкен экрандарымен көзге бірден түсетін бұл ғимарат та сізге жақсы таныс. Біз отыратын - Медиаорталық.

Қала сәулеті, инфрақұрылымы, енді міне, көлік инфрақұрылымы қолға алынса, жасампаз шаһар жаңаша құлпырар еді. 

Астана. Жас қала, жас болса да бас қала. Астана күн санап өсіп келеді. Оған дәлел халқының саны.

2014 жылғы қазан айындағы санақ бойынша, елордада 844 930 адам тұрады.

Астананың қысы суық дейміз, жазы жайсыз дейміз, өте қымбат қала дейміз. Бірақ, соған қарамастан, елорда тұрғыны атанғысы келетіндер легі әлі саябырсыған жоқ.

Тағы да  ресми дерекке жүгінейік. 2014 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қалаға 26 470 адам көшіп келген.

Елорданың көші-қон өсімінде келгендердің үлес салмағы Ақмола - 20,3, Оңтүстік Қазақстан - 13,8, Қарағанды - 9,8, Алматы  - 9,3, Шығыс Қазақстан - 8,3 және өзге өңірден келгендер 38,5 пайызды құрады.

Қала халқы алдағы 1-2 жылда миллионға жуықтамақ. Қала қарқынды дамып келедi. 16 жылдың ішінде атқарылған жұмыс аз емес.

Алайда, елорданы одан әрі дамыту үшін тағы да қыруар іс атқару қажет. Бірінші кезекте - қаланың инфрақұрылымы. Президент биылғы Жолдауда да Астананың дамуын басты назарда ұстайтынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

EXPO-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана әуежайы осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті - 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан, оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қалаға алғаш келген мейман Астананың әлеуетін не әуежайдан, не теміржолынан байқайды. Сол себепті 2017 жылға дейін Астананың Халықаралық әуежайы күрделі жөндеуден өтпек.

Людмила Копейчук, «Астана Халықаралық Әуежайы» АҚ  маркетинг бөлімінің басшысы:

2015 жылдың басынан қосымша терминал құрылысы басталады. Жаңа терминал 2017 жылдың басында пайдалануға беріледі. 3 деңгейден тұратын  жолаушылар терминалының жалпы көлемі 40 мың шаршы метр болмақ. 2017 жылға қарай әуежайдың жолаушыларды өткізу қуаттылығы 2 есе ұлғайып, жылына 7 миллион жолаушыға дейін артады. 

Астана әуежайы Еуразия құрлығындағы заманауи әуежайлардың бірі деп есептеледі. Әуежайда тәулік сайын алыс және таяу шетелге ұшатын 80-ге жуық ұшаққа қызмет көрсетіледі.

Бүгінгі күні әуежайдың әуе кемелерінің барлық түрін  қабылдауға мүмкіндігі бар. Алайда, бұл мүмкіндік болашақта тағы еселене түспек.

Людмила Копейчук, «Астана Халықаралық Әуежайы» АҚ  маркетинг бөлімінің басшысы:

Алдағы уақытта Астанадан әлемнің түкпір-түкпіріне жаңа рейстер ашылады. Сондай-ақ, шетелмен қатар,  ел ішіндегі рейс жиілігі де арта түспек. Қазіргі күні жаңа әуе компанияларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл жұмыстың барлығы EXPO қарсаңында атқарылмақ. Миллиондаған турист келген кезде әуежайдың қазіргі терминалдарының  әлеуеті жетпей қалуы мүмкін.

Астанадағы бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым, 2 миллионнан астам адам қатысады деп жоспарланған.

EXPO қарсаңында жаңа вокзал да салынбақ. Ал, қазіргі уақытта көрме аумағында түрлі нысандардың құрылысы басталып кетті.

Әлішер Пірметов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Жолдауда Елбасы EXPO-2017 көрмесін ерекше атап өтті. Бұл мемлекетіміз үшін аса үлкен, маңызды іс-шара саналады. Себебі, мұндай халықаралық ауқымды іс-шара Қазақстанда бұрын-соңды өтпеген. Көптеген жұмыс орны ашылып жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша, аймақтағы өндіріс саласында жүрген көптеген мекемемен қарым-қатынас жасап жатырмыз. Бұл сол жерде қосымша жұмыс орны, қосымша салық табыстары, сол өндірістердің ертеңгі кепілдігі деп қабылдауға болады.

Көрмеге арнайы салынған барлық насын халық игілігіне қызмет етеді. Нысандар көрмеден кейін мемлекеттен қосымша қаражат талап етпей, өзін-өзі ақтауы керек.

Әлішер Пірметов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Жалпы көрменің көлемі 174 гектар болғандықтан, барлық нысанға құрылыс материалдары қажет болады. Біздің негізгі бағытымыз - осы нысандардың салынуына жұмсалатын құрылыс материалдарын мүмкіндігінше тек қана қазақстандық тауар өндірушілерден алу. Яғни, біз басымдықты айқындап алдық.

EXPO құрылысына астаналықтар ғана емес, бүкіл ел жұмылмақ. Бүгінгі күні 2 мыңға жуық жұмысшы тартылса, 2015-2016 жылдары 20 мыңға жуық жұмысшы қажет болады.

Сондықтан, EXPO басшылығы мамандарды сырттан әкелмей, елдегі азаматтарды қосымша оқыту арқылы халықты жұмыспен қамтымақ.

Әлішер Пірметов, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Біз әрине, сырттан әкеле берсек те болады. Бірақ, сырттан әкеліп, оларға қаражат төлегенше, көрмеден кейін де, басқа да әлеуметтік нысандарға, құрылыстарға тарту үшін мамандарды өзімізде дайындау керек. Ол жұмысты бүгін жүргізбесек, кеш болады.

EXPO аумағында көрме нысандарынан өзге тұрғын үй, балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар да бой көтермек.

EXPO-2017 көрмесі өтетін ауданда ұзындығы 19 шақырымды құрайтын 4 көше салынады. 9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй де бой көтермек.

EXPO Астананың дамуына зор үлес қосатын жоба болады. Аймақтардан тартылатын жұмыс күші, құрылыс материалдары да халықты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға да зор ықпал етпек.

 

Айнұр ОМАР

Хабарламаларға жазылу