Қазақстанға Өзбекстан мен Чехия Республикасының басшылары келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанға Өзбекстан мен Чехия Республикасының басшылары келді

30.11.2014
Қазақстанға Өзбекстан мен Чехия Республикасының басшылары келді

Осы аптаның басы Астананың сол жағалауы, Ақорда жақ екі бірдей мәртебелі мейманды күтіп алуға қамданды.

Дүйсенбіде елордаға Чехияның президенті Милош Земан ресми сапармен келді. Жаһандық саясат сахнасында Ясир Арафат, Йорг Хайдердей тісқаққандарды айыптап, өткір мәлімдемелерімен танылған 70 жастағы саясаткер 10 миллионнан аса халқы бар Чех мемлекетінің беделді, белсенді президенті.

Чехия - тәуелсіздігіне былтыр ғана 20 жыл толған Орталық Еуропадағы мемлекет. 1918 жылы осы Чехия, Словакия және Карпаттүбі Русі бірігіп, тәуелсіз Чехословакияны құрғанын тарихтан білерсіз.

Бірақ, баянсыз болды. 1993 жылдың 1-қаңтарында екіге, Чехия мен Словакияға бөлініп кетеді.  Сол жылы біздің Қазақстанмен дипломатиялық байланыс орнатады.

Шағын болғанымен, экономикасы ширақ Чехияның 2005-жылдан бері бізге салған инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жетті.

Осы аптада Ақорданың алдына ат байлаған тағы бір мейман - Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов. Қазақ пен өзбек арасындағы сауда-саттық, тауар айналымы қазіргідей әлемдік экономикадағы ахуалдарға қарамастан өсіп келе жатқанымен, аса көз қуанып, көңіл семіретіндей емес.

Оны біздің Президент те ашық айтты, ашып айтты. «Екі елдің экономикалық қуаттары толық пайдаға аспай жатыр»,- деді.

Ақорда. Қызыл кілем, салтанатты қарауыл, ресми делегация, екі елдің әнұрандары.

Мәртебелі мейман - Милош Земан. Сән-салтанат - халықаралық дәстүрдің талабы. Президенттер алдымен оңаша кездесіп, пікір алмасты.

«Әлем оқиғаларына қатысты біздің елдеріміздің көзқарасы ұқсас. Чехия - біз үшін Еуропадағы маңызды сауда серіктесі әрі соңғы жылдары экономикалық қатынастардың қарқыны өсіп келе жатқаны байқалады», - деді Қазақстан Президенті.

Милош Земан өз кезегінде түрлі салаларда ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, өзінің Қазақстанға - стратегиялық маңызы бар өңірде орналасқан елге келгенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Қазір Қазақстан нарығында Чехия іскерлік топтарының қатары өсіп келеді. Бұл - жақсы үрдіс. Қазақстанда денсаулық сақтау, фармацевтика, автокөлік, машина құрастыру, құрылыс салаларында 70-тен астам чех компаниясы  жұмыс істеуде. Қазақстан чех іскерлерін «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасына қатысуға шақырады. Біздің елдеріміздің өзара тиімді байланыстарын кеңейте түсуге мүмкіндіктері бар. Қазірдің өзінде сауда-саттығымыз 1 миллиард доллардан асты. Биылғы жылдың өзінде сондай өсім бар. ЕО-ның белсенді мүшесі саналатын чех мемлекетінің Қазақстанға тигізетін жақсылығы көп болады, деп санаймын.  Чехияда біздің 2 мыңға жуық жастарымыз оқып жатыр. Чехияға Қазақстанның туристері көп қарым-қатынас жасайды. Сондықтан, авиа, теміржол, көлік жолы байланыстары  бізге өте берекелі болады, деп санаймыз.

Милош Земан, Чехия Республикасының Президенті:

Бұрын экономикада ғажайып саналған елдер, мысалы Германия, Жапония, Оңтүстік Корея секілді мемлекеттерге қазір Орталық Азияны теңеуге болады. Оның ішінде әрине, экономикалық шешімдердің кіндік ортасы болып отырған Қазақстанды атар едік. Осыдан 12-13 жыл бұрын үкімет төрағасы ретінде менің Қазақсанға келгенім бар. Содан бергіде мен үлкен дамуды көріп отырмын. Мысалы, елдің құрылыс саласындағы ерекшелігі,  жаңа Астана салуларыңыз. Президент мырза Назарбаев мені 2050-жылға дейінгі жоспармен таныстырды. Соған қарай отырып, Қазақстан халқының еңбекқорлығы арқасында Президент мырза атағандай, Қазақ елі жаһандық экономикада  маңызды ойыншылардың біріне айналарына сенемін.

Бұл екі Президенттің бірлескен мәлімдемелері. Өндірістегі ынтамақта «Skoda» автомобильдерін атауға болады. 2005-жылдан бері Қазақстанда  «Skoda» маркалы 15 мың көлік құрастырылған, ал, келер жылы 8 мыңы жоспарда тұр.

Қазақстан Чех кәсіпкерлерін серпінді индустриялық бағдарламаға белсенді қатысуға шақырады. Біздің тараптан  инвесторларға салық жеңілдігі, виза жеңілдігі, келісім құжаттарының ыңғайлылығы секілді тиімді ұсыныстар бар

Милош Земан әлемге «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымы тым қауіпті екенін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев Украина дағдарысын еске салды.

«Қазақстан - өсіп келе жатқан экономика. Қазір шамамен 6 пайыз өсім бар. Еуропа мемлекеттері өсімтал нарықты үнемі назарда ұстайды. Қазіргі 6 пайыз аз емес»,- деді Чех президенті.  Сосын Қазақстан басшысын Прагаға шақырды.

Ал, Қазақстан мен Өзбекстан - мәңгілік достық шартына қол қойған мемлекеттер. Біздің тарап  Өзбекстанды бауырлас ел, достас көрші, Орталық Азиядағы стратегиялық әріптес санайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан мен Өзбекстан Орталық Азия өңірінде маңызды рөл атқаратын серіктес мемлекеттер екенін білесіздер. Біздің өзара іс-қимылымыз достық пен стратегиялық әріптестікке құрылған. Өзбекстан президентінің бұл сапары екі елдің ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығарады, деп сенеміз. Осыдан екі жыл бұрынғы кездесуімізде берген тапсырмаларды тексерген кезде екі елдің арасындағы сауда-саттық қарым-қатынастың біршама ұлғайғанын көріп отырмыз. Сондықтан, бұл кездесудің өзінің нәтижесі көп болады, деп сенеміз.

Өткен жылы Өзбекстанмен арадағы тауар айналымы төрт есеге көбейіп, 2 миллиард доллардан асса, биылғы жылдың тоғыз айында 1,5 миллиард долларға жетті. Қазақстанда 118, ал, Өзбекстанда 170 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Десе де, арадағы экономикалық әлеуетті әлі де арттыра түсу қажет.  Тараптар екі ел Үкіметі арасындағы өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға және Сыртқы істер министрліктері арасындағы алдағы екі жылға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының президенті:

Бұл кездесу талқыланған барлық мәселелер бойынша ұстанымымыздың бір екенін көрсетті. Қазіргі заманауи сын-қатерлер Қазақстанның да, Өзбекстанның да стратегиялық мүдделеріне тікелей ықпал етеді. Бұл жағдай бізден бейбітшілікті, тұрақтылық пен өңірдегі тыныштықты сақтауда, ұлттық экономиканың орнықты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруда барынша тығыз ықпалдасуды талап етеді.

Тараптар өңірлік қауіпсіздік, терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 

Біз Украинадағы, Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы жағдайды да талқыладық. Қазақстан мен Өзбекстан бірін-бірі халықаралық аренада бұдан әрі де қолдауға ниетті. Бірлескен, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымы, ОБСЕ, ТМД, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және басқа да құрылымдар аясындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысатын боламыз. Халықаралық лаңкестік пен діни экстремизмге қарсы бірлесіп қарсы тұруымыз да маңызды болып қала береді.

Мемлекет басшысы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне Өзбекстанның да қатысатынына сенім білдірді және біздің елдің бұған қажетті жағдай жасауға әзір екендігін айтты.

Кездесуден кейін мәртебелі мейман Тұңғыш Президент кітапханасын аралап көрді.

 

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу