1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні

30.11.2014
1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күні

Ертең - 1 желтоқсан. Бұл желтоқсан қазақ үшін қадірі артық мезгіл.

Нақ осы айда қамытбауы сөгілген Қызыл үкіметтің ноқтасын сыпырып өздеріне лақтырып, ақмылтық боранда жоғалтқан азаттықты қайтарып алғанбыз.

Оған дейін нақ осы айда 1917-жылы Алашорда Үкіметі құрылған, нақ осы айда 1986-жылы қазақ жастары қасқайып тұрып теңдік сұраған.

Нақ осы желтоқсанда тағы бір тарихи оқиғаны бастан өткеріп, егемен еліміздің тұңғыш Президентін бүкіл халық болып сайлағанбыз.

Көркемдесек, тіл үйірер тәттідей болған «Тәуелсіздік» дейтін ұғымның дәмін енді сезген біздің халық 1991 жылдың 1-желтоқсанында өз Президентіне дауыс берді. 

Бүкілхалықтық саяси науқанда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ ССР-нің тұңғыш Президенті атанды. Сол айдың 10-жұлдызында ұлықтау рәсімі өтті, Мемлекеттің басшысы Алаш баласының алдында ант қабылдады.

Президенттік қызметке кірісе сала, Қазақ ССР-ын Қазақстан Республикасы деп атау туралы Заңға қол қойды.

Ал, 16-желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша, 1986 жылы қазаққа қайғы әкелген желтоқсан араға 5 жыл салып, көл-көсір қуаныш та сыйлаған еді.

1991-жыл, 1-желтоқсан. Қазақ мемлекеті тұңғыш Президентін сайлаған күн. Халықтың 98,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, дауыс берген атаулы дата.

Азат ел болуға қазақтың шын бекінген, кемеңгер халықтың көреген басшысын таңдаған тарихи күні. Араға 10 күн салып, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ата жолымен ақ киіздің үстінде отырып, елге адал болмаққа ант берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Республикамыздың халқына қалтқысыз қызмет етуге, Қазақ Республикасы Конституциясын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақ Республикасы Президентінің мәртебелі міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін.

Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау. Елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы әлсіреп, полиэтникалық жағдай күрделенген алаң-елең шақ.

Осы бір қиын-қыстау күндері халықтың басын біріктіріп, елдіктің қазығын қағатын тұлға қазаққа да қажет болған. Халық өз таңдауын жасады.

Сайын Борбасов, саясаттанушы:

Халық сол кезде не істерін білген жоқ. Осы биліксіздік хаустық жағдайға апаруы мүмкін еді. Қоғам тіпті күйреп кетуі мүмкін еді. Ондай жағдайда охлакратия басталар еді. Охлакратия - тобырдың билігі. Ал, тобырдың билігі болса, мемлекет құлайды. Міне, халық осындай қауіпті сезініп, вертикалды президенттік биліктің қажет екенін түсінді. Сондықтан, халық саналы түрде біздің бірінші Президентімізге дауыс берді. 

Азаттықтың алғашқы күндері Қазақ елінің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заңды Жоғарғы кеңеске ұсынды. Сол жылы 16-желтоқсанда ол Заңға қол қойды.

Елдің ішкі және сыртқы қарым-қатынасты реттейтін заңнамалық база қалыптастыру, қорғаның болар Қарулы күштер құру, шекараны шегендеп, төл теңгені айналымға енгізу секілді үлкен саяси қадамдар жасау алғашында алынбайтын асу секілді көрінген.

Ең қиыны - тарыққан елді нарыққа бейімдеу еді. Бірақ, сол 1991 жылғы халық таңдауы Президенттік институттың қалыптасып, елдің еңсе көтеруіне негіз болды.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы арқылы біз мемлекетіміздің алғашқы кірпішін қаладық, десек те болады. Сол арқылы біз егемендіктің алғашқы қадамын аттадық, мемлекеттің, егеменді елдің болашаққа деген сенімін ұялаттық. Сол арқылы еліміздің ертеңгі күндеріне Елбасымыздың соңынан ілесетінімізді білдірдік. Ал, өткен тарих, бүгінгі өткен жол соның бәрін дұрыс екендігін, әділ екендігін және нық екенін көрсетіп отыр. 

«Алдымен экономика, содан соң саясат» қағидасы халықтың әл-ауқатын түзеді. Президент жариялаған көпвекторлы саясат инвесторлардың еркін келуіне жол ашты.

Сөйтіп, бұрын тек шикізатқа тәуелді ел өз өндірісін өркендетіп, тірлігін түзеуге ден қойды. Арада жылдар өткенде прагматик басшы ретінде танылып, ел мойындаған Елбасы қазақтың халықаралық қоғамдастықтағы орны мен рөлін де айшықтап берді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Кезінде  ядролық қарудан бас тартуымыз - Қазақстанның бүкіл жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлкен үлесі. Одан кейін де Елбасының біраз бастамалары болды. Елбасымыз АӨСШК деген үлкен бастаманы көтерген болатын. Сол жақсы дамып келе жатқан институт. Жаңа бір белестерге шығып жатыр.

Ел дамуының 2030-жылға дейінгі Стратегиясы. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастардың атажұртқа оралуы. Ер мерейін ғана емес, ел мерейін тасытқан Елорданың қонысы. Азаматтық қоғам құрып, демократияға дем беру. Қоғамдық келісім мен тыныштықты ту етуі.

Экономика мен әкімшілік жүйедегі тың реформалар. Ондаған жыл дағдарып қалған ОБСЕ-ге төрағалық етіп, оның Саммитін өткізу.

Қысқасы, қазақтың бодан болған жылдары өшкенін қайта жағып, халық тарихы мен оның асыл мұраларын жаңғырту - Ұлт көшбасшының пешенесіне жазылған ұлы еңбек екенінде дау жоқ.

Сондықтан, елінің Елбасын ұлықтауға арнаған мәртебелі мерекенің де Қазақ үшін жөні бөлек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біз осы мейрамды тойлау арқылы өзіміздің мемлекеттілігімізді тойлап жатырмыз, мемлекеттілігімізді күшейтеуге жұмыс істеп жатырмыз, осыны жастарға түсіндіріп жатырмыз деп айтуға толықтай негіз бар. Сондықтан, бұл мейрамды біз Қазақстанның, қазақтың мемлекеттілігін насихаттауға мүмкіндік беретін атаулы дата, деп қарастырумыз керек. 

Тәуелсіздік жылдары қазақ елінде төрт рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өтті. Саяси доданың төртеуінде де халық Нұрсұлтан Назарбаевты көшбасшы ретінде қалайтындықтарын өз таңдаулары арқылы дәлелдеді.

Демек, сенімге селкеудің түспеуі, сертінде тұратын ердің елі үшін жасаған еңбегінің бір парасы ғана болса керек.

 

Айбек ҚОБДАБАЙ

 

Хабарламаларға жазылу