Мемлекет басшысы бірқатар шенеунікті қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бірқатар шенеунікті қабылдады

23.11.2014
Мемлекет басшысы бірқатар шенеунікті қабылдады

Апта басынан бері Ақордаға біраз шенеунік кіріп шықты. Алғашқылары - Бас прокурор Асхат Дауылбаев пен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров.

Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» аясындағы жұмысты күшейту қажет» деп түйді. Жадыңызға салалық, бұл бағдарлама өткен аптада «Нұр Отанның» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жемқорлыққа  қарсы күрес  бағдарламасын  қайта қарап шығу керек. Осы жылдар аралығында біз  парақорлықты түбірімен жою мақсатында қыруар шаруа  тындырдық.

Заңнама өзгерді, шенеуніктердің  кәсіпкерлермен тікелей араласуына шектеу қойылды, тәртіп барынша қатайды. Біз айыпты болған шенеуніктерді қызметіне қарамай жауапкершілікке тартып жатырмыз.

Заң бұғандар  тиісті жазасын алуда. Қазір халықаралық тәжірибені қарап, зерделеу керек. Біз жыл басында шенеуніктердің бір тобының жалақысын көтердік, жағдайын жасадық.  

Енді олар бізге адал қызметтің үлгісін көрсетуі керек. Оның үстіне қазір жаңа «Нұрлы Жол» бағдарламасын қолға алып, мемлекеттің қомақты қаражатын экономиканың дамуына бағыттап жатқанда «НұрОтан», прокуратура, арнайы агенттік бірігіп жұмыс істеуі керек.

Президент сондай-ақ, «жемқорлыққа қарсы бірлескен ымырасыз күреске қарапайым халықтың да мүдделі болғаны жөн», деді.  Ең бастысы, жұртшылық жемқорлыққа апарар жағдаяттарды білген-көрген жағдайда ол жөнінде хабарлап, соған сай нақты шаралар қабылдануы керектігін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз ТМД  шеңберінде бірінші болып жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды қабылдадық. Ол құжатқа қол қойғанда мен  халыққа айтқан едім «ешкімге артықшылық жасалмайды» деп. 

Мейлі туған-туысы, ет жақыны, бауыры болсын жемқорлыққа барса ешкім де   қорғалмайды.  Сондықтан, тағы бір рет  ескертемін. Біз бір адамды өсіру үшін көп  уақыт жоғалтамыз.

Министрге  дейінгі   кадрды  дайындау үшін  ондаған, тіпті   жиырмы жыл  төменнен бастап  тәрбиелеп, осы мақсатқа  мемлекет қаражатын жұмсаймыз.  Кейін олар  орта жолда үмітті ақтамай жатады.  Барлық адамдар түсінуі керек  жемқорлықпен біз бірге  күресуіміз керек.

Президенттің тапсырмаларын мұқият қағазға түртіп алған қос басшы үнсіз қалған жоқ. Партия бағдарламасын іске асыруға кірісіп кеткендерін мәлімдеді.

Асхат Дауылбаев, ҚР Бас прокуроры:

Біз Саяси кеңес отырысынан кейін   алқа мәжілісін  өткізіп, жаңа  міндеттерді белгіледік.    Жемқорлыққа   қарсы күрес бағдарламасын  жасадық. Сонымен қатар, біз   бюджет қаражатын   пайдалануда   заңнаманың  сақталуын,   әр тиынның   мақсатты жұмсалуын бақылайтын боламыз.

Қайрат Қожамжаров, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

Біз ертеңнен бастап  қызметке кірісеміз.  Заң қабылданып, оған  қол қойдыңыз. Сондықтан, сіз  алдымызға  қойған мақсаттар біз үшін  басымдыққа ие. Қазір Жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің  жеке құрамы   құрылымданып жатыр.   Біз  жүйелі әрі тиімді  жұмыс істейтін боламыз.

Мемлекет басшысы ертесіне Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығын да қабылдады. Президиум төрағасы Тимур Құлыбаев пен  басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президентке Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылған кезден бергі қызметінің нәтижелерін баяндады, сондай-ақ, отандық бизнестің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі. Президент мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне зор көңіл бөлетінін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл бизнесті тексеруге жарияланған мораторий аяқталады. Ал, келесі жылдың қаңтар айының бірінен бастап Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастайды, Соған орай біздің бизнесмендерге жаңа жағдайдағы бәсекелестікке дайындалған жөн.

Сонымен қатар, Қазақстанда бизнестің дамуына «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты кеңінен жол ашады. Әрбір кәсіпкер өз өрісін тауып, нарыққа «орналасуы» тиіс, ал, Ұлттық палата мен мемлекет өз тарапынан соған қажетті барлық жағдайларды жасауы керек. Осы шаралар жаңа кәсіпкерлік құрылымдар мен бизнесте жаңа тұлғалардың пайда болуына септігін тигізеді деп үміттенемін.

Дүйсенбіден басталған Ақордадағы қабылдаулар сәрсенбіде де жалғасты. Біздің елде соңғы жылдары кенезені кептірер судың тапшылығы байқалады. Оны қалай шешпек қажет?

Күрделі мәселені Елбасы Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішевпен талқылады. Президент сумен қамту  мәселесінің өте өзекті тұрғанын айтып, жаңа бөгеттер салу қажеттілігін анықтап, жерасты суларын пайдалану, жайылымдарды суландыру жөнінде зерттеулер жүргізуді тапсырды.

Одан бөлек, пайдаланылмаған суармалы жерлерді айналымға енгізу, көрші елдермен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану мәселелеріне де айрықша назар аударды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көктемде су болады. Соны ұстап қалатын  тоған керек пе? Бұрынырақта Қазақстанда  мыңдаған құдық бар еді. Оның маңында  отар-отар қой жайылатын.  Оның бәрі жабылды.

Бізде  өзен жоқ. Ертіс те, Іле де  Қытайдан келеді. Осыны қарадыңдар ма, су көбейеді деп отырған ешкім жоқ.

Ислам Әбішев, Су ресурстары жөніндегі комитеттің  төрағасы:

Нұрсұлтан Әбішұлы, мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол бағдарлама бойынша су көздері түгенделіп жатыр.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу