Моңғолия десе, көз алдымызға өркениеттен ада, артта қалған мемлекет елестейтіні рас. Қателесеміз. Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының сарапшылары Моңғолияны қарқынды дамып келе жатқан мемлекет деп отыр.
Британияның «The Economist» журналы жазыпты, алдағы уақытта моңғол экономикасы жылына 13 пайызбен өспек. Бір басылым тіпті «М-3» деген термин енгізіпті. М-3 дегені- Моңғолия, Мозамбик, Мьянма елдері. «Олардың болашағы зор, себебі мұнда көзі ашылмаған қазба байлық мол», деген.
Сай-саласы алтынға толы Алтай таулары туралы аңыз-әфсана көп. Моңғолша «Алтын тау» дегенді білдіреді. Осы Алтын таудың күнгейін Моңғолия қазақтары жайлап жатыр.
Баян-Өлгийдің өзінде 90 мыңнан астам қазақ тұрады. Тау-тауда үй тігіп, мыңғыртып мал айдап, қысы-жазы аузынан ағы үзілмей отыр. Сенесіз бе, 60 миллион бас малы бар екен. Бірақ, ондағы қазақ тек малмен күнелтпейді. Қандастарымыздың көбі кен байыту саласында жұмыс істейді.
Айнұр Омар, тілші:
Біз тау-тастың арасында жүрген жоқпыз. Моңғолша бурыл бұрджын, бізше мәрмәр гранит мына таудың арғы жағынан әкелінеді. Бір кесегі 2-3 тонна. Цехтың ашылғанына нәбәрі 2 ай болды. Бізді бір таңқалдырғаны, құрылыс пен өндіріс қатар жүріп жатыр.
Бұл жақта жұмыс жүйесі өзгеше. Біздегідей алып зауыт тұрғызып, соңынан «шикізат жетпейді, бізге көмек етпейді», деп жабылып тынбайды. Цехты тұрғызған да осы жұмысшылар. Өндіріс көлемі ұлғайып жатса, құрылыс нысаны қосымша салына береді. Моңғолияда қазір жұмыс істеп тұрған 10 шақты кен байыту өндірісі бар.
Төлей Рахметұлы, кәсіпкер:
2000-шы жылдан бері қарай осындай өндіріске қадам басып келе жатырмыз. Өндірісті өркендетуге Үкіметтің соңғы жылдары ұзақ мерзімде қарыз беретін мүмкіндіктер жасап жатыр.
Соның арқасында Өлгийге шағын өндіріс салып жатырмыз. Біздің жерімізде қазба байлық өте мол. Тастың қоры жеткілікті. Жүздеген, миллиондаған жылмен тауысу мүмкін емес. Амандық болса, Қазақстан, Ресей тағы да көршілес жақын қай елдер бар, одан қалса Ұлан-Батырға тасымалдап сатуға ізгі ниетіміз бар.
Гранит өңдеу қиын емес. Ешқандай химиялық қоспасы жоқ дейді, кәсіпкер. Тек жақсылап жуып, белгіленген пішінде кеседі, қажет болса бедер салады. Мұндай тастар Алтайдың бір сілемі Бөкентауда жетіп артылады.
Кенді Алтайдың кен қойнауында қазына көп. Әттең әзірге, бұл саланы жандандыруға елдің әлеуеті жетпей жатыр. Ал, шетелдік инвестор тарту мәселесін Моңғолия мемлекеті жүрдім-бардыммен ұзаққа созады.
Қалыбек Қобландин, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Шетелдік инвесторларға ыңғайлы инвестициялық жағдай жасаудың өзінде біраз ұзаққа созу мәселелері бар. Парламенттік ел болғаннан кейін Фракциялары бар, әртүрлі партиялар, кейде бір заңды қабылдау үлкен айтыс-тартыспен өтеді, созылып кетеді.
Таван-Толғай, Аю-Толғай, көмір және мырыш кен өндірістері бар. Одан басқа анау Кеңес заманынан қалған «Эрденет» деген үлкен тау-кен орындары жұмыс істеп жатыр.
Кейбір кен орындарының жартысы Моңғолия, жартысы Ресеймен бірігіп қызмет жасауда.
Баян-Өлгийде тұратын қазақ азаматтарының біразы осы салада жұмыс істеп жатыр. Бұл кәсіптің болашағы зор дейді. Өйткені, өзге елмен салыстырғанда, мұнда гранит бағасы арзан.
Төлей Рахметұлы, кәсіпкер:
Сіздер жақта мен интернеттен қызықтап көріп отырдым, 1 шаршы метрі 8 мың теңге айналасында. 29-30 доллар.
Кәсіпкер істің жөнін, жолын білетін қазақстандық азаматтар Өлгийге келіп, бірлесіп жұмыс істегенін қалайды. Экспорт жолға қойылса, мәрмәр, гранит сияқты бағалы тастарды өңдеу қиындық тудырмайды.
Ал, қазір өңделіп жатқан мына тастар болашақта аймақ орталығының алаңына төселеді. Кәсіпкер қазір 30-дан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Тұрақты табыс көзінің болғанына халық та разы.
Тілеген, жұмысшы:
Жұмыс басталғалы 2 ай болды. Жұмыс жақсы, бірақ кішкене ауырлау. Жалақымыз болғанда 1 миллион төгрөк, кемі жоқ жақсы. Осындай өндірістер әлі де ашыла берсе дейміз.
Заманында бұл елде геологиялық барлау жұмыстары көп жүргізілген. 1943 жылы бірлескен «Тумэнцогт», «Бурэнцогт» вольфрам өндіру кеніштері ашылады. Тарихта қалған тағы бір қызық дерек бар.
Моңғол халқы жер қазуды жаман ырым деп түсінеді. Қайқы бас етік киюлерінде де сыр бар екен. Жүрген кезде аяқ киімнің басы жер сүйкемеу керек-мыс. Моңғолдар күрек-қайладан бас тартқан соң, мұндай істерге осындағы қазақтар жұмылыпты. Жергілікті халықтың қазақтарға деген құрметі де ерекше. Кез келген жұмысқа бейім. Кеніште қызмет қылып жүрген қазақтар әлі де көп.
Баян-Өлгийден 130 шақырым алыста Кемелек деген жер бар. Қазір Кемелекте вольфрам өндірісі қолға алынған. Тау-тастың арасымен жету де бір машақат. Кен байытуды қолға алған жеке меншік компанияда 170 адам жұмыс істейді.
Бақытжан Тоқтанұлы, инженер:
Негізінен осы жергілікті халықтар, Баян-Өлгий аймағының халқы жұмыс істейді. Соның ішінде 70-80 пайызы қазақ, 20 пайызы тыва ұлты. Одан кейін Ұлан-Батор қаласынан келген инженерлер.
Бірен-саран болмаса, моңғол халқы әлі күнге дейін кенішке, жер қазуға жоламайды. Негізі, бұл стратегиялық нысан. Бөтен кісінінің көруіне тыйым салынған. Әрі олардың шектен тыс ырымшылдығы біздің жұмысқа да кедергі келтірді.
Айнұр Омар, тілші:
Шахта жер бетінен 300-350 метр тереңдікте орналасқан. Өкінішке қарай, біз оның астына түсе алмаймыз. Жалпы, моңғол халқы өте ырымшыл. Сол ырымның бірі бойынша бұл таудың иесі, киесі бар.
Яғни, иесі сымбатты ер адам деп есептеледі екен. Ол ер адам әйелдердің еркектердің ісіне араласқанын қаламайды-мыс. Сондықтан, компания басшылығы осыны ескере отырып, шахтаға әйел адамды мүлдем түсірмейді.
Біз түсе алмаған шахтадан шағын вагондармен кесек тастар тасылып жатты. Жай тас емес, өте құнды. Вольфрам - қатты металл. Оны өзге металлға қосып ауыр техника табандарын жасауға пайдаланады. Вольфрам қосылып жасалған дүние болаттан да берік болады. Оны өңдеу процесі былай жүреді:
Бақытжан Тоқтанұлы, инженер:
Бірінші сатылы бөлшектегіш, дробилка арқылы салып бөледі. Оны 20 миллиметрге дейін ұсақтайды. Ұнтақтау диірменінде ұнтақталған тастарымызды қайтып, гидроциклон арқылы бөлінеді.
Айнұр Омар, тілші:
Бұл - өндірістің соңғы сатыларының бірі. Үгітіліп, ұнтақталған металл сумен шайылады. Сол кезде құмдар былай ысырылып түседі. Ал, вольфрам ауыр металл болғандықтан бөлек түсіп қалады, былай қарай.
Жаңағы дымқыл металл 200 градус ыстықта кептірілгеннен кейін осылай міне жылтырап шыға келеді. Мұның нарықтағы құны тоннасына 15-20 мың доллар. Бұл металл қазір экспортқа дайын.
Кен орны күніне 5 тонна металл алады. Негізгі экспорт Германияға жасалады. Кеңес үкіметі тарағанда Моңғолияны қаржыландыру біржола тоқтап, 90 ның тоқырауын бұлар да бастан кешкен.
Сол кездің өзінде «Эрдэнэт», «Монголросцветмет», «Ұлан Батыр Темір жолы» Акционерлік қоғамы елді құлдыраудан құтқарған. Тау-кен өндірісінің тамырына енді ғана қан жүгіріп келе жатыр. Олар тым сенгіш халық.
Кез келген істі бастау үшін табиғат иесінен рұқсат алады. Кеніштің іші-сыртын аралап біткенде көкейде бір ғана сұрақ тұрды, тау иесін ренжіткен жоқпыз ба деген.
Айнұр ОМАР