Биыл Қазақстан Жазушылар одағының құрылғанына - 80 жыл. Сөз жоқ, бұл үлкен мереке, үлкен тарих. 80 жыл бұрын Сәкен, Бейімбет, Ілиястай алыптарымыз аты дүр одақтың іргетасын қалап еді. Сол одақ құламай, кейінгі қаламгерлердің бағаналы ордасы, байыпты басқосарына айналды.
Осыдан бес жыл бұрын одақтың 75 жылдығында Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің айтқаны есімде. Ол кісі «Жазушылар одағы сонау кеңес заманында қандай еді? Бұл одақ тіркелмеген ұлттық партияның рөлін атқарды. Жазушылар одағы қазақ халқының сүйеніші, таянышы болды. Біз бұл одақты құлатып алмауыз керек», деген болатын.
Құламады, сол қасиетті ордаға биыл - 80 жыл. Келер аптада осы айтулы мерейтойға орай, зор басқосулар өтпек. Соның сүбелісі Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтеді.
Мерекелік пленумға Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Тәжікстан, Татарстан, Башқұртстан елдерінен меймандар келмек.
Алаш зиялыларының ішінде Жазушылар одағының жұмысын жандандырған қайраткерлер аз емес. Олардың қатарында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин сынды арыстарымыз бар.
Қазақстан Жазушылар одағының тарихы Қазақстан пролетариат жазушыларының қауымдастығы болып құрылған кезеңнен басталады. 1925 жылы қауымдастықтың алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілді.
Ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру, пролетариат жазушыларының бүкіл Қазақстанның бірінші конференциясын өткізу тапсырылды. 1932 жылы Орталық комитеттің әдеби көркем ұйымдарды қайта құру туралы қаулысы негізінде Қазақстан өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында қарар қабылдады.
Осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Ілияс Жансүгіров тағайындалды. Қазақстан Кеңес жазушыларының бірінші съезі 1934 жылы 12-18 маусым аралығында өтті. Одаққа 1935 жылы Ғаббас Тоғжанов, 1936 жылы Сәбит Мұқанов жетекшілік етті.
Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
Өткен ғасыр белесінде қазақтың рухани өмірінде қаншама ұлан-асыр жағдайлар болды. Елдің иығын тіктеген, рухына дем берген оқиғалар көп болды. Солардың бірі де бірегейі – сол 30-шы жылдардың, анықтап айтқанда, 1934 жылы өмірге келген Қазақстан Жазушылар одағы.
1956-1966 жылдар аралығында екі рет Жазушылар одағына жетекшілік еткен Ғабит Мүсірепов дүниеден озарда: «Тіл мен әдебиет сендерге аманат», деп қазақ жазушыларына сенім артқан. Осы үдеден шығу мақсатында бүгінде жазушылар әдебиетті дамыту үшін жан-жақты еңбек етуде.
Тұрсын Жұртбай, алаштанушы, филология ғылымдарының докторы:
Біз куә болған соңғы 40 жылдың ішіндегі қоғамдық құбылыста жазушылардың, Жазушылар одағының ұйытқы болып, ұшқын бермеген және қиын күндерде халқына жұбаныш бола білмеген кезін көрген жоқпын.
Өйткені, бұл бір адамның емес, бір тұлғаның емес, бүкіл қоғамның ілгері, азат ойлары бірігіп үлкен тұжырымға айналады. Ол егемендік туралы ашық хатқа, одан Тәуелсіздікке ұласты. Бұл Тәуелсіздіктің халықтық авторы шығармашылық иелері, соның ішінде жазушылар деп толық айта аламын.
Тәуелсіздік жылдары Жазушылар одағы көптеген игі істерге мұрындық болды. «Бұлақ көрсең көзін аш», деген тәмсілді ұстанатын аға буын әдебиеттегі жас буынның қалыптасуына мүмкүндіктер ашты. Соның арқасында ұлт әдебиетінің туын құлатпай, дамуына үлес қосатын толқын қалыптасты.
Жанарбек Әшімжан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы:
Жастардың көрінуіне, газет-журналдарда насихатталуына, сонан кейін Жазушылар одағындағы кештерде өлең оқып ысылуына, танылуына кәсіби жақтан қалыптасуына, аймақтарда үлкен-үлкен жиындар өткізу, осы бағытта соңғы жылдарды соңғы он жылда Жазушылар одағы жастардың бағытына жұмыс істеді.
Нұрлан Наурызалиев, тілші:
Ел сөзін ұстаған шешендер мен келешекке бағыт көрсетер көсемдердің басын қосқан бұл ортаның тарихы осындай. 80 жыл деп бір ауыз сөзбен қайырғанға оңай болып көрінгенімен, осы жылдар арасында мұнда ел руханиятының кемелденуі үшін маңызды істер атқарылды. Алдағы уақытта да Жазушылар одағы ұлт әдебиетіне шырақшы болып, талантты жастарды жазушылыққа баулуды күн тәртібінен түсірмейді.
Құлбек Ергөбек, әдеби сыншы, филология ғылымдарының докторы:
Қазақстан жазушыларының осы 80 жылдық тойын біз Тәуелсіздігімізбен сабақтас қарауымыз керек. Қандай ел мемлекет құра алады? Патриоттық отаншылдық рухы бар. Сосын мемлекетшілдік санасы бар ел ғана мемлекет құра алады. Шүкір, біз ел болып Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрдық. Елбасы бастап, бүкіл дүйім жұрт қолдады.
Жазушылар халықты біріктіретін үлкен мақсатқа жұмылдыратын белсенді зиялы адамдар. Сондықтан, оларға қарапайым халық сенеді. Қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын ат төбеліндей ақын-жазушыларға қойылатын талап та жоғары.
Бексұлтан Нұржекеұлы, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері:
Жазушыларға мән беру, жазушылар кітапқа мән беру, оқу, білімді жинау деген ол әр қашанда мемлекеттің ең бастысы. Халқы зиялы, халқы мықты, білімді мемлекеттің өзі де мықты. Қазіргі жағдайы да мықты, болашаға да, тарихы да мықты болады. Сондықтан, мына тойды мемлекеттік мереке деп бағалаймын мен.
«Қазақ әдебиеті» газеті де биыл 80 жылдығын тойлайды. Жазушылар одағының құрылтайшылығы мен шығатын басылым сексен жылдан бері-арғы бергі тарих сырларын халыққа ұсынып, сөз өнерінің дамуына үлкен үлес қосты. Осы жылдарда газет көптеген жас ақын-жазушының еңбектерін басып шығарды. Әдебиеттегі көптеген түйткілді мәселенің шешілуіне ықпал етті.
Нұрлан НАУРЫЗАЛИЕВ