«Қол жұмылмай, жылынбайды» деген қанатты сөз бар бізде. Сыртқы күштердің илеуіне түсіп, іркіттей іріген талай ұлтты көріп жүрміз. Бір атадан туса да, бітіспес дауға ұрынған елдер де бар.
Алайда, қырық жұрттан құралса да, «шәй» деспей тірлік кешетін мемлекеттер бар жаһанда. Қазақтың елі - соның бірі. 130-дан аса ұлыстың өкілі тұрады қазірде. Арасында бірден жүзге дейін ғана мүшесі бар шағыны да, миллионның үстіне шыққан ірісі де бар.
Енді дәл осы тақырыпқа орай, таза сандар тізбегін назарларыңызға ұсыналық. Қазақстанда 820 этномәдени бірлестік бар. Түрлі-газет журнал 15 тілде жарық көреді. 8 тілде радио және 7 тілде телехабарлар шығады.
Өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде білім беретін 88 мектеп бар. 108 мектепте 22 этностың тілі жеке пән ретінде оқытылады. Ұлттық төрт театр – өзбек, ұйғыр, кәріс және неміс театрлары жұмыс істейді. Бұл орайда Қазақстан Халқы Ассамблеясының атқарып жатқан жұмыстары орасан.
Қала тұрғыны:
Мен Қазақстанды севемін!
Қала тұрғыны:
Мен - татармын. Мен Қазақстанды яшим, бұл менің туған жерім. Мен Қазақстанды яратамын!
Қала тұрғыны:
Я родился в Казахстане. Горжусь своей страной!
Қала тұрғыны:
Мен – Қазақстан азаматымын. Мен Қазақстанды севемін!
Олар Қазақстанды сүйеді. Өйткені, қиын-қыстау кезеңде қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олар үшін ұлыстарды ұйыстырған ұя. Елдегі кез келген өңірге көз салыңыз, ынтымақ, бірлік, келісім бар.
Елорданың өзінде қазір 10 мыңға жуық өзбек ағайын бар. Осынша адам біздің елдің азаматтығын алған. Бірі - кәсіпкер, саудагері бар, мемлекеттік қызметте жүргендері де жоқ емес. Ихтиор Хаджаева ғұмырының 30 жылын қазақ медицинасына арнады және қазаққа келін. Қайын жұртым – өзімнің жұртым, дейді.
Ихтиор Хаджаева, Астана қаласының тұрғыны:
Қазақстанға деген махаббатым күшті. Бірінші махаббатым – ол балаларымның әкесі, екінші махаббатым – ол менің жұмысым. Ал, ең күшті махаббатым – Қазақстаным. Менің елім, Қазақ елім. Қазақстандағы менің жастық шағым, өмірім өтті осы жерде. Балаларымды таптым, немерелерімді таптым. Мен бақытты әйелмін. Қазақ елімен біргемін.
Ал, Хасан Шарипов шағын кәсіпкер. Нан шығаратын цехы, дүкені, кафесі бар. Машина жуатын жері де қарастырылған.
Хасан Шарипов, Астана қаласы ҚХА Төрағасының орынбасары:
Бұл кафе – «Тараз». Он бес жыл бұрын Тараздан келгенмін. Сол үшін атын «Тараз» деп қойғанмын. Естелік үшін. Бұл – VIP-бөлме. Мәртебелі қонақтар біздің салт-дәстүрімізді көру үшін әрбір елден келеді. Германиядан мысалы. Ет асамыз. Сол тағамдарды дәмді деп айтады шетелдіктер.
Кәсіпкер Тараз қаласының тумасы. Астанада тұрғанына 15 жыл болды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау тұсында барлық ұлт атамекеніне көше бастағанда, елден кетпеген. Содан бері бала-шағасы, немерелері бізде тәлім алды өсіп-өнді.
Хасан Шарипов, Астана қаласы ҚХА Төрағасының орынбасары:
1992 жылы маған не істеп отырсың, біздің экономикамыз быт-шыт болып жатыр, деп айтқан еді. Мен «ешқайда бармаймын. Мен - Қазақстан азаматымын. Мен Қазақстанда туғанмын. Мен Қазақстаннан кетпеймін», дедім.
Елордадағы өзбек этномәдени орталығы 2007 жылы құрылды. 100-ге жуық белсендісі бар. Олар өз тілдерін ұмытпайды, салт-дәстүрін ұлықтайды. Бірақ ара тұра қазақ тілінде де ән шырқағанды ұнатады.
Шерзот Пулатов, Астана қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы:
Әкімшіліктің басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе әр түрлі іс-шараға қатысамыз, әр түрлі жоспарымыз бар. Бәріміз Астанада жұмысымызды атқарып жүрміз.
Ол – тарихшы, ол – эколог, ол – журналист. Видади Салахов – Қазақстан азаматы. Ұлты әзірбайжан болса да, өзін қазақпын дейді. Елімізде әзірбайжанның, өзбектің, қазақтың тұрмысы тең. Тіліне, діліне, дініне қарап кемсіту жоқ. Өйткені, бәрімізде шаңырақ біреу. Ол – Қазақстан.
Видади Салахов, Қазақстандағы әзірбайжан этномәдени орталықтарының президенті:
Қазақстанда тұрып жатқан 130-дан аса ұлысқа Қазақстан пана болды. Аумалы-төкпелі кезеңдерде бізді жылы қарсы алды. Тарлық көрсетпеді. Қазақтың кеңпейілдігінің арқасында біз қазақ жеріне тез сіңісіп кеттік. Оның үстіне діліміз бен тіліміз ұқсас.
Бізде 200 мыңнан аса әзірбайжан тұрады. Оның 130 мыңдайы Қазақстан азаматы. Еліміздің барлық облысында әзірбайжан халқының 20-ға жуық орталығы бар. Мәдениеті өз ерекшелігіне сай дамып келеді. Оған кедергі жоқ. Кедергі болмайды да.
Олар бәрімізді бір болашақ күтіп тұр, дейді. Әлбетте, қазақ та, қазақ бауырына тартқан басқа көп ұлыстың да көксеген мұраты біреу. Ол – тыныштық. Ал, татулықтың тұғырын биік еткен елдің - болашағы баянды.
Айнұр ОМАР
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ