Қадірлі көрермен жадыңызда шығар, біз өткен аптада атақты Қажымұқан Мұңайтпасұлының 70 жыл сақталған көйлегін тауып, палуан өмірінен сыр шерткен едік. Қажымұқан бабамыз киген тарихи көйлек қазір көкшетаулық Рахат Барысұлының үйінде сақтаулы тұр.
Қажымұқан өлім аузында жатқан кешегі сәби, бүгінгі Рахат қарияны сол көйлегімен орап, жанын аман алып қалған. Бөз матадан тігілген сары көйлек жағасының сәл-пәл жыртылғаны болмаса, тозбаған.
Сол замандары қолмен тігілгені көрініп тұр, осы заманғы тігістен кем емес. Бұл - көйлек бірде бір рет жуылмаған. Тердің іздері сарғайып, әлі күнге сақталған. Мойнының айналасы 58 см, иықтары 160 см. Белінің тұсы 188 см.
Ал, көйлектің жалпы ұзындығы 1 метр болады. Бұл көйлек 69 жастағы Рахат Барысұлына қалай тиген десек, оқиға былай болған. Бұл кісіге дейін әке-шешесінде бала тоқтамай, шетіней берген. Рахат туғанда да әке-шеше аңырай жаздаған. Сол бір Шәуілдір топырағында өткен шілдехана кезінде сәбиді қатты сырқат қысыпты.
Сол көйлекке оранып өсіп, зіңгіттей жігіт болған Рахат қария содан бері дәрігерге бір-ақ рет көрініпті. Жалпы, тарихи көйлек демекші, бүгінгі ұрпақ Қажымұқан бабасының ерліктерін көп біле бермейді.
Сондықтан, біз кейінгі ұрпақ білсін деп, Ұлттық арнадан көрсін деп палуанның қабірі жатқан, талай жәдігері сақталған, Оңтүстік Қазақстан облысына жол тарттық. Палуанның көнеріп біткен кесенесіне неге көңіл бөлінбей келеді?
Музейдегі орден-медальдары неге түгел емес? Поддубный мен Қажымұқан шын мәнінде күрескен бе? Сол кездегі билік қартайған Қажымұқанды неге сыртқа тепті? Палуанның өмірінің соңы неге жоқшылықпен өтті?
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Шымкент шаһарынан сонау Қызылордаға апарар жолдың бойында, шамамен 40 шақырым жерде Темірлан елді мекені жолығады. Ордабасы ауданының орталығы. Ал, оның шығысында асықтай шашырап жатқан – Қажымұқан ауылы. Бұрын Ленин туы деп аталған. Палуан өмірінің соңғы жылдарын осы ауылда өткізіп, осы ауылда жерленген.
Темірлан елді мекенінің орталығынан қарабайырлау ғимарат көзге шалынады. Бұл палуанның музейі. Күш атасы иығында темір балға, қолында тас, қасқайып тұр. Жанында 1944 жылы өз қаржысына жасатқан ПО-2 ұшағының макеті.
Атымтай жомарт демей көріңіз, соғыс жылдары палуан күрестен жиналған 100 мың сомды майданға аударып, ұшақ жасап, оны Амангелді Имановтың атымен атауды өтінген.
Палуанға Сталиннің өзінен жауап келген. «Қызыл Армияның Әскери күштеріне көрсеткен қамқорлығыңыз үшін менен сәлем және Қызыл Армиядан ризашылық қабылдаңыз, жолдас Қажымұқан. Сіздің тілегіңіз орындалады. Сталин» делінген хатта.
Меруерт Ескермес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпағы:
Алдарыңызда тұрған мына сынық тас бабамыздың кеудесіне қойып сындырған тастың бір бөлшегі. 20 пұттық тасты Қажымұқан 70 жасында жерге жатып, 7 пұттық темір балғамен сындырған.
Ал, мына тастардың салмағы 30 келі және 48 келі. Арнайы тау тасынан қашап істеткен. Бабамыз бұл тастарды екі алақанына кезек лақтырып, жаттығу жасаған. Мына сом темірді соғыс жылдарында мойнына орап, галстук жасаған. Салмағы - 70 келі.
Музейде Қажымұқанның тарихи суреттері, оның ұрпақтары туралы мәліметтер де бар. Палуан мінген жайдақ арбаның төрт доңғалағы, қартайған шағында киген ұзын етек көйлегі мен шалбары, сондай-ақ, бас киімдері тұр.
Меруерт Ескермес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпағы:
Тағы бір құнды жәдігер. Бабамыздың өнер көрсетіп, терлегенде сүртінген сүлгісі. Ұзындығы 2 метрге жуық. Ені - 1,33 сантиметр. Сондай-ақ, бұл жерден палуанның 75 жасында көтерген тасын көре аласыздар. Салмағы - 350 келі.
Рас, музейде палуанның түрлі жарыста олжалаған орден-медальдар аз көрінеді. Оның жоғалуына қатысты жорамал көп .
Меруерт Ескермес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпағы:
Өз заманында әкесі Мұңайтпас қайтыс болып, Қажымұқанға елге оралу керек болады. Бірақ, қолында қайтарға қаражат болмағандықтан, эстон палуаны, досы Шульцке кепілге біраз медалін тастап кеткен.
Рахат Барысұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы:
Ордень-медальдарын Арыстың жағасына лақтырған деп естідім. Неге деп сұрап едім. Патшаның орденьдерін тақты деген айыптау көргендіктен, деп естідім.
Ғазизбек Тәшімбай, қажымұқантанушы:
Мына Кеңес одағы орнаған кезде бұл кісіні патшаның адамы деп қудалаған кездер болған. Тіпті, 6 ай абақтыда жатқан. Міне, сол кезде 48 елден алған алтын-медальдары, мақтау қағаздары қолды болған.
Ол заманның билігі қазақты да бұратана халық санағандықтан, палуан түрлі лақап атпен шығуға мәжбүр болды. Ямагата Мухунури, Мухан, Иван Чёрный, Қара Мұстафа деп шықса да, ол елін езіле сүйді. Бүгінде оның ізін басқан жерлестері де жетеді.
Абзал Арыстанов, «Еуразия барысы-2013» халықаралық жарысының жеңімпазы:
Осы кісінің жерлесі болғаннан кейін бізге жарыстарда ұтылу ұят сияқты. Сол кісіге қарап, жарыстарда рух, күш аламыз.
Қажымұқанның төрт әйелі болған. Сол төрт әйелден тараған ұрпақ қазір Омбыдан бастап, Ақмола облысында, мынау Түркістан мен Шымкентте өмір сүріп жатыр.
Ал, бұл немересі – Нұрлан. Палуанның үшінші әйелі Мінәйдан туған Айдарханның ұлы.
Нұрлан Қажымұқан, Қажымұқан Мұңайтпасұлының немересі:
Атамыздың қанша дегенмен қаны бар ғой. Бала күнімізде күрестік. Мектепте жүргенде еркін күрестен әжептәуір орындар алып жүрдік. Ол кездегі салмағы 68 келі болды.
Бұл - 1960 жылы Мұхтар Әуезовтің қолдауымен салынған палуанның кесенесі. Тозған, тастары үгітіле бастаған. Жауын жауса, төбеден су ағады екен. Байқадық, күш атасының кесенесі жетімсіреп, жөндеу күтіп тұр.
Серік Ибадуллаев, «Қажымұқан» қоғамдық қорының атқарушы хатшысы:
Мына ашық жатқан жерден, жергілікті әкімшіліктен 5 гектар жер сұрағанбыз, осымен 3 жылдан асып барады. Бұл жер жекеменшікке өтіп кеткен екен. Бұлар соны сот арқылы мемлекетке қайта алды. Енді әкім беретін болып келіскенбіз. Сол 5 гектар жерді берсе, біз үлкен кесене ашсақ деп едік.
Мейіржан Әлібекұлы, тілші:
Мына үй - палуан атамыз тұрған үй. 1946 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов қам қыштан осы үйді тұрғызған. Кейін ескірген, тозған. 2008 жылы ол үйдің орнына жаңа үй бой көтерді. Қазір мұнда ұрпақтары тұрады.
Қуаныш Ескермес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі:
Көтермей жүрген әйелдер болады, ауырып қалған балалар болады. Ол кез медицинаның дамымаған кезі. Сонда атамыз оларға бір түкіреді екен. Сосын қолтығынан өткізеді. Содан жазылып кетеді.
Үйдің іші шағын музей. Палуан талай аттаған ескі табалдырық, бұрынғы үйдің қыш тастары, тұтынған сандығы бәрі көненің көзіндей тұр.
Осы сапар кезінде біз соңғы Ресейде шыққан Поддубный фильміне қатысты ақиқатты білмек болдық. Онда Поддубный түріктің Қажымұрат деген палуанының мойнын үзіп жіберетін көрініс бар.
Біздің палуанның тарихта жарыстарға тек Ресейдің емес, Түркияның да атынан қатысқанын ескерсек, осы жерде айран-асыр болғанымыз рас. Расында, екеуі күрескен бе?
Рахат Барысұлы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының кіндік баласы:
Берлинде болуы керек. Халықаралық турнир ғой. Екеуі жеңіп шықққан. Поддубный мен Қажымұқан. Қарсылас қалмайды. Бәрі екеуі күрессін дейді. Екеуі тұр. Ең бірінші Қажымұқан оны аяғынан көтеріп, мойнын отырғызып, аренаны бір айналып келіп жерге қойған. Поддубный да солай істеген. Халық тұрып, екеуіне қол соққан.
Қуаныш Ескермес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі:
Бұл кісі рингке шыққан кезде «мен өз ұстазыммен күреспеймін», деген. «Онда залдан шық», деген. «Залдан шықсам шығайын бірақ күреспеймін», деген. Сонда Поддубныйдан сұхбат алған. Ол «Қажымұқанның күші менен басым», деп жауап берген.
Жалпы, өмірінде байлық жимаған, барын кедей-кепшікке үлестірген Қажымұқан қартайған шағында көп жоқшылық көрген деседі. Сол кездегі Үкіметтен қайыр болмаған, палуанды еш елемеген, қолтығынан демемеген. Шиеттей балаларымен 75 жасында ешкімге керек болмай қалған.
Қуаныш Ескермес, Қажымұқан Мұңайтпасұлының шөбересі:
Үкіметтен қаражат сұрап хат жазған. Кемпіріме зейнетақы тағайындап бер, күнкөріске ештеңе қалмады деп. Сонда жауап келген. Сіздерге 500 сом тағайындалды деп. Алайда, ол зейнетақы берілмеген. Содан бұл кісі екінші рет хат жазады. Зейнетақыны алмадық деп. Қартайған шағымда тамақ та іше алмай қалдым, бір сауып ішетін бұзаулы сиыр болса деп. Оны да бермеген ғой.
Сөйтіп, маңдайымызға сыймаған мақтанышымыз 1948 жылы өмірден өтеді. Соңғы жерлеу алдындағы жүрек толқытар сәтті көзімен көрген Ерден ақсақал былай еске алды. Палуан өліміне сол кездегі қатыгез билік емес, жайылып жүрген жылқы екеш жылқының өзі қатты күйзеліпті.
Ерман Дауылбаев, Темірлан елді мекенінің тұрғыны:
Ел жылап жатқан соң, киіз үйдің түндігін түріп қойған. Содан жаңағы ат келіп кісінеп жылағанда, елдің бәрі жылады ғой. Ат кісініп, екі аяғын көтеріп қойып жылады. Басын керегеге тақап тұрып жылады.
Қажымұқанның көзін көрген қариялардың қатары сиреп, бүгінде бірлі-жарымы қалды. Олардың пікірінше, күш атасының ерлік жолын кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге қылу үшін елордада палуанның бір еңселі ескерткіші тұрғызылса.
Алайда, Астана билігі асығар емес. Мәселен, Ресей әйгілі украин палуаны Поддубныйды өздеріне меншіктеп, әлі күнге «чемпиондардың чемпионы»,-деп тіпті, тарихи кино түсіріп те үлгерді.
Ал, біз ше? Қазақтың атын аспандатқан Қажымұқанға тас мүсін орнатуға Астанадан төр қимай, тарихи кино түсіре алмай жүргеніміз, елдігімізге сын емес пе? Әйтпесе, бабамыздың кесек бейнесін сомдар талай қазақ барысы жүр арамызда.
Мейіржан ӘЛІБЕК