Мемлекет басшысы Милан сапарын қорытындылады

19.10.2014
Мемлекет басшысы Милан сапарын қорытындылады

Миланда өткен осы Азия-Еуропа форумының X саммитінен қайтар жолда Мемлекет басшысы сапарын қорытындылады. Сондай-ақ, Миланнан бөлек,  Бельгия Корольдігі мен Беларусь Республикасына жасаған соңғы сапарларының нәтижелері туралы баяндап берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы, дүниеде оның ішінде Еуразияда болып жатқан жаңалықтар өте жақсы емес. Бұрынғы дағдарыстың көп нәрсесі әлі біткен жоқ. Соның салдары мемлекет экономикасына қиын. Бір-бірімен шиеленісіп жатқан кезде, бізге Қазақстанға көп дос керек. Жаны ашитын үлкен мемлекеттер керек. Ел аралап жүргендегі себебіміз де - осы.

Сол себепті, айтайын дегенім, алдымен, осы айдың ішінде көп мәселе тындырдық. Еуроодақпен алты жыл жүрген келіссөздің нәтижесін қорытып, Қазақстанға өте тиімді шартқа келістік. Тереңдеген экономикалық қарым-қатынас деген мәселе. ТМД-да ешбір мемлекет  мұндай нәтижеге қол жеткізген жоқ.

Келіссөздер алты жыл жүрді. Дүниежүзілік сауда ұйымына өту мәселесіне де келістік. Бұл - біздің ел үшін өте тиімді. Еуроодақта Қазақстан 53 миллиард долларлық сауда сатуына болады. Ал, қазір ол да кеңейе түседі. Жағдайымыз түзеле түседі.

Бұл - Қазақстанның дәрежесін тағы бір сатыға көтерді. Біздің Тәуелсіздігімізді нығайта түсті. Екіншіден, Азия мен Еуропаның арасында «ASEM» деген үлкен ұйым пайда болды. Ол Азия мен Еуропаның арасындағы ынтымақтастық дегенді білдіреді. Бұл мен айтып жүрген идея. Оның үстіне мұндай кездесулердің ішіндегі ең тиімдісі - басқа елбасылармен кездесуге жағдай туады.

Осы бір жарым күннің ішінде мен Кэмеронмен кездестім, екіжақты мәселелерді талқылауға мүмкіндік болды. Бүгінде Лондонда Қазақстан мен ағылшындардың арасында бизнес форум жүріп жатыр. Екінші, Жапонияның премьер-министрімен келіссөз жүргіздік. Өздеріңіз білесіздер, тұңғыш рет Жапонияның ірі бизнесмендері біздің елге келді. Біз бірігіп, жеңіл көлік жасап жатырмыз.

Болашақта ең тиімді ядролық станция салатын болсақ, ең жоғары деңгейлі компания келгеннен кейін басқа бизнес өкілдерінің бәрі Қазақстанға келетін болып, сол жағын ақылдастық.

Үшіншіден, Германия канцлері Ангела Меркельмен кездестік. Бізге олар инвестиция, жаңа инновация әкеледі, сәйкесінше, біз оларға  біздің елдің кен байлығына бізбен бірге кірісуіне мүмкіндік жасаймыз. Соны жандандыру мәселесін келістік.

Сондай-ақ, Қытай елінің жаңа премьер-министрімен келісіп, болашақтағы оның біздің елге сапарын анықтадық. Осының бәрі еліміздің болашағы, тыныштығы үшін, Қазақстанға достар табу, барлық мемлекеттен қолдау табу мақсатында жасалып отыр. Мұның бәрі де Қазақстанның болашағына қызмет етеді, деп санаймын.

Мінеки, осы істеліп жатқан шаруаның барлығы елімізге керек болғаннан кейін, қанша қиын болса да, осындай сапар жасауға біздің мүмкіндігіміз болды.

Мен Қазақстан мен Ресейдің арасындағы қарым-қатынас өте тиянақты деп санаймын. Ресей басшыларымен қарым-қатынасымыз дұрыс жолда. Бірақ, кез келген адамның сөзіне  ілесіп, біздің қорқа беретін жағдайымыз жоқ.

Дегенмен, Тәуелсіздігімізді, қауіпсіздігімізді, еліміздің ауызбіршілігін нығайтып, біз қашанда Қазақстанның өзінің еліне сенетінін, өзінің қауіпсіздігі мен Қарулы Күштерін одан әрі нығайта түсіп,  азаматтардың патриоттық сезімін күшейтіп, жастарды патриоттық тәрбиеге баулуымыз керек. Ол шынында да солай.

 

Хабарламаларға жазылу