«Самұрық-Қазынада» ел байлығының ең ауқымды үлесі шоғырланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Самұрық-Қазынада» ел байлығының ең ауқымды үлесі шоғырланған

12.10.2014
«Самұрық-Қазынада» ел  байлығының ең  ауқымды үлесі шоғырланған

Бұл холдингтің атынан ат үркиді. Бұл холдингтің ұстағаны - «майлы жілік». Бұл холдингке қызметке тұру – тамыр-танысы жоқтардың арманы. Бұл холдингке еден жуушы болып жұмысқа кірудің өзі оңай емес, дейді. Иә, бұл – «Самұрық-Қазына».

Жалпы құны 16 триллион теңгені немесе 90 миллиард доллар болатын ең ірі ұлттық компанияларды қанатының астына алған алпауыт холдинг. Осы алпауыт холдингтің 350 мың қызметкері бар екен. Бұл шамамен, бір Тараздың тұрғынына тең.

Бірақ, Мемлекет басшысының айтуынша, сол холдингтегі жастардың көбі білімі мен білігіне қарай емес, «көкелерінің» қоңырауымен қызметке тұрғандар. Өмірзақ Шөкеев осы аптаның басында өткен «Самұрық-Қазына» қорын жаңарту форумы кезінде Президенттің қырына ілікті.

Енді бұл шенеунік жылы кеңседе қурай басын сындырмай есінеп отыратындардан холдингті тазартуы тиіс. Енді жиынның соқталысына тоқталық. «Самұрық- Қазынаның» басшылары Президентке қордың жұмысын өзгерту бағдарламасымен таныстырды.

Сол мезетте «бұл трансформация бізге не береді?» деген сауалдың сіздің де көкейді тескеніне менің күмәнім жоқ. Ал, холдингтегі ақ жағалылар «осы бағдарлама сәтімен іске асса, ел экономикасына алдағы жылдары 2 триллион теңге немесе 11 миллиард доллар пайда түседі», дейді. Пайда қайдан және қалай түспек?

«Самұрық-Қазынаның»  құрамына  елдегі ең ірі стратегиялық компаниялар кіреді. Эгергетика, мұнай-газ,  атом өндірісі, көлік, тасымал, байланыс  саласындағы алыптар шоғырының нарықтағы құны шамамен 100 миллиард долларды құрайды. «Самұрық-Қазынада» ел  байлығының ең  ауқымды үлесі шоғырланған.

Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

Біз Қордың өзіндегі салалық командаларды күшейтіп, инвестициялық комитеттерге ірі жобаларды жүзеге асыру бойынша бірегей өкілеттіктер беретін боламыз.

Осы мақсатқа жету үшін Қордың активіне кешенді ревизия жүргізу, қайтақұрылымдау, жекешелендіру, бірігу және қосып алу жолымен портфельдің оңтайлы құрылымын анықтау, дәстүрлі салалардағы тиімсіз активтерден арылу және энергетикада, металлургияда, химиялық, туристік салаларда және «жасыл» индустрияда жаңа кәсіпорындар құру ұсынылады.

Алайда, қор құрамындағы компаниялардың барлығы бірдей табысты емес. Оларды   басқару  жүйесі тиімсіз.  Кейбір компаниялардың нарықтағы  құны  арзан,  кейбірі  тіпті табыс әкелмейді. 

Елімізде  «Самұрық-Қазынаға» іс жүзінде бір де бір бақталас жоқ. Бірақ,  қор компаниялары тиімділігі  жағынан трансұлттық  алыптармен де,  шетелдік жетекші мемлекеттік корпорациялармен де  бақталаса алмайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз шетелдік стратегиялық серіктес тартқан «Air-Astana» ғана қазіргі кезде жаһандық нарықта лайықты бақталас бола алады. «ҚазАтомӨнеркәсіп» пен  «Қазақстан темір жолы» да жақсы нәтиже көрсетуде.

Бірақ, Қордың басқа компаниялары, өкінішке қарай, мұндай жетістікпен мақтана алмайды. «ҚазПочта», «Кегок»  тиімділігі төмен компаниялар ретінде қалып, бүгінгі таңда әлемнің осы тектес компанияларымен бәсекелесуге қауқарсыз болып отыр.

Ұлттық қордың топ менеджіменті жаңа шешім ұсынды.  Бұл  -  қорға қарасты компанияларды   түгелдей   «трансформациялау».  «Самұрық-Қазына»  осы аттас  бағдарлама дайындады. 

Енді трендке айналатын трансформация терминнің мәні – ұлттық қор  автивтерінің  құнын  еселеуде жатыр. Холдинг мемлекет активтерінің әкімшісі ғана емес,   белсенді инвесторға айналып  көбірек табыс табуға көшеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Трансформацияланудағы мақсат - біріншіден, қор компанияларының құнын ұлғайту. Екіншіден, қор портфелінің басқарылу тиімділігін арттыру. Үшіншіден, Үкімет, Директорлар кеңесі,  Қор басқармасы, сондай-ақ, қор мен оның портфельдік компаниялары арасындағы жауапкершілікті айқын бөлу. Өсім  компаниялардың жаңа құнын қалыптастыру  есебінен жүруі тиіс.  Бұған өнімділікті арттыру, жоғары технология тарту,  табысты жобаларды инвестициялау жолымен жетуге болады.

Күрделі жаңғыру  бағдарламасын  сәтті  жүзеге асырған мемлекетке  мысал көп емес.  Бұл тізімде Сингапурдың  «Temasek» инвестициялық компаниясы,  «Дженерал электрик» ұлттық әл-ауқат қоры  және Ресейдің «Сбербанк» АҚ бар.  

Әлемдік тәжірибеде тарсформацияны қолға  алған топтардың  отыз  пайызы ғана табысқа жетіп, активтерін ұлғайта алған. Сондықтан, тәуекелдердің барын шетелдік сарапшылар әуелден  ескертеді.

Доминик Бартон,  «МsKinsey & Company» басқарушы директоры:

Бұл амбицияға толы жоспарды жүзеге  асыру оңай болмайды.  Мемлекет ішінде кез келген жаңалыққа қарсы тұрушылар тобы табылады.  Меніңше, қазіргі жоғары топ менеджіменттің өзі бұл жоспарды жүзеге асыруға қауқарсыз.  Басқарушылардың  мүлдем жаңа буыны керек. Сол кезде тек 10-15 жылдан кейін ғана тарсформация жемісін бере бастайды.

Кеңесшілер «жаңғырту бағдарламасы  өзін өзі ақтауы үшін ұлттық қорды басқарып  отырған отандық топ-менеджерлерді  жаппай оқыту керек», дейді. Ал,  «ыңғайға ілесе алмағандарды  бірден ауыстыру   керек», деді.

Өйткені, қазіргі  шешуші позицияларда  отырған жетекшілердің кейбірінің іс жүргізуге қабілеті жетпейді.

Ричард Эванс, трансформация саласындағы әлемдік деңгейдегі сарапшы:

Қазақстанда  шетте оқып қайтқан, интеллектуал  жастар бар. Бірақ олар өздері игеріп қайтқан қалыпты, жаңаша ойлау жүйесін,  тәжірибені бұл ортаға кіріктіре алмайды. Өйткені,  іс-әрекет еркіндігі жоқ. Жастарды шетке жіберіп оқыту әрине, жақсы. Дегенмен, қоғамда өзгеше пайымдау мәдениетін  қалыптастыру керек. 

Ең алдымен,  «Самұрық-Қазына» кадр мәселесін реттейді. Басшылыққа   білікті,    басқарушылардың   буыны келеді. Президент   ұлттық компания төрағасы Өмірзақ  Шөкеевке  кадр мәселесінде мұқият болуды тапсырды. 

Бастапқы сатыда қорға қарасты  үш компания трасформацияға  дайындық жүргізген болатын.  «Қазақстан Темір Жолы», «Қазпочта», «ҚазМұнайЖолы» тарсформацияға дайын. Олар бірінші болып,  2015 жылы жаңаруды аяқтайды.

Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ  басқарма төрағасы:

Біздің  акционерлік бағалауымыз 4 жылдың ішінде 45 пайызға  көтеріледі. Ал, 5 жылдың ішінде біз акционерлік бағалауды екі есеге көтереміз.

Бағдат Мусин, «ҚазПошта» АҚ басқарма төрағасы:

Жаңа технологиялар бізге жаңа бағыттар беріп жатыр. Олар – электрондық коммерция, интернет арқылы таратылатын тауарларды уақытында жеткізу, интернетте  жаңа порталдар ашу. Біз осы бағытта да жұмыс істейміз.

Трансформациялану «Самұрық-Қазына» компанияларында  жаппай сипат алады.    Екінші сатыда  қордың тағы он екі компаниясының менеджіменті  жаңарады.   Алдағы 5 жылдың ішінде қордың  жиынтық  құны - 200 миллиард долларды құрауы тиіс.

Мемлекет басшысы    тағы бір  үлкен  міндет қойды. «Самұрықтың» кемінде бірнеше  компаниясы әлемдегі ірі компаниялардың  «Fortune-500» тізіміне кіруі  керек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір бұл рейтингке   түсімдері 5-тен 500 миллиард долларды  құрайтын батыс компаниялары кіреді. Сонымен бірге, кейінгі кездері азиялық компаниялардың үлесі айтарлықтай өсті.  Мәселен, «CNPC» мемлекеттік  корпорациясы алғашқы бестікке кірді.  Тізімде ресейлік 8 компания бар.

Негізі трасформация ұзақмерзімді үрдіс. Бірақ компаниядағы жаңарудың бірінші кезеңі 2017 жылы аяқталады.  Сол кезде Үкіметке түсетін дивиденттер көлемі екі есе өседі.   

Қордың жиынтық активі бес жыл ішінде 200 миллиард  долларға жетеді.  Егер қор осы көрсеткіштерді қысқа мерзімде бағындыра алса, реформаның   ақталғаны.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу