Минскіде ТМД мемлекет басшыларының кеңесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Минскіде ТМД мемлекет басшыларының кеңесі өтті

12.10.2014
Минскіде ТМД мемлекет басшыларының кеңесі өтті

Өркениет көшінің басында тұрған Еуроодақтан - қаңтардың 1-нен бастап күш алатын Еуразиялық экономикалық одаққа ойысалық. 170 миллион тұтынушысы бар ортақ нарыққа тағы бір мемлекет қосылды.

Ол - индустриялы-аграрлы Армения. 3 миллионнан аса халқы бар. Ұлттық табысы жан басына шаққанда 2 мың АҚШ долларына тең. Минералды сулардың қоры қомақты, жеміс-жидегі мен жүзім шаруашылықтарына аса бай ел енді байтақ базарға өз өнімдерін әкелмек.

Арменияның жаңалығы - осы жұмада Минскіде өткен ТМД мемлекет басшыларының кеңесі кезінде жария болды. Бұл жиынға Украина Президенті Петр Порошенко келмей қалды. Орнына елшісін жіберіпті.

Дегенмен, Порошенко мен Путин алдағы аптада Италияда кездеседі, деп жоспарланған. Және Порошенко «бұл келіссөздер «күрделі» болады», деп мәлімдеген. Ал, келер жылы Қазақстан ТМД-ға төраға, сондықтан, біздің Президент бірлестікті дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлейтінін мәлімдеді Минскіде. 

Соңғы жылдары  достастық ұйымын сынға алушылар көбейді.  Олар ТМД әлеуетін сарқып бітті,   кейбір  аймақтық түйткілдерге  араағайындық  ете алмады,   ортақ жобалар да жоқтың қасы дейді.

Ал, мемлекет басшылары ұйымды  сақтап қалуға тырысуда. Өйткені,  бұл барлық саладағы мемлекетаралық  мәселелерді шешуге болатын әмбебеп алаң. Егер  көшбасшылар түгел   жанашырлық танытса,   Украина мәселесін де осы кеңесте  біржақты етуге болар еді.

Александр Лукашенко,  Беларусь Республикасының  Президенті:

Украинаның келешегі  неге  Берлинде, Миланда шешілуі керек?  Неге  туыс елдегі қантөгісті  тоқтатуға  шамамыз жетпейді.  Достастық ұйымы  еңсесін тіктесін,  қауқарын көрсетсін!

Ұйымға қазір  11 мемлекет мүше.  Бірақ,  қол алысып, топтық  суретке түсуге шыққан президенттер қатары түгел емес. Кеңеске Украина  президенті  қатыспады.  Қантөгістен қалжыраған  мемлекет  елшісін аттандырды.   

Михаил Ежель, елші:

Қыркүйек айының бесінде Минскі  хаттамасында көрсетілген талаптарды Украина орындады. Жоғарғы Рада тұтқындарды амнистиялады. Бірақ, қарсы тарап құжат шарттарына құлақ асқан жоқ.

Ұйымға   төрағалық тізгіні биыл  Беларусь жағында  болатын. Минск келер жылы  II Дүниежүзілік соғыс  ардагерлерін ұлықтайық,  2016 жылы  достастық елдеріне ортақ білім жылын жариялайық деген   ұсыныстарды ілгерілетті.

Жеңістің 70 жылдығы ортақ мерейтой.  Қан майданда  от кешкен   ержүрек бабаларымыздың жанқиярлық ерлігі  әлі талай буын мақтан етер, халықтарды біріктірер құндылық. 

Сондықтан,  Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына  кіретін  ниеттес мемлекеттердің президенттері  Жеңіс мерекесіне орай үндеу қабылдады. 11 мемлекет жеңіс тойын дүркіретіп  тойлайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет басшыларының Жеңістің  70 жылдығын мерекелеу жөніндегі үндеуін қолдаймыз.   Бұл біздің ортақ тарихымызға қатысты оқиға болғандықтан, Жеңіс мерейтойын  лайықты деңгейде өткізуге тиіспіз.  Қаза тапқандар мен көзі тірі ардагерлерге құрмет көрсету қажет

Достастық ұйымына  төрағалық мәртебесі  келер жылы Қазақстанға өтеді. Еліміз  ұйымның әлеуетін аша түсуге ұмтылатын болады. Қазақ  Президенті ТМД   дамуының жаңа  концепциясын   әзірлеуді ұсынып отыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан ТМД-ның барлық жарғылық органдарында төрағалық ету міндетін қабылдай отырып, Кеңестің келесі отырысына дайындалатын болады. Біз оны Астанада өткізуге келістік.

Қазақстан ТМД-ны бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдерді біріктіретін бірегей саяси алаң ретінде қарастырады. Осы секілді басқа ұйым біздің өңірде жоқ. Бұл – туындаған мәселелерді шешу, пікірталастар өткізу және пікір алмасу үшін жақсы алаң.

Егер   о баста  достастық ұйымының  құрылымдануына   ұйытқы   болған үш елдің бірі Украина  екенін  ескерсек,  төрағалық  кезінде  осы алаңды сол елдегі  жағдайды тұрақтандыруға  пайдалану да  тарихи  әділеттілік  болар  еді.

Нұрсұлтан Назарбаев ұйым  алдындағы  ендігі міндет  ТМД елдері  арасындағы өзара сенім мен түсіністікті нығайту деді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Негізгі мәселенің бірі – ТМД кеңістігіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталған бастамаларға атсалысу. Достастықтың рөлін арттыруымыз  маңызды. Тағы бір  бағыт – өзара сауда-экономикалық іс-қимылды арттыру.  Өнеркәсіптегі, энергетика, көлік, аграрлық және басқа да экономика салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Аймақтағы келесі  бір  ұйым  жұмысын тоқтатты. Өміршеңдігін жойғаннан емес, тарихи миссиясын  сәтті тындырды.  «Еуразиялық  экономикалық қоғамдастық»  он төрт жыл бойы аймақта жаңа ынтымақтастық құрылымдардың  пайда болуына құқықтық  база қалыптастырды.

Екі жүздей   халықаралық  құжат  түзілді. Солардың  негізінде  Кеден одағы,  Бірыңғай  кеңістік  құрылымданды. Бірақ қоғамдастық таратылғанмен  кейбір халықаралық  келісімшарттар өз күшінде қала береді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбір келісімдер   дербес   халықаралық  келісімшарт есебінде қалады.   151 келісімнің 87-сін  сақтап қалып отырмыз. Ал,   64 келісімшарт жойылады.

Қоғамдастық  құрамында болған  бес  елдің  үшеуі Қазақстан, Ресей, Белорусь  Еуразиялық экономикалық   одаққа бірікті.    Қырғыз Республикасы  да осы ұйым құрамында болғысы келеді.

Ал, Тәжікстан бейтарап қалды.  Жұмысшы топ  қоғамдастықты   жабу   үшін  құқықтық база   дайындап шықты.   Минскіде мемлекет басшылары    Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың   қызметін  тоқтату туралы  шешімге  қол қойды.

Есесіне, Еуразиялық экономикалық одақтың құрамы кеңейді. Еуразиялық комиссияның  жұмысы көбейді. Минскіде тағы бір тарихи құжат бекіді.   Үштік  одақ   төрттікке айналды.   

Армения экономикалық одаққа мүше болғысы келетін елдерге қойылатын талаптарды қысқа мерзімде орындап  шықты. Сөйтіп, бұл ел Еуразиялық   экономикалық  одақ келісімшартына  қосылды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Барлық құқықтық және экономикалық, соның ішінде Арменияның Еуразиялық экономикалық комиссия алқасында болуына қатысты мәселелер қысқа мерзімде келісілді.

Бұл - айтулы оқиға. Өйткені, Еуразиялық экономикалық одақ алғаш рет кеңейіп отыр. Мен Арменияның одаққа қосылуы туралы шартқа қол қою үшін ешқандай кедергі жоқ, деп есептеймін.

Қырғыз Республикасы да  бұл құрамға Жаңа жылға дейін қосылуы мүмкін.   Ол үшін  ұлттық заңнамасын  лайықтап жатыр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қырғыз Республикасының  Кеден одағына қосылуы жөніндегі «Жол картасы» жоспарлы түрде орындалуда. Бүгін біздің бекітуіміз үшін Қырғыз Республикасының  БЭК-ке қосылуы жөніндегі іс-шаралар жоспары ұсынылды.

Құжат сарапшылық деңгейде жақсы пысықталған, осы бір күрделі үдерістің барлық мәселелерін қамтыған. Жол картасын жүзеге асырудың қатаң регламенттелген мерзімдері сақталады деп үміттенемін. Біз өз тарапымыздан Қырғыз Республикасына қажетті әдістемелік және техникалық көмек көрсететін боламыз.

Келер жылдың  қаңтарында Еуразиялық одақ шарты күшіне енеді. Әзірге үштік арасында қаржылық, кадрлық мәселелер пысықталып жатыр. Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық комиссия құрамына Қазақстан азаматтарын тарту  мәселесін көтерді. Үштік арасында  өзара келісетін мәселелер әлі көп. Сондықтан, желтоқсан айында Мәскеуде бас қосады.

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу