Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 11-ші форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 11-ші форумы өтті

05.10.2014
Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 11-ші форумы өтті

Бір жыл бойы «құда күткендей» шапқылаған батыстағы Атырау билігі кешегі сейсенбіден соң, ентіктерін басып, терең демалды. Мұнайлы қала бір жасарып қалды. Жолдар жаңартылып, орталық көшелердегі қоқыс-қиқым тазартылып, қала жалтырап шыға келді.

Біліп отырсыз, Атырауда Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының 11-ші форумы болды. «Көмірсутек саласындағы инновация» деп аталған бұл жиын Ресей үшін жайсыз мезгілмен тұстас келгенін жасырмалық.

Кейінгі күндері бұл елдің экономикасы халықаралық санкциялардан титықтай бастады. Орыстың мұнай мен газ саласын, әсіресе, барлау мен өндіру әлеуетін соңғы санкциялар сансыратып тастады.

Батыстың Ресейдің мұнайы мен газына деген тәуелділіктен құтылуға асығуы - ресми Мәскеудің ықпалын әлсіретіп тұрғандай. Бұған жаһандағы мұнай бағасының арзандауын қосыңыз.

Соңғы бір айдың ішінде Н.Назарбаев пен В.Путин осымен үшінші рет кездесіп отыр. Бұған дейін Душанбеде, сосын Астраханьда, енді міне Атырауда.

Форумның көздегені не?

Форумды  бастамас бұрын Қазақстан мен Ресей президенттері Атырауда екіжақты кездесу де өткізді. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады.

Энергоресрустар екі елдің де - Қазақстанның да, Ресейдің де негізгі арқа сүйері. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин форум тақырыбына сай «Көмірсутегі саласындағы инновация» аталған көрмені көрді. Бұл көрмеге екі елдің 60-қа тарта компаниясы өз жобаларын қойған.

Бұдан кейін аймақаралық ынтымақтастықтың 11-ші форумы басталды. Қазақстан мұнай қоры бойынша жиһанда 12-ші орында, ал газ қорынан жиырма мемлекеттің санатында. Яғни, қазақ экономикасы үшін мұнай-газ өнеркәсібінің жөні бөлек. Ал, әлемде мұнай тұтынушы нарық  құбылып тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтырдан бері мұнайды тұтыну теңгерімі дамушы экономикалар жағына қарай ауды. Дамушы елдердегі мұнай тұтынысы тарихта бірінші рет Экономикалық Ынтымақтастық және Даму жөніндегі ұйым елдерінің тұтынысынан асып түсті.

Дамушы елдер сұранысының негізгі бөлігі Қытайға тиесілі. Бұл елде мұнай тұтыну көрсеткіші соңғы 30 жылда 6 еседен асты. Соған сай энергоресурстарды тасымалдау географиясы да өзгеріп отыр.

Ғаламдық деңгейдегі жаңа технологиялар пайда болып жатыр.  Тұтас әлем, біздің мемлекеттерімізді қоса алғанда, болашақта жеңіл жолмен алынатын мұнай қорының таусылуына тіреледі. Бұл саланың ертеңін сарапшылар өндіруі қиын мұнай кеніштерімен және табиғи битумдарды игерумен байланыстырады.

Қазір ол ресурстарды игеру 1 пайыздан да аз, негізі олардың қоры мол. Ал мұнай өндірудің дәстүрлі технологиясының тиімділігі аз және өзіндік құны қымбат. Өнімнің негізгі  мұнай-газ саласындағы соңғы жылдардың негізгі тренді сланецті кеніштерді игеру болды. Көлбеу бұрғылау мен жер қыртысын сумен жарудың заманауи технологиялары газды да, мұнайды да өндіруге мүмкіндік береді.

Президент бұл ретте АҚШ пен Канаданың тәжірибесін еске салды. Ал, көрші отырған қос мемлекет Қазақстан мен Ресейдің көмірсутегі саласында әлеуеті зор. Жаңашылдыққа, озық технологиямен инновацияға ұмтылу міндет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – терең және шектен тыс терең бұрғылаудың озық технологияларын өндіру мен сынау, ол біз үшін Каспий маңы ойпатында өзекті. Қазақстанның компаниялары ресейліктермен бірге өз өндірісінің жоғары технологиялық жабдықтарын ұсына алар еді.

Қазақстан қазір геологиялық зерттеу ісін жүйелеп, осы бағыттағы жұмысты мықтауға ұмтылып отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, екі елге мұнай мен газдың жаңа перспективалы кеніштерін анықтау үшін бұл бағытта тізе қоса қимылдауға болады. Мысалы, қазір біздің ел халықаралық «Еуразия» жобасын жүзеге асыруда.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жобаның негізгі міндеті – тереңдіктегі геологиялық түзілістерді және Каспий өңіріндегі жер қыртысының геохимиясын зерттеу, уақыттық-кеңістіктегі модельді жасау, сондай-ақ, ресурстарды бағалау.

Қазақстан мен Ресей аумағындағы мұнай-газды Каспий маңы ойпатының ғаламат перспективалары халықаралық ірі компаниялардың зор қызығушылығын тудырады. Ресей де бұл жобаға белсенді қатысса болар еді.

Қазақ мұнайының инфрақұрылымы көп дамыды. Дегенмен, Президент көлік, логистика және құрылысты ғана емес, инжиниринг, жобалау, ақпараттық технологияларға мән берудің маңызын айтты. Әрине, барлық сала секілді энергетикалық секторда ғылымға сүйенуі тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің ғылыми институттарымызға бірлескен зерттеулер арқылы ауыр мұнай өндірісін интенсификациялау, терең судағы өндіру, сланецті мұнай, мұнай синтезін алу, балама энергетика және басқа да перспективалы бағыттармен айналысуға болады.

Қазақстан мен Ресейдің мұндай бірлескен жұмыстарының нәтижелері Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесінде ұсынылуы мүмкін. Өңіраралық ынтымақтастық форумы Қазақстан мен Ресей арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды дамытудың маңызды құралына айналды. Бұл – Ресей Президенті Владимир Путиннің пікірі.  

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Өткен 11 жыл ішінде елдеріміздің экономикалық байланыстары жаңа сапалы деңгейге шықты. Екіжақты тауар айналымы 6 еседен астам өсті. Қазақстан экономикасына келген ресейлік тікелей инвестиция көлемі 10 есе ұлғайды. Мұндай жоғары қарқын көбіне-көп экономикаларымыздың инвестициялық ықпалдастығы арқылы қамтамасыз етілуде.

Ресей Президенті екі елдің шекаралық ынтымағының деңгейін де жоғары бағалады. Көрсеткіштер мұны дәлелдей түседі.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Ресейлік субъектілердің көпшілігі Қазақстанның барлық 14 облысымен тікелей серіктестік қатынас орнатқан. 11 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын құрылды. Өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы 300-ге жуық өңіраралық келісімге қол қойылды.

Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараға ие. 7 мың 600 шақырым. Осы шекараның бойында орналасқан өңірлерге екіжақты тауар айналымның 40 пайыздан астамы тиесілі.

Форум қорытындысында он алты құжат бекіді. Дені сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық мәнде. Келесі форум  2015 жылы Башқұртстан астанасы Уфада өтпек.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу