Астрахань қаласында Каспий елдерінің саммиті өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астрахань қаласында Каспий елдерінің саммиті өтті

05.10.2014
Астрахань қаласында Каспий елдерінің саммиті өтті

Осы аптаның басында Ресейдің Астрахань қаласында Каспий елдерінің саммиті өтті. Теңізді жағалай жатқан 5 мемлекеттің басшысы бірнеше келісімге келді. Каспий. Жаһандағы ең үлкен тұйық көл. Алайда, үлкендігіне қарап, мұны теңіз деп атайды.

Бес мемлекет ризық-несібелерін осы теңізден теріп келеді. Қазақстан, Түркіменстан, Иран, Әзірбайжан және Ресей. Бұл 5 мемлекет бірнеше жыл болды, табиғи байлығы миллиардтаған долларға бағаланған осы бір теңіздің заңдық мәртебесін анықтай алмай жүр.

Шын мәнінде Каспий көл ме, әлде теңіз бе? Каспий егер көл деп танылса, онда бес ел теңіздің бүтін байлығын теңдей бөліп алмақ. Ал теңіз деп танылса, онда бес ел өздеріне тиесілі аумаққа ғана қожайын болады. Онда майлы жілік бізге тимек.

Себебі, Каспийдің ең ұзын жағалауы бізге тиесілі. Мұнда мұнай мен газ қоры енді мол. Онда теңіздің 13-ақ пайызы бұйыратын Иран секілділер оңбай ұтылады. Сонымен, ежелгі Қажытархан қаласындағы саммит немен түйінделді? 

Қазақ – қап толы қазынаның  үстінде отыр.  Халыққа  жаратқан  несібе еткен сый  - қара алтын. Ал, қара алтынның  мол қоры  Қарт  Каспийдің  қойнауында.  Бір ғана Шығыс   Қашаған   кен  орнында 7 миллиард тоннаға  жуық мұнай қоры   бар.

Бес мемлекеттің үлесі бар құйқалы теңізде 68 миллиард баррель қара  алтын қаттаулы, дейді геолог мамандар.  Ал, әлемдегі мұнайдың барланған  қоры 150 миллиард баррель. Ендеше, еліміз  үшін теңіздегі үлесті тиімді  бөлудің маңызын бағамдай беріңіз.

Төрт құбыласы түгелдей  құрлықпен шектесетін су алабы бес мемлекеттің шекарасын шаяды.  Қазақстан,  Ресей,  Иран, Түркіменстан мен  Әзірбайжанның қай қайсысы  да  үлкен үлестен дәмелі. Шаруашылығы, өндірісі, кірісі теңіз несібесіне телулі.   Алайда  келіссөздердің  басталғанына 18 жыл өтсе де «бесеу» Каспийге қалай  «қожалық ететінін»  келіскен жоқ.

Бірі - «тұйық көл» дейді, бірі - «теңіз», бірі - «кондоминиум»,  дейді. Сөзбұйдаға салудың себебі-қайткенде  теңізден үлкен  үлесті қармап қалудың қамы.  Өйткені, Каспий   майлы шелпектің нақ өзі.  Мәселен, Иран өзіне тиесілі  су шекарасы шағын болса да,  су қойманы теңдей бес бөлікке бөлгісі келеді. Ал, айбарлы әскері бұл елмен санаспаса болмайды.

Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:

Біздің  ісімізге өзгелер араласпауы  қажет.  Теңізді бөлу ісінде  біржақты шешімдер  болмауы керек.

Иранның  меңзеп  отырғаны  кейбір  мемлекеттің  арасындағы екіжақты  және  үшжақты  келісімдер. Қазақстан  теңіздегі үлесіне  қатысты   түйінді Ресеймен әлдеқашан   1998 жылы  шешіп алды.

Сол кезде  екі елдің мемлекет басшылары  келісіп, теңіздің түбі  екі мемлекеттің жағалаудағы үлесіне қарай бөлініп, игеріле бастады.  Алайда, Каспийдің құқықтық мәртебесін тезірек нақтылаудың  үлкен  астары бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осынша күрделі тақырыпты талқылау достық, өзара түсіністік пен серіктестік ауанында өтіп жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын біз Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға осылай шыққан едік.

Бұл біздің елдеріміздің Каспий теңізіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтудағы кең ауқымды мәселелер бойынша өзара іс-қимылын кеңейтуге берік негіз қалады.

Ендеше, негізгі  принциптері келісілген    құжат   алдағы бірер жылда  қабылдануы мүмкін. Сарапшылар енді екі жылдан кейін  Қазақстанда  өтетін бесінші саммит кезінде кәрі теңіздің  қай тұсы кімдікі екені анық жазылатын тарихи құжат шарттары келісілуі  мүмкін, дейді. 

Қазір мемлекеттер  теңіз   жағалауынан әрбір мемлекет үшін 25  миль  тиесілі,  оның   он бес милі   мемлекеттік шекара сызығы, қалған он милінде  шаруашылық   жүргізуге болады деген  нұсқаға келіскен сыңайлы.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:

Ең маңыздысы,  акваторияның көп бөлігі ортақ болып қала береді.

Шекара мәселесін шешкеннен кейін Каспий маңы елдері теңіз арқылы сауда- саттықты  жолға қоюы керек.  Сондықтан, Қазақстанда   өтетін кезекті саммитте  сауда-экономикалық  әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылуы мүмкін. 

Түркіменстан жағы – Каспий  экономикалық форум өткізудің маңызын айтса, Қазақ көшбасшысы «Каспий»  еркін сауда аймағын  қалыптастыру  қажеттігін алға  тартты. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Экономикалық өзара іс-қимылдарға Каспийдің құқықтық мәртебесін реттегенге дейін де негіз қалауға болады. «Каспий еркін сауда аймағын» құру туралы ұсынысты қарастыруды ұсынамын. Бұл біздің елдеріміздің үкіметтері деңгейінде нақты талқыланатын мәселелердің алғашқысы бола алады.

Тағы бір мәселе бес елге ортақ халықаралық орган қалыптастыру жайы. Каспийге қатысты көп түйінді  теңгерімді шешудің  бір  жолы жаңа  құрылым   жасақтау.  Мемлекет басшылары ұсынған  көп  бастаманы жүзеге асыруды осы орган жүзеге асыра алар еді.

 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сірә, біз енді өзіміз қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылайтын және өңірдегі ынтымақтастықты ілгерілетумен айналысатын бір ұйым құруға аяқ басатын шығармыз. 

Жалпы алғанда, біз елдеріміздің барлығы үшін өте маңызды, нәтижелері айқын келіссөздер өткіздік деп санаймын. Астраханьдағы кездесу Каспийдің татулық пен достық теңізі екеніне деген біздің сенімімізді нығайтты.

Каспийді қазір қауіпті кесел буып тұр. Мамандардың  айтуынша, суқойманың мұнай қайраңы бар тұстарында   өлі аймақтар  қалыптаса  бастаған.   Содан  теңіздегі тіршілік иелері   қырыла бастады.

Каспийдің  екінші бренді  «бекіре» азайып барады.   Суқойманың   ен байлығына  браконьерлер де  қырғидай   тиюде. Сондықтан, теңіз қорын қорғау үшін  Каспийдің  су және биологиялық ресурстарын сақтау мен ұсынақты  пайдалану туралы келісім  бекіді.

Бес президент қол қойған тағы екі құжат гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім мен  теңізде   төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған келісім.    

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің міндетіміздің маңызы  теңізді бөлуде ғана емес, оның бірегей экологиялық жүйесін де сақтауда жатыр. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз. Бүгінгі  таңда экологиялық қауіпсіздікті сақтау саласы бойынша келісімшарттық әрі құқықтық база жасақталды.  

Теңіз құрлықты бөлгенмен, халықтарды қоса алады. Сондықтан, Каспийге  әуелден-ақ «Достық теңізі» деген айдар тағылды.  Көшбасшылардың арадағы  алтын тінді ауқымды алыс-беріспен жалғамақ. 

Жиында Каспийдегі халықаралық туризмді дамыту, гуманитарлық байланыстардың келешегі айтылды, әрі Еділге   бекіренің  шабағы жіберді.   Бұл дәстүр  теңіз  байлығы   бес елдің  қамқорлығында  екенін меңзейді.    

Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу