Ауылда жер құдықтың суын ішіп есейген көбіміздің бұл «жарықтыққа» да көзіміз үйренді. Кенеземіз кепсе, осы диспенсерден құйып алып, сылқылдатып іше береміз. Сапасын тексеріп жатқан жан жоқ.
Қазір өзі үлкен қалалардағы ауызсу әлдеқашан үлкен мәселеге айналды. Жағдайы бар сатып ішеді, қалтасы жоқ тасып ішеді. Бірақ, көпшілігі құбырдан ағып тұрған суды айтсаң болды, жылан шағатындай шошиды. Бұған бір жағынан жарнамасы жер жаратын су тазалайтын түрлі компания да себепкер.
Қалалықтарға бұл компаниялар баяғыдан белгілі. Бір танысыңыз құбырына сүзгі қойса, сіздің де құлақтан маза кетеді. Су сүзгіштер күніне қайта-қайта телефон шалып, есіңізді шығарады. Үйіңіздегі судың сапасын тексертуді өтінеді. Келеді, тексереді, түңілтіп кетеді. Ішіп отырған суыңыз – у, дейді. Амал жоқ, өзің үшін емес, бала-шағаң үшін 200 мың теңгеге еріксіз фильтр қоясыз.
Сонымен, су өзі тіршілік көзі ме, әлде бизнес көзі ме? Дәл осындай сұрақ тастап, бір топ көрермен Apta.kz-ке телефон шалған еді. Біз зерттедік.
Айнұр Омар, тілші:
Сіз бен біз күнделікті пайдаланып жүрген ауызсу бастауын осы жерден алады. Дәлі қазір Астана су қоймасында 350 миллион текше метр су бар. Бұл бастауын кәдімгі Есіл өзенінен алып жатыр. Әрине, бір қарағанда, қара лай сияқты. Бірақ сіздің құбырға жеткенше бұл бірнеше рет тазалаудан өтеді. Ағын судың арамы жоқ дейді, түсі мөлдір, дәмі де жақсы.
Астанаға биыл су көп жиналыпты. 350 миллион текше метр. Қалалықтар жылына 80-90 миллион текше метр су пайдаланады. Жұрт бұл жерді «Вячаслав» су қоймасы атап кеткен. Қойма – стратегиялық нысан, күні-түні күзетіледі.
Қоймадан шыққан су канал арқылы 51 шақырым ағып, қала ішіндегі мына жабық мекемеге келеді. Астаналық әр әлуан, қазақтың кең жерінің әр түпкірінен жиналған. Туған өлкенің суына ештеңе жетпейді. Сондықтан, біріне иісі, біріне түсі ұнамай жатады.
Уасила Әуезова, «Астана су арнасы» МКК зертхана меңгерушісі:
Біз хлорсыз халыққа су бере алмаймыз. Ең бірінші талап, микробиологиялық талап болуы керек. Біздің мына суымызда ауыр металдар жоқ. Осы бір жылдың көлемінде хлорды гипохлорид натрийге ауыстырамыз. Онда хлордың иісі болмайды. Сол кезде мен ойлаймын, халық басқа су ішеді.
Астана бас қала болғаннан кейін ауызсу мемлекеттік және халықаралық стандартқа сай. Судан сағат сайын сынама да алынады. Бірнеше рет сүзгіден өткен таза су қала құбырларына кетеді. Әрі қарай әркім өз қалауын жасайды.
Бірі үйренген осы суды құбырдан іше береді. Бірі - бөтелкедегі тазартылған су ішеді, жағдайы жеткендер үйіне сүзгі орнатады, тағы бірі күнде ішетін суын күнде сатып алады.
Мәселе осы жерден басталады. Бөтелкедегі су. Астанада 50-ге жуық су тазартып сататын жекеменшік нысан болған. Бірақ, қазір оның жартысы ғана қалыпты. Өйткені, Кеден одағы талабы бойынша олардың суы жарамсыз.
Олай дейтініміз, бұл компаниялардың көбі суды кәдімгі құбырдан құйып береді. Алдын ала бірнеше рет сүзгіден өткіземіз, дейді. Бірақ, сену қиын. Біз хабарласқан бірді-екілі компания түсіруге келіспеді.
3 айлық конференция өткізіп жатырмыз, деді. Енді бірі басшыларының шетелде екенін айтты. Әрі ол жерлерді санэпидқадағалау прокуратураның рұқсатынсыз тексере алмайды.
Уасила Әуезова, «Астана су арнасы» МКК зертхана меңгерушісі:
Ол бөтелкемен әкелген суды ол тазалады ма, қайта өңдеу жасалынды ма, жасалынбады ма, ол біріншіден. Екіншіден, ол бөтелкенің ішіндегі суда микро, макроэлементтер болады.
Мысалы, табиғи судың құрамындағы 50 шақты микро, макроэлементтер адам ағзасына керек. Кальций керек, денеге сүйекке, магний жүрекке керек, селен көзге керек, әрбір химиялық элементтің адам ағзасы үшін өз пайдасы бар.
Ал енді фильтрден өткізген кезде кей фильтр микро, макроэлементтердің бәрін жоқ қылып жібереді. Ол – өлі су. Өлі судан ағзаға ештеңе бармайды.
Жарнамасы жер жаратын кейбір компания жабылып та тыныпты. Себебі, 2015 жылдан бастап тек жер асты суын шығаратындар ғана нарықта қалмақ. Жаңа талапқа сай келетін су бар екен. Мына шағын цех нарыққа енді еніп келеді.
Сергей Амозов, жеке кәсіпкер:
Су бизнесі ең қажетті, бірақ ең ауыр бизнес. Тазарту құрылғылары қымбат. Тасымалдайтын машина керек. Сондықтан, ұсақ фирмалар жабылып қалады. Тұрақты жұмыс істейтін 7-8 компания ғана бар.
Енді олардың саны тіпті азаяды. Кранның суын құйып беретіндер 2015 жылдан бастап жұмысын тоқтатады. Өйткені, ондай судың денсаулыққа еш пайдасы жоқ. Әрі, су шығаратын жерлер қаладан, көлік түтінінен алыста болуы керек.
Кеңселердің көбі осы бөтелке суына тәуелді. Бағасы да арзан емес. Біреуі 500-600 теңге көлемінде. Мұны қымбат санағандар, үйіндегі құбырға фильтр орнатады. Нұрболат Құсайынов осыдан 6 жыл бұрын үйдегі суға сүзгі қойдырған. Содан бері құбыр суын пайдаланбайды. Бала-шаға да осыған үйреніп қалды, дейді.
Нұрболат Құсайынов, Астана қаласының тұрғыны:
Алдымен жарнамаларын жасады. Краннан ішіп жүрген суымыз болатын. Соны алып бір стақанға құйды да, екінші осы «Робаклейннен» алып бір стаканға құйды. Екеуінің ішіне аппараттарын салды. Сол кездегі біздің краннан ішіп жүрген суымыз шалшық су бар ғой, сондай сияқты жап-жасыл болды.
Сүзгілердің бағасы 70 мың теңгеден басталып, 300-400 мыңға дейін жетеді. Оны қойдырғаннан кейін 3 айда бір қажетті бөлшегін алмастырып тұру керек. Қазір қала бойынша 20-ға жуық сүзгі қоятын компания жұмыс істейді. Түсірілімге келісім берген компания Қазақстан нарығында 10 жылдан бері жұмыс істейді. Клиенттері күн санап көбейіп келеді.
Жандос бізге де демонстрация жасады. Өзінің қолындағы сары құрылғы судың жалпы көрсеткішін анықтайды. 60-қа дейін болса сапалы, 120-ға дейін аздап қауіпті, алдағы уақытта ауызсуды ауыстыру керек, ал 240-тан асса апат. Құбыр суы 250-ге жетті. Ауызсудың сұмдығы мұнымен бітпеді. Суға тағы бір аппаратын қойғанда балдыры мен батпағы араласып шыға келді.
Жандос Әбділдаев, су тазартатын компанияның менеджері:
Мына суды байқайтын болсаңыз, сарғыш, лимон түстес. Таза суда адам ағзасына керек минералдар бар. Ал енді мына суды көріңіз. Екеуі де суық болған. Мынау қазір жылы. Неге? Өйткені, құрамында темір бар. Судың құрамында минералдар бар. Біздің денемізге зиян алып келетін тұздар бар. Құбырдан келген зиянды заттар бар.
Үйінде сүзгісі барлардың бәрі бұл көрініске куә болған. Қорыққаннан қондырғы қойдырған. Бірақ, бұған айтар тағы бір уәжді тыңдап көріңіз.
Уасила Әуезова, «Астана су арнасы» МКК зертхана меңгерушісі:
Катион, ониондардың қозғалысы болған кезде біздің табиғи су, оның ішінде кальций де, магний де, хлорид те, сульфат та бар. Сонда анод, катодқа қарай қозғалыс болады. Суда қозғалыс болған кезде судың түрі өзгереді ғой. Ал енді оны өлі суға салғанда ештеңе өзгермейді. Онда ештеңе жоқ.
Судың лайланғанынан қорықпау керек. Демек, тірі су ішкеніңізге қуаныңыз. Бірақ, құбырдың суынан қашып отырғандар көп.
Серік, Астана қаласының тұрғыны:
Таза су ғой мынау, таза экологиялық. Кранның суын білмеймін, аздаған қалдық болады. Нашар.
Супермаркет пен кей дүкенде су сататын аппарат бар. 5 литрі - 50 теңге. Бұл эконом-клас. Бірақ сапасы жаман емес. Әрине, әркім өз тауарын мақтайды.
Вениамин Немцев, жеке кәсіпкер:
Бұл су кәдімгі қалалық құбырдан келіп тұр. Алдымен, бөтелкені озонмен тазалайды, сосын бірнеше қайтара сүзгіден өткен суды құйып алады. Қала суы да таза. Бірақ ол тозығы жеткен, кей жері шіріп жатқан құбырлармен үйге көтерілгенше, тағы сапасын жоғалтады. Бұл аппарат сол құбырдағы қақты тазартады. Сондықтан, қымбат емес.
Бұл судың да дәмін көрдік. Судан судың айырмашылығы жоқ сияқты.
Айнұр Омар, тілші:
Кешқұрым бұл жерге арба сүйреген адамдар жиі жиналады. Қала ішінде немесе саяжай аумақтарында мына сияқты колонкалар әлі күнге дейін бар. Бұрынырақта олардың саны 500 еді, қазір 200-ден сәл асады. Жалғыз құдықтың өзі бірнеше мың адамды сумен қамтып отыр.
Қалалықтар құбырдан келген суды таңдап жүрсе, қаладан 10 шақырым жердегі саяжай тұрғындары осы колонканың барына шүкір, дейді.
Бақдәулет, Астана қаласының тұрғыны:
Колонканы ауылға сәл жақын қоюы керек. Бұл мына саяжайдың бір шетінде тұр. Көлігі барлар көлікпен келеді. Көлігі жоқтар балаларды ертіп, 1, 2 бөтелкемен келіп, алып келеді.
Бұл қараусыз қалған құбыр емес. «Астана су арнасының» иелігінде. Сапасын сол мекеме тексеріп отыр. Аяқ жеткен жерді түсірдік, бұйырған судың дәмін таттық. Түйгеніміз, құбыр суы біз ойлағандай қорқынышты емес. Бірақ сұраныс болса, ұсыныстың түр-түрі дайын. Әзірге мегаполистерде ауызсу тіршіліктен бұрын табысты бизнес көзіне айналып барады.
Айнұр ОМАР