Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді

21.09.2014
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов есеп берді

Елдегі игерілмеген жерлер иесін табу керек. Өйткені, жасыратыны жоқ, талай жерді әркімдер жамбасына басып жатыр. Не өздері пайдаланбайды, не өзгеге бермейді. Сондықтан, Мемлекет басшысы сол телімдерді тексеріп, жерді түгендеуге тапсырма берген еді.

Мәселен, елдегі ең үлкен Алматы облысында 126 мыңдай гектар жер телімі игерілмеген. Оның 49 мыңы суармалы жерлер екен. Енді бұл телімдер тексеріледі, жер түгенделеді. Ол үшін аймақта жер картасы жасалады. Онда жердің құнарлығы, құрамы, жер иелерінің аты-жөні жазылады. Қазіргі уақытта қандай мақсатқа пайдаланып жатқаны жөнінде мәлімет енгізіледі.

Өңірдегі жаңашылдықпен облыс әкімі Амандық Баталов бөлісті. Ақтөбе облысы әкімінен кейін, Елордада екінші болып есеп берген ол аймақтағы бар мен жоқты бүтіндеп, журналистер сауалына жауап берді.

Алматы облысы – аграрлық аймақ. Табыстың тура тоқсан пайызы осы саладан түседі. Содан шығар, Амандық Баталов амандық сұрасқан соң, бірден ауыл шаруашылығына тоқталды.

Қазір жер жәннаты – Жетісу атанған аймақтағы зауыт-фабрика санынан жаңыласыз. Соның басым бөлігі – тамақ өнеркәсібі. Бас-аяғы,  860 кәсіпорын. Оның 200-і азық-түліктің 70 түрін шығарады. Экономикадағы салалық үлесі 20 пайыз.

Алматы облысы бір кездері бүтіндей бір Қазақстанды ауыл шаруашылығымен қамтыған. Нарық көлемі 500 миллиард теңге болатын Алматының өзіне күніне тонналап тауар жөнелтетін.

Ал қазір керісінше, 432 миллион долларға тағам өнімі өңірге сырттан әкелінеді. Қаражаттың 75 пайызын мемлекет береді, өңір тек 25 пайызын ғана өзі табады. Кезінде Талдықорғанда бақандай 5 қант зауыты қарқынды жұмыс істеген. Қазір біреуі де жоқ.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Бұрынғы Ақсу қант шығаратын зауыты өте үлкен. 60-шы жылғы технология. Ол қазіргі заманға сай келмейді. Оны қайтадан күрделі жөндеу дұпыс емес. Сол үшін біз жаңа технологиямен қант зауытын салайын деп жоспарлап отырмыз.

Қант зауыты бір маусымда 100 мың тонна қант өндіруге қуатты болады. Нәтижесінде өңірде қант қызылшасын өсіру қайта жанданып, егіс алқаптары 14 мың гектарға жетеді.

Индустрияландыру картасы бойынша жалпы құны 311 миллиард теңгенің 56 жобасы жүзеге асырылады, деді әкім. Бірақ, бұл жобалардың әлі тоғызы тоқтап тұр. Тура бір ай бұрын облысқа сапарында Елбасы қатаң ескерту жасаған еді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

5 жыл болды бірде бір бағдарлама жоқ, іске асқан.

Өңірдегі күн тәртібінде тұрған түйткіл көп. Халықтың әлеуметтік ахуалы айтарлықтай мәз емес. Ауызсу ауылдарға толық жетпеген. Жаңа әкім бұл істе іркіліс болмайды, дейді. 

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Бүгiнгi күнi 222 елдi мекенде орталықтандырылған сумен қамту жүйесі жоқ. Сол себепті, бүгінде жыл сайын екі жақтан қаражат бөлініп отыр. Жергілікті бюджеттен - 4-4,5 миллиард теңге және республикалық бюджеттен 5-7 миллиард теңге. Соның арқасында біз 2020 жылға дейін  барлық елді мекенді сумен қамтимыз.

Енді мектептер жайында. Өңірде үш ауысымды 51 мектеп бар. Адам көп шоғырланған Оңтүстік Қазақстанда да мұндай жоқ. Бұл мәселе де шешіледі.  Облыс 2017 жылға дейiн 43 жаңа мектеп салмақ. Оның 29-ы республикалық, ал қалғандары жергiлiктi қаражат есебінен тұрғызылады. 133 балабақша есігін ашады.

Жетісуды жердің жәннатына балайды қазақ. Түгін тартсаң, майы шығады. Керемет Көлсайы бар, атақты Алакөлі, Швейцарияны басып озатын Шарын шатқалдары да осында. Бәрі барғысы келеді, сол жерлерді көргісі келеді. Бірақ, барайын десе...

Иә, жыртық жолдар әлі жамалмаған. Сондықтан, флорасы мен фаунасы өте бай мекеннің туризмі тұралап тұр. Соңғы үш жылда турист саны 1,5 есеге өсіп өңірге 240 мың адам келді, дейді әкім. Бірақ, тамаша табиғаты бар өңір үшін бұл күлкілі көрсеткіш. Бюджетке қомақты қаражат құятын туризмнің тежелгеніне кінәлі болған жырым-жырым жолдар жөнделеді. Жөнделіп жатқаны да бар.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

Кіші Жалаңашқа дейін жолды жасап қойдық, арғы жағында жол емес, асфальт жоқ. Соған жоба жасап, Үшарал-Достық, оның арасында Ақши, Алакөлге баратын, сол жерде де жол құрып кеткен. Көлсайдың жолы, соның екеуінің де жобасы бар. Ол біздің емес, республиканың жолдары, оны Үкіметтің алдына қойып, ол мәселені шешеміз.

Қонақтарды көп тарту үшін Алматы-Талдықорған бағытында да еуростандарт бойынша жаңа жол салынып жатыр. Көптің көңілін алаңдатқан кеселдердің бәрін жою мақсатында арнайы кластер құрылды, жоспар жасалды. Аймақ басшысының айтуынша, осылайша облыс дамудың жаңа жолын таңдамақ. Оған мүмкіншілік бар, тек уақыт керек.

Ғалым КӘЛМЕН

Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу