Иран - Қазақстанның Таяу және Орта Шығыстағы маңызды экономикалық серіктесі. Бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірі. Апта басында Астанаға Иран Президенті Хасан Рухани келді. Бірінші рет және мемлекеттік сапармен.
Иран мен Қазақстан Ислам ынтамақтастық ұйымы, сондай-ақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары секілді өңірлік ұйымдар аясында араласады. Енді екі ел экономикалық байланыстарды кеңейтуге ұмтылып отыр.
Иранның инженерлік-техникалық, фармацевтикалық, сондай-ақ, электр станцияларының құрылысы саласындағы әлеуеті зор. Ал Қазақстан азық-түлік пен астыққа бай. Бірнеше жыл бойы АҚШ пен Батыс санкцияларына ұшырап, оқшау отырған Иран былтырдан бері келіссөздерге жүгініп, жылымық саясат ұстана бастады.
Мемлекеттік сапар, мәртебелі мейман. Ақорда - Иран Президенті Хасан Руханиді халықаралық салтқа сай сән-салтанатымен қарсы алды. Хасан Руханидың билік басына келгеніне бір жыл. Бұл оның біздің елге жасаған тұңғыш мемлекеттік сапары.
Мемлекеттік сапардың мақсаты - Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық қатынастарды мейлінше кеңейту. Әсіресе, мұнай мен теміржол саласындағы серіктестік екі елге де теңдей тиімді.
Екі Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Хасан Рухани шағын құрамда кездесіп, Қазақстан мен Иранның экономикалық қатынастарын талқылады. Мысалы, теміржол дәлізі, жүк тасымалы, пайдалы қазбалар мен өнеркәсіп, өзара инвестициялар алмасу. Бұл мәселелер екі ел ресми тұлғаларының кеңейтілген құрамдағы кездесуінде де кеңінен талқыға түсті.
Соңыра 4 құжат бекіді. Олар: Қазақстан мен Иран Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі, екі ел сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы бес жылдық бағдарлама, жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы үкіметаралық келісім, соңғысы сауда экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екі ел арасындағы достық, ынтымақтастықты нығайту үшін бұл сапардың маңызы өте зор. Иран біз үшін Ислам әлеміндегі жалпы дүниедегі Каспий жағалауындағы ең үлкен маңызды көрші болып саналады.
Иран – жаһандағы ірі мемлекеттердің бірі. Мұнай қоры бойынша әлемде 3, ал газ қоры бойынша 1 орында. Бірақ, ядролық бағдарламасы себеп болып мемлекет көп уақыт оқшау қалды. Иранның жетінші Президенті Рухани қазір 6-лықпен санкцияларды алып тастау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы туралы 6-лықпен келіссөзге бейтарап алаң бергені мәлім. Ал, енді екіжақты ынтымақты нақты салаларда дамытуды қолға алды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірінші, ауыл шаруашылығы. Біз Иран кәсіпкерлерін Қазақстанның ауыл шаруашылығы жобаларына қатысуға шақырамыз, олар өздерінің мүдделі екенін бізге білдірді. Екінші, сауда-саттықты төмендетіп тұрған көлік-транзиттік саланың дамымауы.
Биыл Қазақстан-Түркіменстан-Иран арасындағы теміржол қатынасы ашылатын болады. Үшінші, инвестициялық байланыстардың аясын кеңейту мәселесі. Қазір Иран елінің қатынасуымен бірталай инвестициялық жобалар жүзеге асатын болады.
Мысалы, Қазылорда облысында әйнек зауытының құрылысы, Қостанай облысында глиназем өндіру, Қарағандыда гидрометаллургия зауыттарын салу жобалары қарастырылады, бұл нақты объектілер болып саналады.
Төртінші, екі ел арасында Каспий теңізі арқылы СВОП жүйесіменен мұнайды айырбастау мәселесі, бесінші өңіраралық ынтымақтастықты дамыту. Алтыншы, ғылыми техникалық қатынас саласында, ақпарат саласында жұмыс істейтін боламыз.
Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:
Энергетика саласы біздің ынтымақтастығымыздың маңызды бөлігі. Қазақстан да, Иран да ауқымды мұнай-газ қорларына ие. Біз осы саладағы тәжірибелерімізбен бөлісіп, өзара инвестициялар тартуға да назар аударамыз.
Былтыр қос мемлекеттің өзара тауар айналымы 620 миллион АҚШ долларына тең келсе, биыл 1 миллиардтан асуы мүмкін. Соңғы уақытта әлемдік экономикадағы ахуалға байланысты Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы азайып қалғаны рас.
Бірақ, 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш еселеніп, тіпті елдер арасындағы тауар айналымы алдағы жылы 2 миллиард долларға жетуі бек мүмкін, деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз екіжақты қарым-қатынастар бойынша нақты келісімдерге қол жеткіздік. Әсіресе, Каспий теңізінде салып жатқан терминалдар жайын талқыладық. Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы теміржолы пайдалануға берілгеннен кейін біздің азық-түлік, бидайымызды саудалау мүмкіндігі бес есеге артады.
Яғни, қазіргі кездегі 500 мың тонна 2,5 миллион тоннаға дейін өседі. Теміржол он миллион тонна жүкті тасымалдау мүмкіндігін ашып отыр және бұл өте маңызды.
Екіжақты бизнес өкілдерінің қатысуымен өткен форумда екіжақты бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Атап айтсақ, 2015 жылы Қызылорда қаласында шыны шығаратын зауыт салынады. Оның жылдық қуаты - 197 мың тонна.
Жалпы құны 52 миллиард теңге тұратын бұл алып жобаны жаңадан ашылған «Orda Glass» жобалау компаниясы іске асырмақшы.
Қуандық Бишімбаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы:
Қызылорда қаласында, енді кварцты Арал жағынан алып келетін болады. Ал, ирандық компанияға келетін болсақ, біздің серіктесіміз ол – «Kaveh Fioat Glass» деген компания.
Жан-жақтағы елдерге өте танымал. Шыны шығаратын зауыт. Бүкіл компанияның капиталын алатын болсақ, 3 миллиард доллар. Олар тек құрылыс үшін шыны шығармайды. Басқа да шыныдан жасалатын тауарларды шығарады.
Иран президенті Хасан Рухани Назарбаев университетіне де барып, студенттер мен оқытушыларға дәріс оқыды. Оның айтуынша, әлемде тек материалдық ресурстар ғана емес, рухани-мәдени құндылықтарды да еркін амастыруға болады.
Хасан Рухани, Иран Ислам Республикасының Президенті:
Қазір біз әлемдер тоғысында тұрмыз. Сондықтан, мұнай мен газ сынды салаларды дамытып қана қоймай, ғылыми, философиялық, мәдени қорларымызды да қолданғанымыз жөн. Біз ғылымның аяғына тұсау салып тастадық.
Дегенмен, қазiр бiзге ежелгi Ислам өркениетi мен ғылымын жандандыратын сәт туып отыр. Бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі әртүрлі жоғары оқу орындарында 4 миллионнан аса ирандық студент білім алуда. Осы орайда, біздің студенттер сіздің елде, ал сіздің жастарыңыз бізде білім тәжірибесімен алмасса, дейміз.
Мемлекеттік сапар мемлекеттер арасындағы ынтымақты мықтауға үлесін қосары анық. Айтпақшы, жыл соңына дейін Қазақстан – Түркіменстан – Иранды жалғайтын теміржол құрылысы аяқталмақ.
Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ
Алмат ӘБДІРАМАН
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ