Қазақстанда ет экспорты жандана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда ет экспорты жандана бастады

13.07.2014
Қазақстанда ет экспорты жандана бастады

Кәсіпкерліктің көзі, байлықтың өзі - бағып қақсаң, қорадағы малыңда. Мыңғыртып мал айдаған Байбөрідей болмаса да, әр ауыл отарлы қой мен табынды сиыр айдап, үйірлі жылқы бағып еді ілкіде. Сол жұнттай семіз төрт түлігі бырдай жайылып жататын қазақтың жерінде соңғы жылдары ет өндірісі тұсаулы аттың күйін кешіп келді.

Қоңды да күйлі мал еттерін экспортқа шығара алмай кәсіпкерлеріміз күйіп- пісіп еді, еңселері түсіп еді. Осы күні кедендік кедергілер қысқарып, кәсіпкерлерге жол ашылды. Есте болса, Елбасы осыдан үш жыл бұрын Үкіметтің алдына мынадай тапсырма жүктегені бар. Ауыл шаруашылығындағы еңбек­тің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өсуі тиіс.

Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең.

Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңге көлемінде несие бөледі. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүм­кін­дік береді, 100 мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының басын көбейтуге мүмкіндік береді.

Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Жас та болса, өз шаруасын дөңгелетіп, мал бағуды қолға алған Жанболат Баймағамбетов биыл 120 бас ірі қара сатып алды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша.

Жанболат Баймағамбетов, «Ақмол» ЖШС-ның директоры:

«Сыбағаның» басшылығына көп рахмет. Олар жақсы жұмыс істейді. Олар аз уақытта маған несие берді. Соның арқасында осындай мал алып жатырмыз.

«Сыбаға» бойынша берілетін несиенің өсімі өте аз. Алты-ақ пайыз. Ал оны алғандар мал басын асылдандыруға міндетті. Бұл - бағдарламаның басты талабы.

Жанболат Баймағамбетов, «Ақмол» ЖШС-ның директоры: 

Асыл тұқымды алабастан жеті бас бұқа алдық. Болашақта ет бағытында өсіріп жатырмыз. Сол, алабастардың тұқымдары өте жақсы.

Бұл - Қостанай облысындағы Әуликөл асыл тұқымды мал шаруашылығында өтіп жатқан аукцион. Оған «Сыбаға» алып, мал басын асылдандырамын, дейтін шаруалар көп қатысады. Ал Әуликөл тұқымының әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, етті мал өсіремін, дейтін шаруаларға бұл тұқымның бұқасы таптырмайтын тұяқ саналады.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Осы тұқымның ары қарай дамып, жақсарып жатқан жері осында. Барлық ірі қара өсірушілер тұқымды осы жерден келіп жаңартады әрі жақсартады.

Үкімет ет экспортын дамыту үшін мал шаруашылығында бір желімен жүзеге асатын бірнеше сатылы бағдарлама қабылдаған. Оның бастауы «Сыбаға» болса, қостауы мал бордақылайтын арнайы алаңдар.

Соның бірі - Қорғалжын ауданындағы «АгроЭкспорт ЛТД» серіктестігі. Жанболат секілді шаруалардың жас төлдерін сатып алып, арнайы алаңда жемдейді.

Серіктестікте осыдан екі жыл бұрын 200 бас сиыр бар болатын. Қазір 2 мыңнан асады. Жас малдарға бұл жерде күніне 3 келі арпа, 4 келі кебек және 10 келі шөп береді.

Рақым Әкімжанов, «АгроЭкспорт ЛТД» ЖШС-ның директоры:

Бұл малдарды бүкіл Қазақстан бойынша жинаймыз. Қостанай, СҚО, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарынан аламыз. Алып келіп осы жерде жемдейміз. Қазір алып жатқан бұқаларымыздың салмағы орташа 250-350-дің арасында. Кейін ары қарай бордақылап 420-450 келіге дейін жеткізіп, етке өткіземіз.

Бордақылау алаңын ашқандар да мемлекет назарынан тыс қалмайды. Әзірге, екінші санатқа жататын «АгроЭкспорт ЛТД» серіктестігі 1 келі етке 170 теңге субсидия алады. Бұл үлкен көмек, дейді шаруалар.

Рақым Әкімжанов, «АгроЭкспорт ЛТД» ЖШС-ның директоры:

Қазір бізде бордақылау алаңы 2,5 мың басқа арналған. Биыл күзге дейін 3 мыңға дейін жеткізіп, бірінші санатқа шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Егер бірінші санатқа көшіп жатса, мал басына берілетін субсидия өседі.  

Серіктестік семірткен малын өткізу үшін көп сенделмейді. Себебі, ет өңдейтін комбинат іргесінде тұр. Бұл комбинат та ет экспортына екпін беру үшін ашылған. Қазір күніне ірі қара мен ұсақ малдардың етінен 10 тоннаға дейін дайын өнім шығарады. Әрі сол өнімнің көп бөлігі көрші елдерге жөнелтіледі.

Түсіпбек Бопин, «АстанаАгроПродукт» ЖШС директорының орынбасары:

2013 жылы біз Мәскеу қаласына 33 миллион теңгеге 16 тонна ет жібердік. Енді осы 2014 жылы Ресейге 200 тонна ет жібереміз деп жоспарлап отырмыз.

Ресей демекші, қазір қазақ баққан малдың еті Мәскеу төрінде сатылып жатыр. Ең бастысы, Еуразиялық экономикалық одақтың шарттарына сай, ет экспорттаушылар үшін бұған дейін кездесіп келген кедергілер түгел алынып тасталған.

Алан Хортиев, «Москворецк» сауда үйінің директоры:

Екіжақты келісімнің арқасында қазақстандық шаруалар бордақылаған мал еті Мәскеудегі дүкендерде сатыла бастады. Біз қазір Қазақстандағы бірнеше бордақылау алаңымен шарт жасастық. Нәтижесінде, былтырдың өзінде 300 тонна ет әкеліп саттық. Сәтін салса, бұл көрсеткішті әлі көбейтеміз деген жоспар бар.

Жалпы, Қорғалжын еліміз бойынша «Сыбаға» бағдарламасына белсенді атсалысып келе жатқан аудандардың бірі. Биылдың өзінде 30-ға жуық шаруа дәл осы бағдарламамен жүздеген бас мал сатып алған.  

Қайыр Рыскелдинов, Қорғалжын ауданының әкімі:

2011 жылдан бастап, осы бүгінге дейін осы «Сыбаға» бағдарламасының арқасында ірі қара малымыздың саны, төлдегенін  санағанда, 12 мыңнан 21 мың басқа көбейіп отыр.

Еркебұлан Ахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Мал шаруашылығы өнімін өңдеу және өндіру департаментінің директоры:

Біз биыл 100 мың тоннаға дейін ет экспорттаймыз деп отырмыз. Оған елімізде барлық жағдай жасалған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қара малдың басын көбейтіп, оның тұқымын асылдандыруға бағыттаған «Сыбаға» секілді бағдарламаны осыдан былай қой және жылқы шаруашылықтарына да қолданбақ. Ол үшін «Асыл асық» деп аталатын жобаның жоспары жасалып, қазір несие беру жолдары мақұлданып жатыр.

 Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу