Дәл бүгін Алматыдан Ақмолаға қоныс аудару туралы шешім қабылданған тарихи күн. Осыдан жиырма жыл бұрын, дәл 6-шы шілде күні Жоғарғы кеңес депутаттарының кезекті сессиясына Нұрсұлтан Назарбаев астананы Ақмолаға ауыстыру туралы ұсынысымен барған.
Ол кез баршаның бостандықты сезініп болмаған уағы. Заң шығарушы органда Кеңес одағының ошағын көсеп, отын маздатуды көксейтіндер көп еді. Бұра тартқандар болғанымен, ақыры көпшілік дауысымен азат қазақ астанасын ауыстыратын болды.
Одан кейінгі кезең сіз бен біздің көз алдымызда. 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. Сол жылы мемлекеттік рәміздер мен Президент байрағы Алматыдан Ақмола қаласына әкелінді.
Сол жылы Премьер-Министр кеңсесі, іле-шала Президент Ақмолаға ресми түрде аттанды. Ал, 1998 жылдың 6 мамырында Елбасы Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертілді.
Биыл 16 жыл толды. Сарыарқаның төсіндегі жасампаз қаланың күнін біздің халық жыл сайын сән-салтанатымен атап өтеді. Астана тойына орай зәулім де еңселі ғимараттар бой түзейді, шаһар жаңа нысандармен толығады.
Ғимараттың пішіні көктен қарағанда көздің қарашығына ұқсайды. Ал, ішінен түндігі түрілген киіз үй іспетті. Тоғыз қабат кешеннің жалпы аумағы 30 мың шаршы метр. 500 адам сияды. Жобасын сызған атақты ағылшын сәулетшісі - Норман Фостер.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Астанамыздың ажарын айшықтайтын тағы да бір жаңа ғимараттың ішінде отырмыз. Бұл дүниежүзінде бар тәртіп бойынша Президенттің кітапханасы деп саналады. Дегенмен, мұны мәдени орталық деп санау керек. Ғимараттың сәулеті еліміздің дәулеті мен әлеуетін, арманы мен таңдауын әйгілеп тұрғанын көріп отырсыздар.
Бас қаланың көркін аша түсетін, халыққа игілікті қызмет істейтін үлкен шаңырақ болсын деп тілейміз. Бұл – көркімен көзді арбаған әсем қаламыз – Астананың туған күніне тағы да бір тамаша сыйлық.
Мынау түңлікті түріп тастаған қазақтың киіз үйі сияқты, өздеріңіз көріп отырсыздар. Мынау ауқымды әйнектен қысында да, жазында да кіретін жылу мына ғимараттың ішіндегі энергияны үнемдеуге ықпалын тигізеді. Қыста да, жазда да.
Негізі, Президенттің мұрағатын жүйелеп, жинақтау жиһан тәжірибесінде бар үрдіс. Мысалы, АҚШ, Франция, Түркияда Президент кітапханалары бар. Біздің Президенттің кітапханасы маңызды үш бағытта жұмыс істемек.
Бірінші, Елбасының жеке кітаптары, еңбектері шоғырланады. Кәдімгі кітап күйінде ғана емес, электронды түрде де оқуға болады. Екінші бағыт, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке мұрағаты шоғырланған, қазір жиыны 110 мың дана құжат бар.
Махмұд Қасымбеков, ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы, Тұңғыш Президент-Елбасының кітапханасы ММ директоры:
Үшінші үлкен бағытымыз ол ғылыми зерттеу және талдау шаралары. Мұнда сондай екі бағытта жұмыс істейтін топ құрылған, олар Елбасының бүгінгі қызметіне қажетті деген, әлемде болып жатқан экономикадағы, саясаттағы жағдайлардың барлығын талдап, жұмыс барысында Елбасына баяндап отырады. Сосын енді біздің алға қойып отырған үлкен бір мақсатамыз - Валдай, Рим клубтары сияқты дүниеге әйгілі клубқа айналдыру осы кітапхананы.
Бұл кітапханадағы ерекше жобалардың бірі «Елбасының мобильді кітапханасы» деп аталады. Мұндай мобильді кітапхана әлемдегі президенттік кітапханалардың ешқайсысында жоқ. Оған әзірге 28 кітап енген. Кез келген оқырман планшет, смартфон қолдану арқылы Елбасының тұщымды еңбектерінен сусындай алады.
Елордадағы еңселі бұл ғимарат - Ұлттық қорғаныс университеті. Қорғаныс саласында бұрын-соңды мұндай оқу орны болған емес бізде, бізде деймін-ау тұтас Орталық Азия аумағында жоқ.
Кешенде 5 оқу корпусы, әкімшілік корпус және 306 пәтерлік жатақхана бар. 20 гектар аумақты алып жатқан үлкен нысанды Президент, Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев аралап көрді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Университеттің басшыларына, оқытушыларына жаңадан талап қойылады. Ескі жолмен жүріп, тек сапқа тұруды үйретудің керегі жоқ. Біз бұл жерде барлық жағынан дайындалған офицерлерді оқытып шығаруымыз керек. Мәдениетті, жан-жақты, сауатты, соңынан топты ілестіретін нағыз қолбасшыларды даярлап шығу керек.
Алып аудиторияларда бір мезетте 1100 тыңдаушы дәріс алады. 10 ғылым докторы, 30 ғылым кандидаты сабақ береді. Университеттің 75 мың кітап қоры, ғылыми-зерттеу институты бар, компьютерлік сыныптар, лингофон кабинеті, 200 орындық кинозалы жұмыс істеп тұр.
Шалқар Мыңбаев, Ұлттық Ұланның офицері, полковник:
Бұған дейін ұлттық қорғаныс университеті Щучье қаласында болған. Бүгінгі таңда елордамыз Астана қаласына көшірілді. Бұл бізге Отан алдындағы қызметімізді одан да әрі тиянақты және мінсіз атқаруымызға үлкен әсер етеді деп айтуға болады.
Айбынды армия жасақтау – кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Ол үшін ұрысқа қабілетті қалың қол жинау керек. Университетке сақадай сай армия, парызына адал офицер оқытып шығару міндеті жүктелді.
Бұл – Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы. Мереке қарсаңында қазақ жұрты үшін тағы бір құнды сыйлық. Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба. Көлемі 74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық музей Қазақстанның ерте ғасырдан бастап күні бүгінге дейінгі археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштерін жинақтауымен құнды. Кешен Президенттің тікелей тапсырмасымен салынған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біздің бабаларымыз Қиыр Шығыс пен Батыс Еуропаның, Сібір мен Үндістанның арасында 4-5 мың жыл бойы айрықша рөл атқарғанын біз тарихтан білеміз. Сақтар мен ғұндар дәуірінен бастау алып, Түркі қағанатымен жалғасқан Қазақ хандығының және бүкіл Тәуелсіз Қазақстанның өткені халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің жылнамасы болып саналады. Мәңгілік еліміз барда қазақтың тарихы да мәңгілік. Ұлттық музейде жаңа Қазақстанның тарихына айрықша мән берілетін болады.
Ұлттық музей дүниежүзіндегі басқа музейлерден айрықша сәулетімен, қайталанбас дәулетімен ерекшеленеді. Бұл ғимарат Ресейдің Эрмитажы, француздың Лувры және америкалықтардың «Метрополитені» бастаған әлемнің ірі экспозицияларының ондығына енеді.
Ұлттық музей 15 залдан тұрады. Барлығы Қазақстанның өткені мен бүгінен сыр шертетін жәдігерлермен толығатын болады. Қазірдің өзінде Алтын адам, Сайрамнан табылған алтын бұйымдар мен күміс тиындар мұражайға қойылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан - ежелгі ата қонысына ту тіккен жас мемлекет. Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін жаһанға жарқырата түсу – біздің ортақ парызымыз. Қазақтың тарихы - бірігу мен тұтастану тарихы. Бүгін жай ғана музей ашылып отырған жоқ, сан мың жылдық шежіре жазылатын Қазақстан тарихының жаңа беті ашылып отыр. Қуаныш құтты болсын. Баршаларыңызды Астана күнімен құттықтап, береке-бірлік пен жақсылықтар тілеймін.
Кез келген мемлекет туралы алғашқы әсер мен түсінік оның тарихын танудан басталады. Міне, осы маңызды миссия Ұлттық музейге жүктелген. Әлемдік стандарттарға сай салынған мұражайды меймандар жоғары бағалап отыр.
Нұрхат Иманқұлова, «Қырғызстан Мемлекеттік Тарихы» мұражайының бас сақтаушысы:
Музей өзінің көркімен ерекше таңғалдырды. Мен Азия аумағында осындай музейді бірінші рет көріп тұрмын. Барлық залдары ең соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Біз осы мұражайдан көрген-білгендерімізді өзімде іске асырсақ деген ойға келдік.
Чен Цые Жун, Шанхай мұражайының директоры:
Қазақстанға бірінші келуім. Алғашқы сапарым осындай мұражайдың ашылуымен тұспа-тұс келгеніне қуаныштымын. Архитектуралық жағынан көп музейлерге ұқсай бермейді. Керемет мұражай салып берген Президенттеріңізге рахмет.
Тарихты түгендеу, құндылықтарды қастерлеу, барымызды бағалау - міндет. Осы мақсатта салынған Ұлттық музейдің сәні өзгеше рухты сездіреді. Елбасы Түркістаннан арнайы әкелінген қыш кітапқа «Рухы биік халықтың іргесі берік» деген тілегін жазып қалдырды. Бұл жақсылықтардың барлығы халық үшін. Астанада бой көтергенімен бұл кешендердің игілігін, жақсылығын күллі қазақ жұрты, әсіресе жастары көреді.
Гүлжан МАРҚАБАЙ