Елбасы туралы замандастары не дейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы туралы замандастары не дейді?

06.07.2014
Елбасы туралы замандастары не дейді?

Ғафу Қайырбековтің Елбасыға жыр арнағанын білетін боларсыздар. «Сынға түскен екіұдай тұста мына, Қарамайды ол бақытқа, бас қамына. Лайық ол, байқасаң, қазақ түгіл, Әлемді де әдемі басқаруға!»,-деп жазған.

Біздің алып-қосарымыз жоқ. Ақын бір шумақпен ажарлы теңеу ғана емес, көрегендік айтты. «Әлемді де әдемі басқаруға» дегенде ақын Елбасының алар асулары мен шығар шыңдарын сезініп, сеніп жазған екен.

Нұрсұлтан Назарбаев. Сұңғыла саясаткер. Қажырлы қайраткер. Елін сүйген ер. Ұлтының дәстүрін дәріптеп, өнерін сүйген ұл. Беу. Жалпы, Президент әуелден ән мен жырға әуес. Көңілінің хошы келгенде, осылай қара домбыраны қолға алады екен. Ал, қасиеті бөлек Елбасы туралы замандастары не дейді?

Президент! Ол да адам. Ет пен сүйектен жаралған. Тек арқалаған жүгі ауыр. Бейнеті көп. Мың жерден мәртебелі қызмет десек те, жеті жұрттың қамын жеп, бүтін бір елдің тағдырын тәрк етпей, талқанын тауыспай, талай елге дәл қазақтай мемлекеттің барын танытып, таңын шуақты, елін қуатты етуге талмай тер төгу екінің бірінің қолынан келмейді. Ал қазақтың қазіргі лидері дәл осындай тұлға. Оның осы қайраткерлік беделін бүгінде қазақ қана емес, бүкіл әлем мойындайды.

Мақсұт Нәрікбаев, қоғам және мемлекет қайраткері:

Қазіргі Қытайдың басшысы қандай сөз айтты? «Біз Президент Назарбаевтың саяси көрегендігіне таңғаламыз», дейді. Көрдіңіз бе? 92-жылы осы Азия құрлығына байланысты осындай бір қоғамдық құрылымды жасау мәселесін БҰҰ-ның мінберінен Президент Назарбаев ұсынған еді. Ал қазір 20 шақты ел мүше болып отыр, деп Қытайдың бірінші басшысы айтып кетті. Осының өзі меніңше барлығы Елбасымыздың жоғары деңгейде екенінің бірден-бір дәлелі деп есептеймін.

Тәуелсіздік жылдары Елбасының елі үшін жасаған еңбегін екі ауыз сөзбен түю қиын бізге. Алайда, бір дүние анық. Ол – Президенттің атымен қатар аталатын ел ордасы – Астана. 

Мақсұт Нәрікбаев, қоғам және мемлекет қайраткері:

Елге еңбекақы тауып бере алмай отырған кезде, зейнетақысын уақытында төлей алмай жатқан кезде бәленше миллиардты қажет ететін көшіп-қонуды қайтеміз деген сөз болды. Ал бірақ Елбасының көрегендігі сол, осы Астананы экономикалық тұрғыда көтеру арқылы, бүкіл Қазақстанды дамытатын механизмнің бар екендігін біліп отырған. Бір жыл емес, екі жыл емес, үш жылдан кейін бүкіл мемлекетіміздің құрылысы басталды да кетті.

Иә, Астана - қазақтың айбыны. Абыройы. Атақ-даңқы. Ар-ұжданы. Астана әлемдік саясаттың алқасы. Жаһандық үрдістердің арқасы. Астана - он шақты жыл омалып қалған ОБСЕ-нің бойына қан жүгіртіп, Ислам ынтымақтастық ұйымына жан бітірген шаһар. Астана - озық ойдың бастауы. Астана - сарабдал саясаттың көзі, нағыз көшбасшы қаланың өзі.

Уәлихан Қалижан, қоғам қайраткері:

Қазір Астана тек қана Орталық Азия мемлекеттері үшін ғана қажет емес, қазір бүкіл Шығыс Азия, Еуропа Қазақстанға назар аударып отыр және Назарбаевпен санасады, Назарбаевпен ақылдасады.

Елбасының ерекше қасиеттері өте көп. Соның бірі өз ұлтының өнеріне, мәдениетіне, әдебиетіне деген махаббаты. Содан да болар, Президент әр кез сөзге шешен, істе көсем. Танымы тұңғиық, түсінігі терең, талғамы таза, пайымы парасатты жан. Білетіндер әсіресе, Елбасының табан астынан тауып толғайтынына таңғалады.

Уәлихан Қалижан, қоғам қайраткері:

Теңгенің енді шыға бастаған кезі. Өзі қазақ, рухы орыс журналист сұрақ қойды. «Нұрсұлтан Әбішұлы, қазақта теңге деген сөз жоқ қой. Неғып оны теңге деп жатырсыз. Одан да сол рубль аймағында қала бермейміз бе», деп. Сонда Назарбаев жұлып алғандай:  «Әй, айналайын, сенің қазақтың эпостарынан хабарың бар ма?! Сен «Айман-Шолпанды» оқыдың ба? Егер сол «Айман-Шолпанды» оқысаң мынандай жолдар бар емес пе?! «Базарда теңге болсаң, пұл боларсың, Көтекеңнің айтқаны рас болса, қолыма су құятын күң боласың», дейді. Сол бір ауыз сөзбен сол жерде Президент бүкіл мәселені шешіп жіберді.

«Нұрсұлтан Назарбаев - жастайынан зерек, ортасынан озық тұратын тұлға. Еңбекке де ерте араласып, елдегі үлкендерге қолқабыс қылудан ешқашан аянбаған. Ең бастысы, ағайынға орман, достыққа қорған, «мені» кем, алды кең азамат»,-дейді замандас досы Сәдуақас аға.

Сәдуақас Есімбай, Президенттің сыныптас досы:

Досқа деген ниеті өте жоғары болатын. Мен әкем соғыстан келмей, жетім болып өскеннен кейін мен үй салдым. Сол үйге ол Украинадан келіп, балшығын көтеріп, әкесі мен шешесі жәрдемдесіп, маған үй салып берген. Сол үй қазірге дейін бар. Нұрсұлтанның салған үйі дейді.

Нұрсұлтан Назарбаев жастығында досына үй салып берсе, есейе келе еңбекқорлығы мен қажыр-қайратының арқасында қазаққа тәуелсіз шаңырақ көтеріп берді.

Айналасындағы алпауыттармен араздаспай-ақ, тәуелсіз елдің шекарасын шегендеді. Жанамын деген жасқа от беріп, шетелде оқытты. Туған елінің тұрмысын түзеп, еңсесін тіктеп, керегесін кең, терезесін өзгелермен тең етті. Бұл Назарбаев төккен тердің біз тілге тиек еткен бір тамшысы ғана.  

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу