Астанада Еуразиялық медиа форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Еуразиялық медиа форум өтті

27.04.2014
Астанада Еуразиялық медиа форум өтті
Осы аптаның айтулы оқиғаларының бірі - медиа-форум. Жылма-жыл жазғытұрым жаһанның және өңірдің есіп те кесіп те сөйлейтін шешендері, саясаткерлері мен беймаза қауым журналистер Астанаға жиылып, қанжар жүзіндей өткір деген мәселелерді әбден талқылайды.
 
Медиа форумның мәртебесін меймандарына қарап анықтауға болады. Олардың арасында Израильдің бұрынғы премьер-министрі – Эхуд Барак, МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы – Мұхамед әл-Барадей, телеөнердің жілігін шағып, майын ішкен маман – Владимир Познер бар.
 
Бұған дейін медиа форум он бір рет өткен. Яғни, сол он бір жылда форум байсалды ой-пікірлер алаңына айналды. Биыл да дәстүр сақталды. Әлемді алаңдатқан Украина дағдарысы, Таяу Шығыс түйткілі соңғы жылдардағы түрлі-түсті төңкерістер секілді мәселелер форумда әбден талқыланды.
 
Былтыр медиа-форумға 46 мемлекеттен 600 делегат қатысқан. Ал, биылғы форумға 62 мемлекеттен 700 адам келді. Ал, форумның 12 жылдың тарихында төрткүл дүниенің 60-тан астам елінен 5 мыңнан астам сарапшы, саясаткер, журналист және қоғам қайраткері орамды ойлары мен ұтымды ұсыныстарын айтыпты. 
 
Медиа форум журналистер топтасып, қызыл сөздің көрігін қыздыратын қатардағы жиын емес. Медиа форум - саясат сахнасында салмақты орны бар тұлғалардың бас қосып, әлемнің даму бағытына шынайы баға беретін, пайымды пікірлердің тоғысып, пісіп-жетілетін ортасы.
 
Форумның ашылу рәсімінің сөз ұстары, белгілі тележүргізуші әрі продюсер Риз Хан медиа форумды балалықпен қоштасқан, ақылы толысқан бозбалаға теңеді. Енді, медиа форумға артылатын жүк те ауырлай түспек.
 
Риз Хан, форум модераторы, халықаралық журналист:
Бүгінгі медиа айдында Батыстың ақпарат құралдары үстемдік құрады деген пікір бар. Мен мұнымен келіспеймін. Мен 12 жыл бойы осы жиынның басы-қасында жүрмін. Еуразиялық медиа форум әр елдің ақпарат айдынында ұстанған өзіндік саясаты мен көзқарасын ашық білдіруіне мол мүмкіндік туғызып отыр.
 
Ядролық «ойынға» қашан нүкте қойылады? Өткір мәселе форумның алғашқы күні ортаға тасталды. АҚШ Конгресі Өкілдері палатасының экс-спикері Ньют Гингрич «Егер Иран ядролық қарудан бас тартпаса, АҚШ өте қатал санкциялар қабылауы мүмкін» деген мәлімдеме жасады.
 
Ал, өз кезегінде Иранның Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Иранда ешқашан әскери мақсатта ядролық бағдарлама болмағанын және болмайтынын кесіп айтты.
 
Сейед Мұхаммед Казим Саджапур, Иран Сыртқы істер министрінің кеңесшісі:
Иранның ядролық бағдарламасын дүниежүзілік проблема деп көрсету дұрыс емес. Иран мәселесінің тым саясиланып кеткендігі соншалық, бұл миллиондаған азаматтың өміріне кері әсер етуде. АҚШ Иранға қарсы әскери күш көрсетсе, әрине Иран тиісінше жауап қайтаруға әзір. Өзгелер бұл мәселеге қатысты біздің осы ойымызбен санасса екен дейміз.
 
Таяу Шығыс түйіні тарқай ма? Сириядағы соғыс өртін өршітіп отырған кімдер? Бұл ретте ойын ортаға салған Израильдің бұрынғы премьер-министрі Эхуд Барак «Таяу Шығыстағы дағдарыстың негізгі көзі Израиль мен Палестина арасындағы тартыс», деп санаймын деді.
 
Эхуд Барак, Израильдің бұрынғы премьер-министрі:
Бұл мәселені шешетін кез жетті. Бірақ, бұл біздің проблемамыздың бір ұшығы ғана. Сондай-ақ, мен Ресей мен Сирия проблемасының да шешілгенін қалар едім. Мен премьер-министр болып тұрған кезде Сириямен келіссөздер жүргізіп, екі елдің арасында бейбіт қатынас орнатуға талай рет тырыстым. Өкінішке қарай, біздің ұсынысымыздан ешқандай нәтиже шықпады. Біз бейбіт келісімге келуге дайындалуымыз керек.
 
Еуразиялық форумның екінші күні Украинадағы ушыққан ахуал, Қырымдағы күйзеліс сөз болды. Грузия Өнеркәсіпшілер партиясының төрағасы Леван Пирвели кезінде Грузияда болған жағдай мен Украинадағы қазіргі саяси дағдарысты салыстыра келіп, «Елдегі ахуалдың нашарлауына бірнеше олигархиялық топтардың ықпалы болуы мүмкін» деді. Форумда Украинаның Еуразиялық одаққа қосылу мүмкіндігі достастық елдерінің назарынан тыс қалмайтындығы да айтылды.
 
Дмитрий Полонский, Қырым Республикасының Ақпарат және бұқаралық коммуникация министрі:
Украина халқы енді ары қарай қалай өмір сүретінін, қандай жол таңдайтынын өздері шешуі керек. Оған Ресей де, Батыс та барлық жағдайды жасауы тиіс. Меніңше, ең тиімді шешім - федерализация. Себебі, өңірлер ең алдымен экономикалық еркіндік алуы тиіс.
 
Әлемнің назары бүгін-ертең қазығы қағылатын Еуразиялық экономикалық одаққа ауды. Ұйым «экономикалық төңкеріс» жасай ала ма, болашағы қандай болмақ? Болашақта бұл ұйымның қатары Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанды қоспағанда, Армения, Әзірбайжан, Түркия елдерімен толығуы әбден мүмкін деген пікір талас тудырды. Бірақ, форумға қатысқан аталған елдердің өкілдері одаққа кіруге асықпайтындарын жеткізді. Дегенмен, экономикалық интеграцияның игілігін жоққа да шығармады.
 
Владимир Лепехин, ЕурАзЭҚ институтының бас директоры:
Еуразиялық интеграция өз қарамағындағы елдер арасында өзара сауда айналымын реттеудегі тегеурінді, қуатты қауымдастық болады деген ойдамын. Бұл уақыт қажеттілігінен және заман талабынан туындап келе жатқан дүние.
 
Форум өткен екі күнде елорда сан-алуан пікірдің алаңына айналды. 12-ші Еуразиялық медиа форумның жабылу салтанатында сөз алған Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева жиында қаралған әр тақырыптың маңызды екенін айтты. Алыс-жақын шетелдерден келген меймандарға алғыс білдірді.
 
Дариға Назарбаева, Еуразиялық медиа форумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы:
Менің ойымша жиын өте жемісті болды. Кезек күттірмейтін өзекті мәселелер талқыланды. Осы екі күн ішінде болған талқылаулар мен пікірталастар өте өзекті әрі қызықты. Пікірсайысқа қатысқандар шынайы пікірлерін жеткізді. Кей жағдайда, тіпті эмоция жарқырап көрінді. Алайда, ешкім де шектен шығып кеткен жоқ.
 
«Форумның «еуразиялық» деп атағаны ол шеңберден шығып кеткелі қашан. Былтыр бұл шараға 46 елден 600 делегат қатысса, биылғы форумға 62 мемлекеттен 700 делегат келді.
 
Жиынға бұрын-соңды осынша көп адам қатысуға өтініш білдірмепті. Келелі жиын келесі жылы да дәстүрлі жалғасын табады. Демек, келер жылдың көктемінде Астана бұдан да салмақты ой-пікірлердің алаңына айналады.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ

Хабарламаларға жазылу