2015 жыл - «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2015 жыл - «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды

20.04.2014
2015 жыл - «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды
Ынтымақ, бірлік, келісім - ең асыл іс ел үшін! Бұл Қазақ елінің азаттық алғалы бергі ұраны. Келер, 2015-ші жыл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жарияланды.
 
Президент бұл шешімін «Қазақстан-2050» стратегиясы: татулық және рухани келісім мәдениеті» деп аталған - Ассамблеяның XXI сессиясында жария қылды. Яғни, Үкімет Ассамблеямен бірлесіп, ұлттық іс-шаралар жоспарын әзірлейді, сондай-ақ, Астана қаласында Қазақстан халқы форумын ұйымдастырмақ. Бұл да Президенттің тапсырмасы.
 
Сондай-ақ, 2015 жылды елордада «Астана - татулық пен келісім қаласы» атты ұранмен, еліміздегі этномәдени бірлестіктердің барлығы арнайы шаралар ұйымдастырмақ. Тағы бір тапсырма Алматыдағы Достық үйінің базасында Ассамблея қызметін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекеме құрылмақ. Хош.
 
Алқалы жиында арнайы үндеу қабылданды! Онда Ассамблея елдегі бiрлiкті, тұрақтылықты нығайтуға, экстремизмге, надандыққа және зорлық-зомбылыққа бірлге қарсы тұруға шақырған.
 
Шаңырағың шайқалмасын десең, жеті жүкті көтере біл, бес шындықты мойындап әрекет қыл.   Өйткені, жеті мен бес елдегі ұйыған тірліктің тірегі. Ендеше Қазақстан халқы Ассамблеясының   бас жиынында Президент атаған жеті тұғырды тарқатып көрелік.
 
Алдымен аталғаны - тұрақтылық пен келісім ол әкімдердің күнделікті ұраны, жұмысы, міндеті! Бұл екі ұғымға сына қағып, сызат түсіретін кез келген оқиға түбегейлі де түбірлі түрде жойылады. Тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік санатына қарап кемсітуге жол жоқ.  
 
Екіншісі - экономикалық өсімге кім-кімде жауапты. Кез келген салада тағы да   түрі мен тіліне қарамай білікті маман жұмыс істей алады. Үшінші - тіл. Мемлекеттің тілі қазақтың тілі, орыс тілі ресми тіл, өзге ұлыстардың да тіліне, дәстүр-салтына қатысты түртпектеуге жол жоқ. Ал, төртінші - дін!
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ислам діні әу баста Жаратушымыздан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дейін дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленген. Ата-бабаларымыздан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айырылуға бүгінгі буынның еш хақысы жоқ. Сондықтан, мен қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерін, әрбір қазақты ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын.
 
Бесінші еңбек. Еңбек, жауапкершілік, тәртіп қана - бізді озық отыздың санатына жетелейді, деді Президент. Алтыншы тірек - мәдениет. Мәдениет те жаһанданды қазір. Дегенмен, барлық ұлыстардың мәдениеті өз ерекшелігіне сай дамып келеді. Кедергі жоқ. Кедергі болмайды. Ал, жетінші қазына -Ассамблея деп тізімді түгендеп қоялық. Осы жетеуі келіскен жерде - тыныштық бар. Қазақтың көксегені де осы.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл - бейбітшілік мәдениеті мен келісімнің іргетасы. Ассамблея - бұл барлық азаматтардың қалауы ескерілетін жалпыхалықтық сипаттағы инновациялық модель. Біздің жас демократиямыздың сәтті құралы.
 
Енді - бес шындық жөнінде. Президент алдымен Украинадағы ахуалға тоқталды.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз, қазақстандықтар украин халқы үшін алаңдаймыз, украин қоғамында тезірек бірлік пен тұрақтылық орнайды деп, бауырластық үмітімізді білдіреміз. Біз украин халқы сырттан ешкімнің араласуынсыз өз ішкі мәселесін өздері реттеуі тиіс екеніне сенімдіміз. Барлық мәселелер   бейбіт келіссөздер арқылы реттелеріне сенімдіміз.
 
21-ші ғасыр таңған бес ақиқат бар. Біріншісі - тұрақты экономика. Ол  тұрақты қоғам мен тұрақты тіршіліктің айғағы. Екіншісі – тәуелсіздік. Ол елдің Конституциясы мен заңдарын сол мемлекет азматтары сақтағанда ғана мәңгілік.
 
Үшіншісі -  этносаралық қарым-қатынас, азаматтық теңдік мәселелері, тіл саясаты секілді тым әсерлі мәселелер саяси ойындардың тақырыбына айналмауы тиіс, деді Мемлекет басшысы. Расында, адамның - ұлты, тілі, діні ең нәзік мәселе екенін есті жан түсінеді.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл мемлекет үшін қауіпті, халық үшін, адам үшін қауіпті. Сондықтан, барлығымыз түсінетін бір мәселе - шовинизм мен ұлтшылдық - түбі әсіреұлтшылдық. Олардың арасы тым жұқа жіп бөліп тұр, аттап өту өте оңай. Сондықтан, мен осыны ылғи айтып, естеріңізге саламын.
 
Президент зұлмат жылдарды да еске алды. Миллиондар қырылған қан майдан әр буынға сабақ.   
 
Төртіншісі - біз күнде айтып жүрген интеграциялық процестер. Жаһанда 300-ге тарта ынтымақтастық   құрылымдар бар, Қазақстан-Беларусь-Ресей үштігінің одағы да сондай бірліктердің бірі болмақ. Томаға-тұйық отырған ел өспейді де, өнбейді. Бұл да осы ғасырдың шындығы.
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең дамыған елдердің барлығы да бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетіп отыр. Бүкіл адамзат жаһандану  жолымен дамып жатыр. Оған қарсы тұру емес, оның ішіне енуіміз керек. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жабу - дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше нығайта түседі.
 
Бесінші қысқа күнде қырық құбылған жаһанның беті жаман. Халықаралық қатынастар дағдарды. Ядролық державалар бір-біріне қоқан-лоққы жасауға айналды. Мұндай қылықтар соңғы жиырма жылдан аса жүргізілген жойқын қаруды таратпау жөніндегі келіссөздерді қағаз жүзінде ғана қалдырды.
 
Міне, осындай кезеңде бірлік, ынтымақ, татулық керек. Ал, оған берік қаңқа болатын ассамблея секілді құрылым. Сондықтан, 2015-ші жыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы болып жарияланды. Елімізде келер жылы   Ассамблея жылы мен Конституцияның 20 жылдық мерейтойы арнайы атап өтіледі. Астанада Қазақстан халқының форумы да ұйымдастырылатын болды.
 
Икрам Хашимжанов, өзбек драма театрының директоры:
Рухы биік халық қана игі істерді атқара алады. Қазақстандықтар - қазақ халқының жанына шоғырланған этностар алдына қойған мақсаттарға жете алады. Себебі, мақсат бір. 
 
Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» деп аталатын - жүлдесі бар.   Арнайы алтын медаль татулық пен бірлікті ту еткен, үлгі етуге лайық ерлік іс тындырған азаматқа тапсырылады. Биыл жүлдегерлердің қатарында   12 баланың өмірін ажалдан арашалып қалған Бейсетай Дәуренбеков бар. Араға қырық   жыл салып, ердің  еңбегі еленді. Президент кеудесіне медаль таққандардың қатарына халық әртісі   Лаки Кесоглу бар.
 
Ал, Сочиде өткен ақ Олимпиадада қазақ құрамысының   қоржынына қоладан жүлде   салған   Денис Теннің кеудесіне  Президент «Құрмет» орденін тақты. Бұл  жаһандық   спорт   додасында елдің абыройын асқақтатқан   жігерлі жастың ерлігіне берілген лайықты баға.
 
Ал, жеңімпаз өрен   Мемлекет басшысына ендігі жүлде тек алтыннан болады,  деп уәде етті.
 
Денис Тен, «Құрмет» орденінің иегері:
Елбасының қолынан орден алдым. Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың спорттағы жетістіктерімді ескеріп, үнемі бізді назарда ұстайтыны мені ерекше қуантады. Бүгінгі күн мені сөзсіз қанаттандырды, жаңа белестерді бағындыруға жол ашты. Жеңісті күндер алда деп сендіргім келеді.
 
Биыл     ассамблея мүшелері    сессияға 21-ші рет жиналды. Әр жиынның  өз күн тәртібі бар. Бұл жолы делегаттар, ассамблея мүшелері «Қазақстан-2050 стратегиясы»: Бейбітшілік, руханият, және келісім мәдениеті» деген айдарды күн тәртібіне шығарды.
 
Осы тақырыпты тарқата отырып, бірлескен үндеу қабылдады. Ол құжатта - біздің бәрімізді бір болашақ күтіп тұр делінген. Қазақ та, қазақ бауырына  тартқан басқа көп ұлттың да көксеген мұраты біреу. Ол - тыныштық. Татулық пен тыныштықты жолдас еткен елдің ұйқысы тыныш, болашағы баянды.
 
Жайнагүл ТӨЛЕМІС

Хабарламаларға жазылу