Қызылсу елді әбігерге салуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылсу елді әбігерге салуда

16.03.2014
Қызылсу елді әбігерге салуда
Қыстың қаһары қайтты. Көктем де жетті. Күпімізді тастасақ екен, жеңіл киінуді бастасақ екен деп, біз пенде бұл ұзынсарыны асыға күтеміз.
 
Бірақ, Божко басқаратын Төтенше жағдайлар министрлігі ғана ,оншалықты қуана қоймайды. Жыл мезгілдерінің осынау ат алмастыратын уақытында құтқарушылардың түн ұйқылары төрт бөлінеді, өйткені. Биыл да солай. 
 
Қар жылдағыдан қалың түсті, яғни сел жүру қаупі күшті. Күннің көзі жылт етіп еді, бүгінде ақ ұлпа табаға түскен тоң майдай еріп жатыр, жылға-жылғаны суға толтырды.
 
Ал, күннің күрт жылынуына жауын-шашын қосылса, жығылған үстіне жұдырық дей беріңіз. Біраз өзен-сулар арнасынан асып кетуі мүмкін, айналысындағы ауылдарды басып кетуі мүмкін.
 
Бұрын көктемгі тасқын арқырап-сарқырап қояды деп, соншалықты мән бере қоймаушы ек, Қызылағаш апатынан кейін судың тілсіз жау екенін мықтап түсінгендейміз. Отпен ғана емес, сумен де ойнауға болмайтынын білдік.
 
Қазір де алты ай қыс қармен алысып шыққан ағайын енді суға кетпеудің қарекетіне кірісіп, тал қармап жатыр. Қандайда бір қатерге тас-түйін дайын отыр. Төтенше жағдай қызметкерлері де «аттан» деген күні атқа қонбақ үшін ер-тоқымдарын жастанып ұйықтайтын болған.
 
Ал, күн райының қас-қабағын баққан, еліміздегі бірден-бір ресми жұлдызшы «Қазгидромедтің» айтуына қарағанда, көктемгі арпалыс әлі алда.
 
Көктем, көкте күн нұрын төккен, жер жібіді. Еріген қар ептеп елді әбігерге салып жатыр енді. Оңтүстік Қазақстан облысы. Ақпанның алтысы. Арыс ауданы, Байырқұм ауылы. Түн ішінде Сырдария тасып, тебіндегі жылқы, өзге де мал мұз болып қатты.
 
Ыбрахым Әбдімұсаев, Байырқұм ауылының тұрғыны:
112-ге хабарластық. Техникамыз жоқ деп, ешкім келмеді.
 
Ауыл айтады: алпыс бас мал мұз астында қатып қалды. Болар іс болды, қазір тоғайды жұрт өлекседен тазартып жатыр. Мал ашуы, жан ашуы! Кінәліні іздеп, кіжінгендер көп. Бірақ, облыстың төтенше жағдайлар қызметі Сырдария қаупін бір емес, сан рет ескерттік, дейді.
 
Ерғали Бахаев, ОҚО ТЖД бөлім басшысы:
Байырқұм ауылында малым қалды, малды шығармады деген әңгімелер айтылып жатыр. Малды шығару Төтенше жағдайлар департаментінің құзырына жатпайды.
 
Бірі ескерттік деді, бірі естімедік деді. Ақыры ауыл тұрғындарының мал шығыны өтелмейтін болды. Бұлар мал қайғы деп жатқанда, Қызылордадағы жұрт жан қайғы десті.
 
Жаңақорған ауданы. 24 ақпан. Аудан орталығын су басты. Жыл сайын жұрт Сыр суынан кәдімгідей сақтанатын. Биыл дария суына қардың қызылсуы қосылды, жаңбыр еселеді. Соңы түсінікті, су бүкіл кентті басып қалды. Көшеге шығу мұң болды.
 
Феруза Әміртағаева, зейнеткер:
Алақандай Жаңақорған, бір көшені дұрыстап ұстап тұра алмайды. Жердің бәрі көл-дария. Әйтеуір, тамның ішінде жанымызды Алла сақтасын деп отырмыз.
 
Әйел, бала-шаға үй ішінде жан сақтаса, еркек атаулы көшеде қапқа құм толтырып, әр адам өз баспанасының айналасын бекітті.
 
17 техника жұмысқа жұмылдырылғанымен, тасқын суды ауыздықтау қиын болды. Аудан орталығынан бөлек, Бірлік ауылын да су шайып кетеді деген қауіп болды.
 
Мамандар тауда әлі мұздың көп екенін айтады. Сондықтан, қазір қатып тұрған мұз ертең күн қайта жылынса, мол суға айналады. Судан зақымданған үй саны 50-ге жетті. Соның бірі - Жәнібек Тоқбатыровтың баспанасы. Былтыр ғана салған тұрғын жайының қабырғасына сызат түсіп, іргетасы мүжіліп қалды.
 
Жәнібек Тоқбатыров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
Мұндай болады деп еш ойлаған жоқпыз. Су іргетастың жартысына дейін көтерілді. Тұруға мүмкіншілік жоқ. Құдықтан су іше алмай жатырмыз.
 
Ал Жамаладин қарияның мал қорасы құлап қалды. Төрт түлікті күнкөріс көзі етіп отырған оның отбасы үшін бұл айтарлықтай шығын. Бірақ, мал-жанның аман қалғанына шүкіршілік етеді. 
 
Жамаладин Әбілбашаров, Жаңақорған ауданының тұрғыны:
Алдымен, үйдегі бала-шағаны шығардым, онан қайтып айналып келіп, малымды шығардым, оны жолдың арғы бетіндегі көршінің қорасына байладым. Аулада су кіргізбеу әрекеттерін жасап жүргенде, таудан келген су бой берсін бе? Мынау, көргендеріңіздей. Қопарылып, жарылып кетті, қолдан ештеңе келмеді.
 
Осы жағдайлардан үйі су астында қалған азаматтарға тиісті көмек көрсетіледі. Арнайы құрылған комиссия шығынды есептеп, апатты үйлер тізімі жасалды. 30 үйдің ауласына су кірген, 10 шақты үй жөндеуді қажет етсе, екі үй апатты жағдайда деп танылды.
 
Қырымбек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі:
Тезірек қаражатын есептеп, актілермен заңға сәйкес, талабына сәйкес ұсыныстарыңызды жіберіңіздер, тиісті көмек көрсетіледі. Екі үйді су басып кеткен. Ішінде мүгедегі бар екен, оған бюджеттен тыс мүмкіндіктерді пайдалана отырып, тиісті көмек жасалсын. Біз де актімен бәрін бітіргеннен кейін заңның талабына сәйкес ұсыныстар берсеңіз, қанша қаражат керек, бәрін қарастырамыз. Ол мәселе бойынша облыстан көмек көрсетіледі.
 
Қазір жағдай біршама қалыпқа келді. Синоптиктер наурыз айында Жаңақорған ауданында ауаның температурасы 15,20 градусқа дейін жылиды және жауын-шашын мол болады деген болжам айтуда. Ал бұл жағдайды тағы да күрделендіріп жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан да, сақтық шаралары онан әрі күшейтілуде.
 
Әділхан Қарлыханов, Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы:
Келешекте мұндай жағдайды болдырмас үшін жоғарғы жақтан, таудың беткейінен келетін суды, басқа арнаға бұру керек. Сол  жұмыстар жасалып жатыр.
 
Тасқын судың әлегі мен сақтық шаралары апта барысында Үкімет отырысында да талқыланды. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Оңтүстік аймақтарда қауіптің бар екенін ашық айтты.
 
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Ақтөбе, Қостанайда биыл қар көп жауды. Ақмола мен Қарағанды облыстарының бірқатар жерлері де бізді алаңдатып отыр. Алматы облысының таулы алқаптарына биыл қар молынан түсті. Сондықтан, бұл аймақтарға бақылау күшейтілді. Арнайы құрылымдарға ескертіліп, сақтық шаралары қолға алынды.
 
Төтенше жағдайлар министрлігі ол жақтарға қосымша техника аттандырмақ. Премьер-Министр жергілікті әкімдерге жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Су басқан Оңтүстік пен Қызылорда облыстарынан өзге қауіп төндірер бірқатар аймақ бар. 
 
Нұрсәуле Қуандықова, жетекші инженер-синоптик:
Апатты аймақтар деп тек батыс және оңтүстіктің аймақтарын және де Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының таулы аймақтарын айтуымызға болады. Өйткені бұл жақтарда қыс ұзағырақ және қардың түсу мөлшері жылдағыдан көбірек болды. Қызылорда облысында қар қалың түсті. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында да қардың мөлшері жылдағыдан көбірек. Ол аймақтар қазірдің өзінде апатты аймақтар болып саналады.
 
Күн күрт жылынып кетпесе, көктемнен де ың-шыңсыз шығып кетеміз. Ал қауіпті аймақ басшылары әлден қауіпсіздікті күшейтіп, тас-түйін дайын отыр. Синоптиктер көктем наурыздың ортасынан ауғанда келеді, дейді. Сәуір болмай, тәуір болмақ емес. Оғанға дейін ескі ескертпені ептеп бұрмалап, «қауіп жоқ деме, қар астында», дейік.
 
Айнұр ОМАР  

Хабарламаларға жазылу