Мемлекет басшысы бірнеше лауазымды тұлғаны қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы бірнеше лауазымды тұлғаны қабылдады

02.03.2014
Мемлекет басшысы бірнеше лауазымды тұлғаны қабылдады

Осы аптада Мемлекет басшысы біраз шенеунікті қабылдады. Алғашқысы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы М.Оспанов. Президент оған монополистердің тарифті өсіру арқылы алған қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауды тапсырды.

 
Оспановтың айтуынша, қазір монополистердің инвестициясы өскен, бұл қаражатты олар саланы жаңғыртуға жұмсап жатыр. Тозған желілер ауыстырылып, ысырап азайды.
 
Президент Астананың әкімі Иманғали Тасмағамбетовті де қабылдады. Әкім биыл оқушылары 3 ауысымда оқитын елордалық мектептер проблемасы түбегейлі шешілетінін айтты. Алдағы 6 жылда бас шаһарда тағы 100 мектепке дейінгі мекеме салынады.
 
Әкім Мемлекет басшысына қаладағы тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың құрылысы және елорданың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары жөнінде де баяндады. Қала әкімінің алдындағы ендігі міндет - елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қаланың қолайлылығы мен жайлылығын арттыруға бағытталған дамыту жобаларын одан әрі іске асыру
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Енді осыны ары қарай жалғастырып, іші-сыртын жөндеп, халықтың тұрмысына қолайлы жағдай жасап, EXPO-ға дайындалуымыз керек.
 
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
Былтыр 1 миллион 100 мың шаршы метр тұрғын-үй салдық. Жал сайын қала дамып жатыр, соған сәйкес халықтың келуі де артуда. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, 3 ауысымдық мектептердің мәселесі биыл толықтай шешіледі.

Осы сейсенбіде Мәжіліс төрағасы да Президенттің қабылдауында болды. Н.Нығматулиннің айтуынша, V шақырылымдағы Парламент барлығы 255 заң жобасын қабылдаған. Қазір Мәжілістің қоржынында 60 заң жобасы қаралып жатыр. Нығматулин сондай-ақ, Жолдауды түсіндіру үшін депутаттардың өңірлерге барып қайтқаны туралы да баяндады.

 

Отандық нарыққа көлік саласындағы ірі компаниялардың бірі «Бомбардье» келмек. Бұл алыптың көмегімен елімізде тағы бір әуе компаниясы құрылады. Осы компанияның президенті Пьер Бодуэн де Ақордада болды. Кездесуде компанияның Қазақстандағы қызметін дамыту жайы сөз болды. 
Мейіржан ӘЛІБЕК

Хабарламаларға жазылу